«ИНТЕР»: Қош, Гасперини

23.09.2011, 18:04
«ИНТЕР»: Қош, Гасперини
Өмірде «әлсіз» саналатын команда «беделді» команданы жеңіп кетіп жататын ойындар болады. Ондай матчтардың нәтижесі көбінде кездейсоқ, «байқамастан» болғандай көрінеді. Бірақ… Олай дей көрмеңіз. А сериясының бәйгеге жаңа қосылған балғын құлындай жаңа командасы «Новара» «Интердің» сайдың тасындай азулы жігіттерін өз алаңында еркін жеңді. Кішігірім Сенсация емес пе? Алаң иелері ойынды қорғанысқа көп көңіл бөліп, қарсы шабуылдарын барынша нәтижелі етуге тырысты. «Новара» ойыншылары әр допқа батыл таласып қорғаныста сақ ойнады. Оңтайлы шабуылдарын нәтижелі етуге тырысса, миландық қорғаушылар керісінше сылбырлық танытты. «Интер» сапында Сезар секілді қақпашы болмағанда, құдайға аян, «Новара» тағы 5 гол соғар еді. Голдар бірінен бірі көзтартар сұлу болды. Лусионы ұйқыдан оятқан Маджиорининің алғашқы голы, ойының тоқ етері болған Ригонидің екі голы, бәрі-бәрі жанкүйер көңілін көншітерлік әдемі орындалды. Тек Кобьяссоның қаңғыған жалғыз голы ғана таңданыс тудырғандай. «Интер» ожыр қимылдап әрекеттері мәнсіз, нәтижесіз болды. Гасперини тактикада үлкен қателіктерге соқтыққан сияқты. Біріншіден, «Интер» алғашқы голдан кейін сасқалақтап қалды. 3-4 пастан артық допты ұстай алмады. Осындай сын сәтте бапкерге қандайда шара қолдану керек еді. Екіншіден, ойынның екінші жартысы бастала сала Гасперини Форлан мен Костаньостың орнына команда иісін сіңдіріп үлгермеген жаңа ойыншылар Паццини мен Обиді шығарады. Ал 75 минутта Раноккья жарақат алып алаң сартына шығып қалғанда орнына ешкімді шығара алмады. Бұл шақта ол ойыншы алмастыруға берілетін үш мүмкіндікті де қолданып қойған. Бұдан кейінгі «Интер» ойыны тек «қарынды аштырды». Сонымен Гасперининің Миландағы бапкерлік кезеңі соңына жеткен секілді. Олжас ОҚАСОВ
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×