Алдағы тартыс тіптен қызық болмақ

26.07.2011, 19:19
Алдағы тартыс тіптен қызық болмақ

Еліміз премьер-лигасының 21-тур ойындарынан соң Талдықорғанның «Жетісуы» көш басына шығып, бұған дейін жеткізбей келген «Астананы» төмен ығыстырды. Біріншіліктің екінші кезеңінде үздік алты ұжымның қатарында өнер көрсетуді күйттейтін «Ордабасы» мен «Тобылдың» өзара бәсекесі де жанкүйер үшін қызық болып отыр. Өткен турда бұл екі команда да ұпай жоғалтты. Бірақ алдағы турда қос қарсылас Қостанайда кездеседі. Тек сол ойынның қорытындысы бойынша ғана қай клубтың үздіктер қатарын толықтырарын білетін боламыз. 21-турда «Астана» футболшылары Шымкентте «Ордабасымен» кездескен еді. Екі команда үшін де дәл қазір әрбір ұпай қымбат. Бірі ел біріншілігінің бас жүлдесінен дәмелі болса, екіншісі алдымен бірінші кезеңнің басты мәселесі-үздік алтылықтың тізімінен түсіп қалмауға мүдделі. Сондықтан Шымкенттегі бәсекенің тартысты өтуі заңдылық еді. Соңғы жеті тур бойы жеңілмей келе жатқан елордалықтар ойын бастала сала-ақ нәтижелі шабуыл ұйымдастыра алды. 4-минутта Нұрбол Жұмасқалиев пен Қайрат Нұрдәулетов өрістеткен шабуылдың нүктесін черногориялық легионер Драган Богавац қойды. Сөйтіп, біраз уақыт Германияның «Майнц» клубында тер төгіп, осы маусымда «Астананың» жейдесін киген жартылай қорғаушы жаңа командасының сапындағы 7-ші голын соқты. Кездесудің 30-минутында алаң иелері өздеріне берілген тамаша мүмкіндікті пайдалана алмай қалды. Пенальтиге себепкер болған Азат Нұрғалиев қақпашымен жекпе-жекке өзі шыққанды қалаған еді. Оны астаналықтар сапындағы Қайрат Нұрдәулетовтің шалып жыққанын айта кетейік. Дегенмен екінші кезең ортасынан ауған тұста жергілікті жанкүйерді қуанышқа бөлеген гол соғылды. Алаң иелері ұйымдастырған шабуылда орталық қорғаушы Александр Трайкович қырағылық танытып, допты ыңғайлы жағдайда тұрған Дәуренбек Тәжімбетовке әдемі жеткізе білді. Өз кезегінде Дәуренбек қателеспей, қақпаның ашық бұрышын дәл көздеді. Есеп: 1:1. 74-минутта шымкенттіктер тағы бір рет пенальти тебу мүмкіндігіне ие болды. Жеңісті жұлып кету үшін дәл бұдан асқан оңтайлы сәт тусын ба? Бірақ «Қырсық бір айналдырса, шыр айналдырады» демекші, он бір метрлік нүктеден бақ сынап көрген Дәуренбек Тәжімбетовтің соққысы тым әлсіз шығып, теңбіл доп Эричтің уысына түсті. Осылайша, екі бірдей пенальтиді кәдеге жарата алмаған «Ордабасы» ойыншылары тең нәтижеге тоқтады. Енді олар «Тобылға» қарсы өтетін аса маңызды ойынға дайындалатын болады. Шымкенттіктер үшін сол кездесуде тең нәтиженің өзі жеткілікті. Бұл күні «Жетісу» Алматыда «Қайратқа» қарсы тұрған еді. Өзбек сұр мергені Ұлықбек Бақаевтың осы ойыннан тыс қалуы талдықорғандық бапкерлерді аздап қобалжытқаны рас. Биылғы біріншілікте 14 гол соғып үлгерген шабуылшы Өзбекстан ұлттық құрамасының сапында 2014 жылы өтетін әлем чемпионатының іріктеу ойынында Қырғызстан командасына қарсы тұрған болатын. Бұл кездесу 4:0 есебімен өзбектердің жеңісімен аяқталып, онда «Жетісудың» өкілі бір гол енгізгенін хабарлап өтсек артық болмас. Расымен де, Ұлықбек Бақаевтың және бұдан сәл бұрын жарақат алып қалған Серікжан Мұжықовтың жоқтығы ойын барысында анық аңғарылды. Кездесудің басында алаң иелері бірнеше мәрте «Жетісу» қақпасын нысанаға алды. Бірақ алдыңғы шептегі Руслан Балтиев те, Константин Головской да нәтижелі соққы жасай алмады. Ойынның 14-минутында «Жетісудың» сербиялық жартылай қорғаушысы Марко Джаловичтің жарақат алып, алаңнан кетуі талдықорғандықтар үшін «Жығылған үстіне жұдырық» болып тиді. Дегенмен кездесудің 30-минутында қонақтар Арунас Климавичюстің