Қазақ жастары Бразилияны бетке алды

05.03.2012, 20:34
Қазақ жастары Бразилияны бетке алды

Ала допты арман еткен тағы бір топ жеткіншегіміз алыстағы Бразилияға оқуға аттанды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жолға қойылған игілікті іс осылайша өз жалғасын тапты. 2009 жылы алғаш рет «Оле Бразил» академиясының табалдырығын аттаған отандастарымыздың бұл күнде қанаттары қатая, шеберліктері толыса түсті. Ендігі кезек олардың ізбасарларында.

Сан-Пауло штатындағы әйгілі оқу орнынан тәлім алған жерлестеріміздің алды әлемнің белді клубтарының бірімен келісімшартқа отырды. Талдықорған топырағынан түлеп ұшқан Рауан Сариевті бұл күнде білмейтін қазақ жанкүйері жоқ. Бразилияның «Атлетико Минейро» клубының қатарын толықтырған ұланымыз тек біздің емес, өзге де елдердегі футбол мамандарының назарын өзіне аудартып отыр. «Қарадомалақ қазақтың ұланы ала допты ұршықша иірген елдің футболында өзін көрсете алар ма екен?» деген сұрақ көптің көкейінде. Өткен күзде оқуын аяқтап қайтқан Рауанның өзге құрдастары да далада қалған жоқ. Олардың он бесі бірден «Астана-64» футбол клубымен келісімшартқа отырды. Яғни олардың алаңдағы аяқ алысы біздің ұдайы назарымызда болады деген сөз. 1997 жылы дүниеге келген жеткіншектеріміз Бразилия елі арқылы шеберліктерін шыңдауға мүмкіндік алып отыр. Нақтырақ айтсақ, еліміздің әр қиырынан іріктеу бойынша тізімге іліккен 26 балғын футболшымыз Пеленің отанына жол алды. Ерекше мүмкіндікке ие болғандардың алтауы - Шымкенттен, төрт-төрттен он екісі Талдықорған, Ақтау мен Тараздан, үш-үштен алтауы Алматы мен Қарағандыдан, екеуі Қостанай мен Атыраудың тумалары. Үш жылды қамтитын оқу үрдісіне мемлекет 83 миллион теңге қаржы бөліп отыр. Қазақ футболының болашағына құйылған инвестиция өз жемісін беретініне сенеміз!

Үміт күткен ұландар: 1. Шыңғысхан Ақласов қақпашы (Талдықорған қ.) 2. Мұқанов Олжас қақпашы (Ақтау қ.) 3. Бекжан Тоқтарбай қақпашы (Шымкент қ.) 4. Айсұлтан Сейдахмет қорғаушы (Талдықорған қ.) 5. Айдар Құснадинов қорғаушы (Ақтау қ.) 6. Руслан Әлімбаев қорғаушы (Қарағанды қ.) 7. Болат Тыныбек қорғаушы (Шымкент қ.) 8. Сергей Комаров қорғаушы (Қарағанды қ.) 9. Әлібек Батырбеков қорғаушы (Талдықорған қ.) 10. Владислав Васильев қорғаушы (Қарағанды қ.) 11. Демият Сіләмбеков жартылай қорғаушы (Алматы қ.) 12. Рүстем Әбдіразақов жартылай қорғаушы (Талдықорған қ.) 13. Мақсат Тәйкенов жартылай қорғаушы (Ақтау қ.) 14. Фарух Мірсәлімбаев жартылай қорғаушы (Тараз қ.) 15. Сейфулин Абай жартылай қорғаушы (Тараз қ.) 16. Мағжан Әбдеш жартылай қорғаушы (Шымкент қ.) 17. Қуаныш Мұханбет жартылай қорғаушы (Шымкент қ.) 18. Едіге Оралбай жартылай қорғаушы (Шымкент қ.) 19. Асхат Садыров жартылай қорғаушы (Тараз қ.) 20. Жасұлан Шубаев жартылай қорғаушы (Қостанай қ.) 21. Данияр Дәулетбаев жартылай қорғаушы (Тараз қ.) 22. Айсабек Сәрсенғалиев шабуылшы (Ақтау қ.) 23. Макуов Айболат шабуылшы (Атырау қ.) 24. Әбілмәнсүр Рашатов шабуылшы (Алматы қ.) 25. Мейіржан Қамбыл шабуылшы (Шымкент қ.) 26. Ерназар Құмар шабуылшы (Алматы қ.) 27. Манар Нүфиев жаттықтырушы 28. Ерік Жанұзақов үйлестіруші, аудармашы. Шалқар ЕСТЕН
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×