Еуропаның қола жүлдегерлерімен тең түстік

05.03.2012, 20:31
Еуропаның қола жүлдегерлерімен тең түстік

Қазақстан жастар құрамасы Түркияда Беларусь жастарымен кездесіп, 0:0 есебімен тең түсті. Бұдан бір күн бұрын ұлттық құрамамыз Латвия футболшыларымен дәл осындай есеппен тең түскен. Іле-шала жастарымыз белоруссиялық құрдастарымен додаға түсіп, олар да қарсыластарының қорғанысын бұза алмады. Негізі, Беларусь жастары ТМД елдері арасында беделі бар, деңгейі біршама жоғары құрама болып есептеледі. Керек десеңіз, ТМД тұрмақ, Еуропа жастары арасындағы азулы құрамалардың бірі. Бұл сөздерімізге Еуропа чемпионатының ақтық додасында үш рет бақ сынағандары дәлел бола алады. 2004 және 2009 жылғы Еуропа чемпионаттарында топтық ойындардан аса алмаса, 2011 жылғы Еуропа чемпионатында қола жүлде жеңіп алып, ерен жетістікке қол жеткізген. Әрі олар Еуропа чемпионатының қола жүлдесімен шектеліп қалмай, Лондон Олимпиадасының жолдамасы үшін өткізілген қосымша матчта Чехия жастарын 1:0 есебімен ұтып, төрт жылда бір өтетін дүбірлі додаға қатысу құқығына ие болған. Ал бізге төрткүл дүние спортшылары қатысатын Олимпиада ойындары тұрмақ, екі жылда бір өтетін Еуропа чемпионатына қатысудың өзі мұң болып жүр.

 Десек те, жастарымыз осындай азулы командамен тең түсті. Рас, бұл ойында Беларусь жастарының үздік ойыншыларының бірі болған жоқ. Атап айтқанда, Мәскеудің «Спартагында» өнер көрсететін Дмитрий Хлебосолов Түркияға келе алмапты. Содан соң алдағы күнін ойлап, «жастар құрамасының сапын қандай таланттармен нығайтсам екен» деп жүрген Беларусь жастарының аға жаттықтырушысы Юрий Шуканов бұл жолы жаңадан бірнеше ойыншы шақырған. Сол таланттарын сынақтан өткізуге тырысты.

 Өз кезегінде, Қазақстан құрамасы да бұл ойынға барлық дарынды ойыншыларын шығара алмады. Бауыржан Исламхан ұлттық құрама сапына шақыртылып, латыштарға қарсы 90 минут бойы ойнаса, Елдос Ахметов 45 минут тер төкті. Ал Евгений Левин мен Виктор Дмитренко жарақаттарына байланысты команда құрамынан тыс қалған.

 Грузия төрешілері қазылық еткен түрік жеріндегі ойында Қазақстан жастары белоруссиялық құрдастарына дес берген жоқ. Тіпті бірінші таймның ортасынан бастап, азулы қарсыластарын тықсырып, оқтын-оқтын қауіп төндірумен болды. Өкінішке қарай, Бауыржан Жолшиевтің бірі өзі кем дегенде екі мүмкіндікті мүлт жіберді. Ал белорустар бірінші таймда біздің қақпаны алыстан нысанаға алып көргендері болмаса, жүрегімізді аузымызға тығарлықтай қауіп төндіре алмады.

 Екінші тайм біршама жоғары қарқында өтті. Екі құрама бірінші таймдағыдай бір-бірінің әуселесін бағамдап, 20 минутты аңдысуға сарқ еткен жоқ. Екі команда алма-кезек шабуылдап, бір-бірінің қорғанысын піспектеумен болды. Қазақстан жастары сапынан Жолшиев, Лунин, Щеткин, Хижниченко өз мүмкіндіктерін кәдеге жарата алмай, теңбіл допты қақпаға тоғыта алмай, сан соғып қалды. Белорустар да қарап қалған жоқ. Әсіресе Филипп Иванов ерекше көзге түсті. Бірақ есеп ашылмады. Тартысты өткен матчта есеп ашылмай, таразы басы тең болды. Осы матч барысында Сергей Лисенков пен Абзал Бейсебеков жарақаттанып қалды. Жеңіл-желпі жарақат болғай деп тілейміз.

 Ал енді ойланайықшы. Беларусь жастарымен тең түскенімізді тұшымды нәтиже дейміз бе, жоқ әлде жеңіліске бағалаймыз ба? Бұл елдің жастарының Еуропа чемпионаттарындағы жетістіктерін ескерсек, әрине, тәп-тәуір нәтиже. Ең бастысы, ұтылған жоқпыз. Тіпті жеңіп те кете жаздадық. Ал белорустар бұған қалай қарайды екен? Осы сұраққа жауап іздеп, кеше белоруссиялық сайттардың біразын сүзіп шықтым, бәрі де ойын нәтижесін ғана берген. Менің тапқандарым сол ғана болды, әйтеуір. Артық-ауыс сөз жоқ. «Ойнадық, тең түстік». Болды. Яғни олар бұл нәтижеге разы емес сияқты. Ендеше, біз олардан асып түспесек, ұтылмаған екенбіз. Бұған да шүкір.

 Жалпы, серб маманы Слободана Крчмаревич жаттықтыратын Қазақстан жастар құрамасы – біздің болашағымыз. Қазірдің өзінде осы құрама сапындағы бірнеше ойыншы ұлттық құрама сапына тартылып жүр. Әлі олардың қатары көбейе түсуі керек. Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Мирослав Беранек жалынды жастарға сенім артқанды да ұнатады. Ұлттық құрамамыздың осал тұсына әлеуеті зор жас футболшыны қойып, жас талантты шыңдай түскенді қалайды. Ендеше, бір-екі жылдың ішінде қазір жастар құрамасы сапында жүрген жігіттеріміз ұлттық құрама сапында ел намысын қорғаулары керек. Сол үшін де бізге жастар құрамасының әрбір ойыны маңызды. Әрі бұл құраманың сапында қазақ жастары көп-ақ. Яғни болашағымыз жарқын деуге негіз бар сияқты...

 

Қазақстан – Беларусь – 0:0

Қазақстан: Ткачук, Бейсебеков (Әбдукәрімов, 88), Дәуітов, Горячий, Шомко, Тағыберген (Күнов, 46), Қуат Жолшиев, Хижниченко, Щеткин (Прокопенко, 87), Лисенков (Лунин, 37)

 Қосалқы құрамда: Отарбаев, Мирошниченко, Махамбетов

Беларусь: Войтехович (Щербаков, 46), Кондратьев (Анюкевич, 79), Лебедев, Рахманов (Крук, 27), Кендыш (Савицкий, 68), Левицкий (Селява, 46), Алексиян, Иванов, Скитов, Королюк, Бомбель (Володько, 61).

 Түркия. Белек қаласы. «Топ-Капы» стадионы.

Автор: Нұрғазы САСАЕВ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×