арқасында есеп ашып, сол нәтижені матч аяғына дейін сақтап қала алды. «Жетісу» осымен қатарынан төртінші жеңісіне қол жеткізді және 21 кездесуде жинаған 46 ұпайымен бірінші орынға көтерілді. Талдықорғандықтар келесі ойынын өз алаңында «Астанаға» қарсы өткізеді. Биылғы біріншіліктің жүлдесінен үмітті әлдеқашан үзген, енді төменгі топқа түсіп қалмаудың қамын ойлайтын «Восток» пен «Қайсар» бұл турда Өскеменде кездесті. Өткен жолы сырт алаңда «Атырауды» 1:0 есебімен ұтып кеткен «Восток» осы жолы да тәп-тәуір ойын өрнегін көрсетіп, өз жанкүйерлерін қуантып тастады. «Қайсардың» сапында «сары қағаздары» шектеулі межеден асып кеткендіктен Филипп Эдейпо мен Руслан Есатов ойыннан тыс қалды. Әйтсе де «Ордабасының» қатарынан «Қайсарға» ауысқан Иван Перичтің алаңға шығуы өскемендік жанкүйерлерді аздап алаңдатқан да болар. Өйткені серб жігіті шымкенттіктердің намысын қорғай жүріп, өскемендіктерді талай рет қиын жағдайға қалдырған болатын. Сонымен, бұл кездесудің есебі 35- минутта ашылды. Ардагер ойыншы Рафаэль Оразбахтин әріптесі Даниил Николаевқа пас шығарып, ресейлік жас шабуылшы «Қайсар» қақпасын дәл көздеді. Ал ойынның 79-минутында Оразбахтиннің өзі де гол соғу мүмкіндігіне ие болып, есеп айырмасын ұлғайтты. Бұдан соң қорғаныста қырағылық танытқан алаң иелері қатарынан екінші жеңісіне қол жеткізіп, маңызды үш ұпайды еншіледі. Қазіргі уақытта «Восток» пен «Қайсар» турнир кестесінің ең төменгі сатыларын бөлісіп тұр. Өскемендіктер 21 кездесуден кейін 17 ұпай жинаса, қызылордалықтар дәл осыншама ойында 16 ұпай иеленді. 21-турды «Тараз» футболшылары да сәтті өткізді. Олар өз алаңында Қостанайдың «Тобылын» қабылдап, 1:0 есебімен ұтты. Еуропа чемпиондары лигасынан шығып қалған «Тобылдың» бұл жолы да ойыны мандымады. Керісінше, 46-минутта Олег Недашковскийдің гол соғуымен алға шыққан «Тараз» биылғы чемпионаттағы алтыншы жеңісіне ие болып, турнир кестесіндегі жағдайын түзей түсті. «Ақтөбе» мен «Ертіс» арасындағы кездесуде 9 гол соғылып, бұл биылғы біріншіліктегі ең нәтижелі ойын ретінде есте қалатын болды. Бұған дейін әрқайсысында 7 доптан соғылған «Ақтөбе» - «Қайсар» және «Астана» - «Қайрат кездесулері алда тұрған еді. Ақтөбеліктер ойынның 5-минутында Марат Хайруллиннің көмегімен есеп ашты. Одан кейін, 20-минутта Хайруллин бұрыштама добын көтеріп, тағы бір голдың тіркелуіне үлесін қосты. Бұл жолы Роберт Примус нәтижелі соққысымен дараланды. Арада алты минуттай уақыт өткенде Марат Хайруллин үшінші голдың соғылуына да септігін тигізді. Оның сол қанаттан шығарған пасынан кейін доп алдымен қорғаушыларға тиіп, одан соң Еміл Кенжесариевтің аяғынан табылды. Қырғыз футболының түлегі оңтайлы сәтті мүлт жібермей, қақпаны дәл көздеді. Бір минут өтпей жатып қонақтар Глеб Мальцевтің арқасында есеп айырмасын қысқартты. Қазақстан чемпионаттарындағы 300-ші кездесуін өткізген Мұрат Тілешев 53-минутта есеп айырмасын тіптен қысқарта түсті. Бірақ 58-минутта Джилас ақтөбеліктерге тағы бір гол сыйлап, есеп 4:2- ге өзгерді. Футболшылар мұнымен де тоқтамады. Тағы бір сәтте қонақтар тәртіп бұзып, алаң иелері пенальти тебу құқығына ие болды. Он бір метрлік нүктеден Мәлік Мане гол авторы атанды. 83-минутта Мане тағы бір рет мергендік танытып, нәтижені еселей түссе, ойынның нүктесін 90-минутта Еміл Кенжесариев қойды. Есеп 7:2. 30 және 31 шілде күндері өтетін кездесулер биылғы ел біріншілігінің алғашқы кезеңін қорытындылайды. Содан соң командалар алған орындарына байланысты алты-алтыдан екі топқа бөлінеді. Шалқар ЕСТЕН

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×