Із суытпай. Эль Класико қорытындысы.

24.03.2015, 01:19
Із суытпай. Эль Класико қорытындысы.
Әлемді қанша шарласаңыз да дәл осы Эль Классикодай текетірес таппассыз. Тіпті, клубтар арасында маусымның басты ойыны десек те артықтық етпес. Бір ғана мысал. Осы ойынмен қатар кеше Тұманды Альбионда екі даңқты ұжым "Манчестер Юнайтед" пен "Ливерпуль" арасындағы кездесу де өтті. Бірақ, әлемнің назары қай матчқа бағытталғанын жақсы білесіз. Тарихы жүз жылдан астам уақытқа созылатын екі алпауыттың Каталониядағы кешегі кездесу де білгенінен жаңылған жоқ. "Аладоп" сайты "Камп Ноудағы" Эль Класикоға қорытынды жасамақ. Екі түрлі тайм Ең бақытты жандар-бірінші таймнан кейін ұйқыға кеткендер. Алғашқы 45 минуттағы ойын нағыз Классикоға тән ойын еді. Бүгінгі бар проблемасына қарамастан "Реал Мадрид"те үздік ойынын көрсете алды. Ал, екінші тайм Чемпиондар Лигасы плей-оффындағы прагматикалық ойынға ұқсады. Тіпті "Барсаның" өзі есепте алға шыққан соң, бір гол басымдылығын ұстап тұруға тырысты. Жылдамдық бәсеңдеді, футболшылар жиі тәртіп бұза бастады. Рамостың сүреңсіз ойыны "Корольдік клуб" қорғанысының басты тірегі-Серхио Рамос ең маңызды ойынға дайын болмай шықты. Бірінші гол тікелей осы азамaттың кінәсі. Екінші қабаттың корольі әуедегі допқа таласта қарсыласқа жиі жол берді, позициясын жоғалтуы көп болды. Дер кезінде, әріптестеріне көмекке келе алмады. Бір сөзбен айтқанда, вице-капитан маусымдағы нашар ойындарының бірін өткізді. Пикенің ғажап ойыны Эль Классикода "блаугрананың" екі орталық қорғаушысы да үздік болды. Матье қорғаныста көп қателескенімен, бастысы стандартты жағдайда есепті ашып берді. Ал, "Реалдың" бірінші таймда бір гол ғана салғаны-Испания ұлттық құрамасының қорғаушысы Пикенің ерең еңбегі. Неймарға не болды? Бразилияның жұлдызды Испан Премьерасында соңғы рет ақпанның ортасында голмен көзе түсіпті. Содан бері, әр матчта кем дегенде екі 100 пайыздық мүмкіндікті пайдалана алмайды. Апта ортасында да "Ситидің" қақпасына кем дегенде бір гол салуы тиіс еді. Қарсыластарды әдемі финттарымен, жылдамдығымен алдап өтті. Қарсылас алаңында қауіпті сәт туғыза алады. Бұл жағынан мін жоқ. Дегенмен, шабуылды аяқтау жағы ақсаңдап тұр. Бір апта демалған "Реалдың" 50-ші минуттан кейін алаңнан "жоғалуы" Жоқ, "Барселона" да апта ортасында "Манчестер Ситиге" қарсы, матчтан кейін алаңда сүйретіліп, сүлдері қалатындай ойнады дей алмаймыз. Бірінші таймда, есеп ашып алды да, екінші бөлікте матчты жаяу жүріп-ақ аяқтады. Әйткенмен ол да ресми кездесу болғандықтан, Энрике шәкірттері Эль Класиконы бейсенбіден бастап қана ойлағаны түсінікті. Ал, керісінше "Реал Мадридте" маңызды матчқа тыңғылықты дайындалатын толықтай бір аптасы болды. Бірақ, "Барселона" есепте алға шыққан соң, Анчелотти командасында шабуылдайтындай, ойын аяғында "блауграна" қорғаушыларын шыр көбелек айналдыратындай күш қалмады. Луис Энрике білікті Анчелоттиден толықтай басым түсті Матч алдындағы Энрикенің жоспарын түсіну қиын. Бірінші таймда төтеп беріп, екінші таймда ойынды толықтай өз қолымызға аламыз деді ме.. Әлде, жағдай солай болды ма.. Бірақ, жас маман Анчелоттиден айласын асырды. "Папа Карлоның" ойын барысында алаңға шығарған футболшылары матчтың атмосферасына ене алған жоқ. Есепті теңестіруге міндетті кезде Варанды(!) шығарды. Хесе де көзге көрінбеді. Ал ойын соңында Модричтің орнына алаңға Лукас Сильваны шығаруы тисе терекке, тимесе бұтаққа дегендей, шарасыздық еді. Ал, Энрикенің ойыншы алмастыруы нағыз көрегендік. Алаңға Хави мен Бускетсті шығарып, допты толықтай команданың еншісіне алып берді. "Барселона"-чемпионаттың фавориті Эль Класиконың басты қорытындысы-Барсаның 4 ұпайға озуы. Класикодағы жеңіс психологиялық басымдылық беруі тиіс. Тағы бір жайт, соңғы онжылдықта католондықтар 30-шы турға таман қарсыластан 2 ұпайдан артық озса, чемпионат соңына дейін бірінші орынды бермеген. Сондықтан, Испания Премьерасында "Барселона" алтынға басты фаворит.   Фараби ӘБДІХАЛЫҚ      
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×