Филип ЭДЕЙПО: ҚАЗАҚСТАН ҚҰРАМАСЫНДА ОЙНАҒЫМ КЕЛЕДІ

04.10.2011, 20:51
Филип ЭДЕЙПО: ҚАЗАҚСТАН ҚҰРАМАСЫНДА ОЙНАҒЫМ КЕЛЕДІ
Өткен ғасырда Қазақстан футбол командалары сапында шетелдік аяқ доп шеберлері өнер көрсетеді десе, ешкім сенбес еді. Бразилияның, Португалияның, Испанияның, Уругвайдың, Аргентинаның ойындарын көріп, ауыз ашып, көз жұмып отыратын кез көз алдымда. Алыс шетелді былай қойғанда, ТМД аумағында аталған елдің небір сайыпқыран шеберлері атой салып жүргеніне бүгін ешкім таңқалмайды. Қазақстанда да. Соның бірі – Қызылорданың «Қайсар» командасының жартылай қорғаушысы нигериялық Филип Эдейпо. Бұған дейін Нигерияның «Байелса», Финляндияның РоПС, Қытайдың «Циндао Халивенг», «Шэнян Донг-жин» командаларында, биылдан бастап «Қайсарда» өнер көрсетіп жүрген Нигерия жастар құрамасының белді ойыншысының жалпы Қазақстан жөнінде, еліміздің футболы туралы өзіндік ой-пікірі бар. – Сен ойнап жүрген команда төменгі топқа түсіп қалудың ар жақ-бер жағында тұр. Не істемек ойларыңыз бар? – Ой – біреу-ақ. Ол – премьер-лигада қалу мәселесі. Осы мақсат үшін бүкіл күш-жігерімізді, білік-шеберлігімізді жұмсаймыз. – Шешуші кездесулер алдындағы көңіл-күй қалай? – Өте тамаша! Алдағы ойындарға жан сала дайындалып жатырмыз. Бапкерлер штабы да, біз де аянып қалмаспыз. Өздеріңіз білесіздер, ақтық сын қашан да ауыр. – Бас бапкер Альгимантас Любинскас туралы не айтар едіңіз? – Ол менің әкем секілді. О баста маған өте қиын болды. Өйткені «әу» деп айтар не қазақшам, не орысшам болмады. Құдайға шүкір, келе-келе бейімделіп, қазір ортаға біртіндеп сіңіп келемін. – Ол кісі сенің амплуаңды өзгертуге тура келді дейді. Рас па, рас болса, неге? – Бұл таңқалатын нәрсе емес. Бірақ мен Финляндияда да, Қытайда да оң инсайд ретінде өнер көрсеткен едім. Бұған тәжірибем жетеді деп ойлаймын. – Есіңде ме, маусым басталар алдында «Қытай футболы қазақтың футболына қарағанда жылдам, шалт қимылды» деп айтып қалып едің. Ол пікірің өзгерді ме? – Футболдың стилі сан-қилы, сондықтан мен айтқан сөзді әр түрлі ұғуға болады. Бұл қытай футболына қарағанда, қазақ футболы төмен деңгейде деген сөз емес. Керісінше, сіздің елде өте талантты ойыншылар көп, ондайлар біздің командада да аз кездеспейді. Жастар әлі де өсе түсуі тиіс. Қытайда бір керемет тәжірибе бар. Жергілікті клубтар жолдастық кездесуге «Манчестер Юнайтед», «Реал» және «Барселона» секілді атақты командаларды жиі шақырып отырады. Мұндай қадам футболдың жылдам дамуына қомақты үлес қосады деп ойлаймын. – Сен осы клубтарға қарсы ойнап көрдің бе? – Өкінішке қарай, ондай мүмкіндік бола қойған жоқ. Мұндай аузымен құс тістеген командалармен мен ойнаған клуб кездесу өткізе қойған жоқ. – Қазақстанға келгенге дейін Қытайда, Финляндияда командаларында ойнадың. Біздің елдегі ахуалға тез көндіге алдың ба? – Әрине. Жай жағымпазданып отыр деп ойламаңыз, жергілікті халық қарапайымдылығымен, кеңпейілділігімен, аққөңілділігімен маған қатты ұнады. Қазақстанда мен өзі үйімде жүргендей сезінемін! – Біздің ел сені несімен тартады? – Бейбітсүйгіш ел екен. Меніңше, таяу болашақта Қазақстан ұлы державаға айналады деп ойлаймын. Сіздердің жарқын келешектеріңіз спортқа да кең жол ашады. Шынын айтсам, Қазақстанның ұлттық құрамасы сапында өнер көрсеткім келеді. – Қызылорда қалай екен? Саған ұнады ма? – Қала анау айтқандай үлкен емес. Алайда мұнда өте жақсы адамдар тұрады деп ойлаймын. – Өз отбасыңнан қашан кеттің? – Үйден кеткенде 17 жаста едім. Отбасым үлкен: 6 ұл, 2 қыз бар. Мен төртінші баламын. – Филип, сені қызылордалық жанкүйерлер «қара бала» деп атайтын көрінеді. Одан хабарың бар ма? – Жоқ. Бірінші рет естіп отырмын. – Қазақ – жақсы көретінін еркелетуге құмар халық. Өзіңнің ойыныңа сүйсінгендіктен осылай атаған ғой. – Жанкүйерлердің сыйлағанына рахмет! Солар үшін ойнауға, оларды өкпелетпеуге тырысамыз. – Ойыннан басқа қандай ермегің бар? – «Жақсы ән – жан азығы» дейді екен қазақ, ән тыңдағанды ұнатамын. Суға жүзуді жақсы көрем. – Қытайша біледі дейді?.. – Рас. Бірақ көп сөйлей алмаймын. Ағылшынша білем, финнше аздап сөйлей алам. Қазір қазақ және орыс тілдерін үйреніп жүрмін. – Командада қай тілде сөйлесесіңдер? – Әріптестерімнің көпшілігі ағылшынша біледі. – Сенің электронды поштаңда «Shevi» логині тұр. Мұны қалай түсінуге болады, әлде Шевченконың жанкүйерісің бе? – «Байелсада» ойнап жүрген кезде командалас достарым мені «Шевченко» дейтін. – Соңғы сұрақ, келесі маусымда қайда ойнайсың, әлде «Қайсарда» қаласың ба? – Әзірге бұл туралы ештеңе айта алмаймын. Келесі жылы көрерміз. Осы біріншіліктің аяқталуын күтейік.
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×