Финалдың кеш басталуына не себеп болды?

29.05.2022, 18:33
Полиция қызметкерлері жанкүйерлерге қарсы тұру үшін көз жасаурататын газ қолдануға мәжбүр болды.
Финалдың кеш басталуына не себеп болды?

Парижде өткен Чемпиондар Лигасының финалы 36 минутқа кеш басталды. Себебі Еуропа футболының басты матчын ұйымдастыру талапқа сай болмады. Логистика және қауіпсіздік тұрғысынан қиындықтар туындады, ал француз полициясы жанкүйерлердің ағынына төтеп бере алмағаны сонша, көз жасаурататын газ қолдануға мәжбүр болды. Парижге келген көптеген жанкүйерлер үшін футбол мерекесі митингке айналды.

Матчтың басталуына 2,5 сағат қалғанда стадионның айналасы адамға лық толды, соның кесірінен көлік кептелісі басталды. Бұл кептелістен «Ливерпуль» автобусы да айналып өте алмай, ойыншылар жаттығудан кешігіп қалды. Жол диспетчерлері адамдардың ағынына төтеп бере алмады, сондықтан кіреберіс жерлерде қақтығыстар басталды: «Ливерпуль» жанкүйерлері тәртіп бұзу арқылы стадионға кіруге тырысты. Кейбір жанкүйерлер билеттерге қатысты мәселелері сонда шешіледі деген үмітпен аккредиттеу орталығына баса-көктеп кіре бастады. Осыған байланысты матчқа келген журналистер де ішке кіре алмай қалды. Аккредитациядан өткен тілшілер қауіпсіздік үшін бейджиктерін жасыруға мәжбүр болған.

Бұл кезде «Реал Мадрид» жанкүйерлері де стадионға кіре алмай, ол жақта да қақтығыс туындады. Бірақ мұндағы жағдай «Ливерпуль» жанкүйерлерімен болған оқиғамен салыстыруға келмейді. Мерсисайдтық клубтың фандары стадионға жалған билеттермен келген, кейбіреуінде ол да жоқ, бірақ олар кез келген әдіспен стадионға кіруге тырысты. Біразы қоршаулардан асып түсті. Соның салдарынан шынайы билеті бар адамдар стадионның сыртында қалды.

Француз полициясы жанкүйерлерге қарсы тұру үшін көзден жас ағызатын газды қолдана бастады. Сол жерде болған «Ливерпуль» қорғаушысы Жоэль Матиптің ағасы Марвин жүкті әйелімен бірге жақын маңдағы мейрамханалардың біріне тығылған.

Матч басталғаннан кейін де қақтығыстар өз жалғасын тапты - стадион сыртында француз полициясы стадионға кірмеген жанкүйерлерді үйлеріне қуа бастады.

Осы ретте «Ливерпуль» клубы орын алған оқиғаларды тергеуді талап етіп, мынадай мәлімдеме жасады:

«Стадионға кіру барысында туындаған мәселелер мен «Ливерпуль» жанкүйерлерінің «Стад де Франс» стадионындағы қауіпсіздігінің қамтамасыз етілмеуі бізді қынжылтады. Бұл Еуропа футболындағы ең керемет матч, жанкүйерлер бүгін түнде біз куә болған оқиғаларды бастан өткермеуі керек. Біз бұл қолайсыз эпизодтардың себептерін тергеуді ресми түрде сұрадық».

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×