Еурододадағы 10 жыл

15.07.2011, 18:38
Еурододадағы 10 жыл
Қазақстандық клубтар еурододаның жаңа маусымын бастап та кетті. Нәтижеміз әзірге жаман емес секілді. Еуропа лигасының алғашқы іріктеу кезеңінен қиналмай өттік. Үшінші іріктеу кезеңінен де үміт бар. Ал бұрынғы жылдары қалай еді? Міне, осы сұраққа жауап беру үшін бүгінгі тақырыбымызда клубтарымыздың өткен жылдардағы көрсеткіштеріне көз жүгіртуді жөн көріп отырмыз. Қазақстандық футбол клубтарының кәрі құрлықтағы аладоп аламанында бақ сынап жүргеніне 10 жылға жуықтап қалды. Осы уақыт аралығында біздің ұжымдар толайым табысқа кенеле қоймаса да, азды-көпті жетістіктерге жетті. Бірқатар беделді клубтармен шеберлік байқасты. Тіпті кейбірінен басым түссе, ендігісімен тең дәрежеде ойнай білді. Шеберлік деңгейі өзімен шамалас ұжымдардан жеңіліп, жерге қараған кезіміз де аз болған жоқ. Не керек, еліміздің ұжымдарының ала-құла ойыны ойымызды сан-саққа жүгіртетіні жасырын емес. Қалай десек те, еуро ойындардан футбол десе, ішкен асын жерге қоятын көпшілік ұтыла қойған жоқ. Алдымен Чемпиондар лигасынан бастайық. Бүгінгі күнге дейін айтулы аламанда бар-жоғы төрт клуб ел намысын қорғаған екен. Оның ішінде «Ақтөбенің» орны бөлек. Осы күнге дейін ақтөбеліктер барлығы 12 ойын өткізген. Бесеуінде жанкүйерді желпінтіп, жеңіске жетсе, үш мәрте итжығыс түсіп, төртеуінде қарсыласына есе жіберіп қойды. «Ақтөбе» кәрі құрлыққа жорығын 2006 жылдан бастады. Сол жылы Латвияның «Металлург» ұжымымен қарсылас атанған еді. Жанкүйер ортанқол аталмыш командадан біздің чемпионымыз айласын асырады деп күткен болатын. Өкініштісі, екі кездеудің нәтижесімен Балтық жағалауының өкілдері жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды. Алдымен Латвияда 1:2 есебімен жеңіліс тапқан «Ақтөбе» өз алаңында 1:1 есебімен тең түсті. Ақтөбеліктер бұл бәсекеде араға екі жыл салып, тағы да бақ сынады. Өз алаңында Молдованың «Шерифінен» 1:0 есебімен басым ойнағанымен, қонаққа барғанда 0:4 есебімен жеңіліп, тілеулес жұртты жерге қаратты. 2009 жыл олар үшін сәтті болды деп айта аламыз. Екінші іріктеу кезеңінде Исландияның «Хафнарфьордюр» ұжымымен ойнап, екі кездесуде қарсылас ұжым қақпасына барлығы алты доп соқты, оның төртеуін сырт алаңда енгізді. Үшінші іріктеу кезеңінде «Ақтөбеге» Израильдің «Маккаби» клубы жолықты. Израиль жеріндегі ойында біздің футболшылар алдымен үш доп тоғытқанымен, оны ұстап тұра алған жоқ. Қазақстандық ұжымнан мұндай «тентек» мінезді күтпеген алаң иелері ойын соңына дейін төрт доп енгізіп үлгерді. Ал «Ақтөбедегі» кездесуде қақпа құлпы ашыла қойған жоқ. Өткен жылы да олар осындай жеңісті жолын жалғастыра білді. Грузияның «Олимпи» клубын алдымен 2:0 есебімен жеңіп, одан кейін 1:1 есебімен тең ойнап, жарыстың келесі сатысында тағы да Израиль клубымен шеберлік байқасқан. Сол елдің Тель-Авив қаласының «Хапоэль» клубын өз алаңында 1:0 есебімен жеңгенімен, сырт алаңда 1:3 есебімен ұтылып қалды. 2002 жылы мықтылар бәсекесіне «Астана» клубы қатысқан еді. Молдованың «Ше­рифінен» Тираспольда 1:2 есебімен ұтылған олар елордамызда 3:2 есебімен басым түсті. Одан кейін астаналық клуб бұл жарысқа араға бес жыл салып қайта келді. Грузияның «Олимпиін» Қостанайда 3:0 есебімен жеңіп, Руставиде 0:0 есебімен тең ойнады. Жарыстың келесі сатысында Норвегияның әйгілі «Русенборг» клубынан екі кездесуде де ойсырай жеңілді. Есеп — 1:3, 1:7. 