ІЗГІЛІК ДОДАСЫ

23.07.2014, 23:41
ІЗГІЛІК ДОДАСЫ
Сонымен, ХХ әлем чемпионаты аяқ­­­талды. Ә дегенде тілге оралатын де­ректер мыналар: 1. Германия құрамасы өз тарихында 4-рет әлем чемпионы атанды. 2. Германия құрамасы бұл атаққа 24 жыл үзілістен кейін жетті. 

Мұның алдында алманиялықтар 1990 жылы чемпион атанған болатын. Ең қызығы, әлемнің төрт рет үздігі атағына Гер­ма­ниядан бұрынырақ жеткен Бразилия мен Италия да төртінші атақты 24 жыл күтіпті. Қараңыз: Бразилия – 1970 – 1994, Италия – 1982 – 2006. 3. Бразилия құрамасы өз елінде өткен сында жүлдеден құр қалды. 1950 жылы олар шешуші ойында Уругвайға есе жіберіп, 1:2 есебімен ұтылған болатын. 4. Испания құрамасы топтан шы­ға алмай, соңғы жылдардағы әлем чем­пиондарының антинәтижесін қай­талады. 2002 жылы – Франция, 2010 жы­лы Италия дәл сондай кепке түскен болатын. 5. Аргентина мен Германия әлем чемпионатының финалында үшінші рет жолықты. 1986 жылы Марадона бастаған аргентиналықтар 3:2 есебімен басым түссе, 1990 және 2014-жылдары Германия 1:0 есептерімен жеңіске жетті. 6. Мирослав Клозе әлем чем­пио­нат­тарының тарихындағы ең үздік мерген атанып қайтты. Ол биылғы додада Га­на және Бразилия құрамаларының қақпасына гол соғып, Роналдоны (Бразилия, 15 гол) басып озды. 7. Германия құрамасы кейінгі 4 әлем чемпионатында да жүлдеге ілікті. 2002 жылы – күміс, 2006 және 2010 жылдары – қола, биыл – бас жүлде. Қатарынан 4 додада жүлдегерлер қатарына кірген басқа ешбір құрама жоқ. 8. Германия құрамасының ша­буыл­шысы Томас Мюллер өзі қатысқан екі чемпионатта бес-бестен, 10 гол соқты. Мұндай жетістікке оған дейін қазіргі отандасы Мирослав Клозе және перулік Тоефилио Кубильяс жеткен болатын. Клозе – 2002 және 2006 жылдары, ал Кубильяс 1974 және 1978-жылдары мергендігімен танылды. 9. Өзбек төрешісі Раушан Ирматов Бразилиядағы додада 4 матчқа төрелік етіп, рекорд жасады. 2010 жылы Оңтүстік Африка Республикасында өткен әлем чемпионатында ол 5 ойында бас қазы болған-ды. Раушанға дейін Жоэль Кинью (Франция), Бенито Арчундия (Мексика) және Хорхе Ларрионда (Уругвай) 8 рет әлемдік доданың финалдық кезеңінде төрелік еткен болатын. 10. Германия құрамасы футбол тарихына әлем чемпионатын Латын Америкасында жеңіп алған тұңғыш команда болып енді. Бұған дейін басқа құрлықтарда Бразилия (1958 жылы – Швецияда, 1970 жылы – Мексикада, 1994 жылы – АҚШ-та, 2002 жылы – Оңтүстік Корея мен Жапонияда), Испания (2010 жылы – ОАР-да) әлемнің ең үздік құрамасы атанған болатын.