2003 жылы Павлодардың «Ертісі» де Чемпиондар лигасының дәм-тұзын татты. Кипрдің «Омониясымен» сырт алаңда 0:0 есебімен тең ойнағанымен, Павлодарда 1:2 есебімен жеңіліп, жанкүйер көңілінен шыға алмады. Осыдан алты жыл бұрын Алматының «Қайраты» Словакияның «Артмедиясын» Алатау етегінде 2:0 есебімен жеңіп, жергілікті жұртты желпіндіріп қойғанымен, сырт алаңда 1:4 есебімен қарсыласына есе жіберді. Бүгінгі күндері Еуропа лигасы аталатын футбол бәсекесі ол кезеңде УЕФА кубогы еді. 2002 жылы онда «Атырау» мен «Қайрат» ел намысын қорғады. Өкініштісі, екеуі де сәтсіз ойын көрсетті. «Атырау» Словакияның «Матадорымен» Жайық жағасында тең түссе, сырт алаңда жеңілді (0:0, 0:2). «Қайратқа» Сербияның «Црвена Звездасы» жолығып, алматылық ұжым 0:2, 0:3 есебімен жеңіліс тапты. Жалпы, «Атырау» бұл бәсекеге үш рет қатысқан 2003 жылы Болгарияның «Левскиінен» 1:4, 0:2, 2010 жылы Венгрияның ЭТО-сынан 0:2, 0:3 есебімен жеңілген. Ал «Астана» 2003 жылы Чехияның «Виктория Жижков» клубына 0:3, 1:3 есебімен ұтылды. Ал «Қайрат» бұл жарысқа 2006 жылы тағы да қатысты. Бұл жолы Венгрияның «Фехерварын» Алатау бөктерінде 2:1 есебімен жеңгенімен, сырт алаңда 0:1 есебімен жеңіліс тапты. Еуропа лигасы (УЕФА кубогы) ойындарына қатысу жө­нінен «Тобылдың» тәжірибесі мол. Олар 2006 жылы Швейцарияның «Базель» клубымен бәсекелес атанған. Өз алаңында олармен бір-біріне доп соқпай, тең тарасса, Альпі тауының етегінде 1:3 есебімен есе жіберді. Келер жылы «Тобыл» Интертото кубогында бақ сынаған еді. Үш іріктеу кезеңінен сүрінбей өткен ұжымдар УЕФА ойындарына қатысуға мүмкіндік алатын. Қостанайлықтар осындай сатыдан өткен тұңғыш және соңғы клуб болды. Олар Грузияның «Зестафониінен» – 0:2, 3:0, Чехияның «Слованынан» – 2:0, 1:1, Сербияның ОФИ-інен 1:0, 1:0 есебімен ойнап, УЕФА-ның екінші іріктеу кезеңінде Польшаның «Дискоболия» клубымен жолықты. Екі ойында 0:1, 0:2 есебімен жеңіліп, жарыстан шет қалып қойды. 2008 жылы еліміздің бидайлы өңірінің өкілдері Австрияның «Аустрия» клубынан — 0:1, 0:2, 2009 жылы Түркияның «Галатасарайымен» 1:1, 0:2 есептерімен ойнап, екеуінде азулы қарсыластарына жол беріп қойды. Өткен жылы Боснияның ортанқол ұжымы «Зринськиден» қос кездесуде де 1:2 есебімен жеңілді. «Ертіс» те 2009 жылы Венгрияның «Халадаш» клубынан өте алмай, бармақ тістеді. Олар Қарағандыда қарсыластарын 2:1 есебімен тізе бүктірген, өкініштісі, сырт алаңда 0:1 есебімен жеңіліп, мажарлық футболшыларға жол беріп қойды. Сол жылы Көкшетаудың «Оқжетпесі» Еуропа лигасы бәсекесінде бақ сынады. Қызығы, көкшеліктер бұл жолдамаға ойда-жоқта ие болды. Қазақстан футбол федерациясының шешімімен еуропа­лық кубок бәсекелеріне жолдама алған олар Молдованың «Зимбруын» сырт алаңда 2:1 есебімен жеңгенімен, өз алаңында 0:2 есебімен ұтылды. 2008 жылы Алматының «Алматы» ұжымы Словакияның «Вионымен» — 1:1, 1:3, Қарағандының «Шахтері» Вен­грияның «Дебреценінмен» 1:1, 0:1 есебімен ойнап, екеуі де жарысты жалғастырудан шет қалды. Қарағандылықтар келесі жылы Польшаның «Рухынан» 0:1, 1:2 есебімен жеңілді. 2007 жылы «Ақтөбе» Австрияның «Маттерсбург» ұжымымен кездесіп, өз алаңында 1:0 есебімен басым түсіп, сырт алаңда 2:4 есебімен есе жіберіп қойды. Соңғы екі жылда Чемпиондар лигасында сүрінгеннен кейін Еуропа лигасына қатысқан оларға азулы қарсыластар тап болды, 2009 жылы Германияның «Вердерінен» 3:6, 0:2 есебімен жеңілсе, Голландияның АЗ ұжымынан өз алаңында 2:1 есебімен басым түскенімен, қызғалдақты елдің өкілдері өз стадионында біздің қақпаға жауапсыз екі доп соққан еді. Міне, беделді бәсекелер тағы да басталды. Биыл қазақстандық ұжымдар қандай деңгейде ойын көрсете алар екен. Әзірге нәтижеміз жаман емес сияқты. Автор: Әділжан ҮМБЕТ Қызылорда облысы
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×