Клубтық футболдан шаршағандар Әлем чемпионатын талдау ба­ры­сында құрамалардың ішкі-сыртқы жағ­дайларына жіті көз қадауға ты­рыстық. Сондағы байқағанымыз – қазір әлемде, әсіресе, Еуропада клубтық футбол жол­дағысының бәрін жапырып, жалғыз қожа болып келе жатқандай. Сондықтан да футболдан әлем чемпионаты, құрлық біріншілігі сияқты ірі турнирлер қар­балас өмірдің арасындағы бір еркін тыныс іспетті. Клубтық футбол елдер арасындағы шекараны толығымен жойып, африкалықты – еуропалыққа, еуропалықты – азиялыққа, аме­ри­ка­лықты «әлем азаматына» айналдырып жіберіпті. Мұның әлем чемпионатына тигізіп жатқан зияны аз емес. Өйткені жыл он екі ай мықты командада доп тепкен ше­бер ойыншы құрамаға шаршап-шал­дығып келеді. Келмейін десе – өз елі. Келейін десе – иығында ауыр мау­сымның жүгі тұр. Биылғы әлем біріншілігінде 4 жылда 3 ірі жарысты жеңіп алған Испания құрамасының сәтсіздігін осыдан көруге болады. «Қызыл фурия» сапындағы Хави, Иньеста, Фабрегас, Касильяс, Серхио Рамос, Хаби Алонсо, т.б. мық­­тылар, әрине, футболдағы атақ атаулының бәрін алды. Бірақ олардың осы чемпионатқа қатты шаршап келгенін аңғару қиын емес. Биыл екі еурокубокты да испан командалары ұтып алды. «Реал» мен «Атлетико» Чемпиондар лигасының финалында ойнаса, «Севилья» Еуропа лигасында дара шықты. Бүкіл ерік-жігерін «Реалдың» Чемпиондар лигасын 10-рет ұтып алуына жұмсаған сол Серхио Рамос, Касильяс, Хаби Алонсолар әлемдік додада өздерінің шынайы деңгейінің ширегіне де жете алған жоқ. «Атлетиконың» шабуыл шебінде оқтаулы мылтық болған Диего Коста тіпті қарсыластарға гол пасын шығарып беріп, ұятқа қалды. Чемпиондар ли­гасының жартылай финалына жет­кен «Бавария» ойыншыларының да (Мюллер, Нойер, Лам, Боатенг, Швайнштайгер, Роббен) қатты шар­шағаны байқалып тұрды. Германия құрамасы финалда, әсіресе, қосымша таймдарда өте ауыр қимылдады. Ал Еуропа лигасының финалында ойнаған Гарай да (Аргентина) финалда дәл қасынан бұлт ете қалған Марио Гөтсені тұсай алған жоқ. Ал Хави, Иньеста, Месси туралы сөз басқа. Соңғы 3-4 жыл ішінде «Барселонаның» футбол машығы бүкіл әлемге аңыз болды. Тіпті Хавидің матч сайын командаластарына 100-ге жуық дәл пас беретіні ұзақ уақыт термеленді. Бірақ сол қаһармандардың әлем чемпионаты сияқты айтулы додаға құр сүлдері жеткенін кім түсінер?.. Ширек финалда Аргентина құра­масы Бельгияны 1:0 есебімен ұтқан соң, Лионель Месси әкесіне: «Қатты шаршап жүрмін. Бойымды езіп тұра­тын бір ауыр нәрседен құтыла алмай-ақ қойдым» деп ақ­та­рылғанын оқы­дық. Шаршамағанда қайтеді? Испан при­мерасында жыл сайын 38 ойын өт­кізеді, Испания ку­богы, Чемпиондар ли­гасы тағы бар. Ара-арасында мұхит асып, ұлттық құрама матчтарына қаты­суы керек. Биылғы клубтық маусым аяқ­­талар тұста, ша­мамен сәуір-мамыр айларында әлемдік ақпарат құралдары: «Месси бұрынғы жарқырауық қалпынан айырылып қалды. Қазір ол футболға жұмыс іс­петті қарайтын болды. Ша­масы, ол өзін әлем чемпионатына сақ­тап жүр-ау» деп жорамалдаған-ды. Алайда, қан­ша сақтаса да, Мессидің футболдан шаршағаны білінбей қалған жоқ. Финалда Мессиге психологиялық емес, ең алдымен физикалық  дайындық жетпей қалған сияқты. Голландия «Шахтерді» қайталады ма? Әрбір әлем чемпионаты аяқталған сайын, футбол мамандары, журналистер, қарапайым жанкүйерлер «бұл біріншілік бізге не берді?» деп ойланады. Ендігі футболдың даму бағыты қандай бо­лады? Әлем чемпионатында қандай тактикалық жаңалықтар жүзеге асты? Соның қайсысы іске жарайды? Біз байқаған бірінші жаңалық – жасырын «ондықтар» рөлінің артуы. Мұны Неймар мен Хамес Родригесті мысалға келтіріп-ақ дәлелдеуге бо­лады. Колумбия құрамасының негізгі шабуылшысы Радамель Фалькао жа­рақатын жазып үлгермейтіні белгілі болған соң, бапкер Хосе Пекерман шабуыл шебінде ерекше бірдеңе ойлап таппаса, қиын болатынын түсінді. Ол ойынға үнемі екі шабуылшы (Гу­тьеррес пен Ибарбо немесе Рамос пен Мартинес) қосып отырса да, сол екеуінің ешқайсысын нағыз шабуыл өтінде пайдаланған жоқ. Есесіне, олардан сәл артта жүрген Хамес Род­ригеске ешқандай тұсау салмады. Нә­тижесінде, қос қапталдан андыздаған екі шабуылшының алдынан арқан керіп жүрген қарсыластар Родригестің тым еркін екенін, оның алдынан нәтижелі шабуыл жасауға кеңістікті өздері ашып бергенін кеш түсініп, сан соқты. Соның нәтижесінде Хамес Родригес әлем чемпионатының бас мергені (6 доп) атанып қана қойған жоқ, өзін болашақ футбол жұлдызы ретінде де жақсы таныта білді. Неймардың шаруасы да осыған ұқсас болды. Бразилия құ­рамасының бас бапкері Луис Фелипе Сколари шабуылға Фредті қойып, оған қапталдан Халкті көмекші еткенімен, негізгі қаруы Неймар болатын. Осы тактикаға әбден иек артқан бра­зи­лиялықтар Неймар жарақаттанған соң, басқаша ойын тәсіліне бой үйретіп кете алмады. Соңғы екі ойында өз қақпасына 10 гол жіберіп алуы да содан болар. Екінші жаңалық – Голландия құ­ра­масының ойын тәсілі. Бірақ оны жаңалық деу қиын. Өйткені Қарағандының «Шах­тері» ұстанатын тактикаға өте ұқсас. Бұл тәсілдің ерекшелігі не­де? Қорғаныс шебінде 5 ойыншы орналасады (Көйт, де Врей, Влаар, Мартинс Инди және Блинд). Команда шабуылға шыққан кезде, қос қапталдағы Көйт пен Блинд шабуылшыға айналып кетеді, яғни шабуылдағы адам са­нын күрт арттырады. Қорғанысқа алаң­­дайтын ештеңе жоқ, артта кем де­­генде үш адам бар. Баяғыда біз тек мық­ты шабуылшы деп білетін Дирк Көйт осылайша қорғаныстан бір-ақ шықты! Мұны біз бас бапкер ван Га­льдің тапқырлығы дер едік. Өйткені Гол­ландия құрамасының қорғаныс шебі эредивизи (Голландияның премьер-лигасы) жі­гіттерінен жасақталды. Қалай айтсақ та, эредивизи соншалықты элиталық лига емес. Демек, қорғаныс үштігіне тез трансформацияланатын тактика ғана көмектесе алады. Ван Галь осыны анық түсінді және құраманың барын сығып алды десек, қателеспейміз. Үшінші жаңалық, жаңалық деуге келсе – футболшылардың әмбебаптығы. Алаңға шыққан 11 адам реті келсе қақпашы да, қорғаушы да, жартылай қорғаушы да, шабуылшы да бола алуға тиіс. Сондықтан да біз қақпашы Нойердің (Германия) кей ойындарда соңғы қорғаушы рөлін абыроймен атқарғанына куә болдық, Тиаго Сил­ва, Давид Луис (Бразилия), де Врей (Голландия), Хуммельс (Германия) сияқты орталық қорғаушылардың доп соғып қана қоймай, жеңіс голдарының авторы атанғанын да көрдік. Қар­сыластар стандартты сәттерді іске асырғанда, Клозе, ван Перси, Игуаин сияқты сұр­мергендердің қорғанысқа қатты көмек­тескенін де тамашаладық. Төртінші, негізгі жаңалық – арт­қы жартылай қорғаушылардың (опор­никтердің) таптырмас тұлғаларға ай­налуы. Шынын айтқанда, бұл чем­пионатта «опорниктері» нашар құрамалар түк бітіре алған жоқ. Есесіне, Швайнштайгер мен Хедирасы (Ламы) бар Германия құрамасы тұғыр биігінен көрінді. Хавьер Маскерано (Аргентина), Найджел де Йонг (Голландия), Кар­лос Сальсидо (Мексика) сияқты ойыншылар қарсыластың ша­буылын қорғаныс сызығында емес, одан өте ерте күтіп алудың тамаша үлгісін көрсетті. Яғни жартылай қорғанысы мық­ты команданың барлық шебі мықты болатыны тағы бір дәлелденді. Тағы да қос құрлық дуэлі Қанша жерден Коста-Рика ширек финалға жетсе де, Колумбия мен Чи­ли Бразилияны бұрышқа тақаса да, Алжир айбынды ойын көрсетсе де, бұл чемпионат футболдың басты үлгісін қалыптастырушылар – Оңтүстік Америка мен Еуропа екенін тағы ай­ғақтады. Жеребенің аты жеребе, Оңтүстік Америка құрамалары плей-офф кезеңінде бірін-бірі «жеп, тауысып» отырды. Ширек финалда әлемнің 8 үздік құрамасы сапына Кәрі құрлықтың 4 құрамасы (Германия, Франция, Гол­ландия, Бельгия) енсе, олардың қатарын Оңтүстік Америкадан – 3 құрама (Аргентина, Бразилия, Колумбия) және Кариб бассейінен Коста-Рика толықтырды. Финалда Германия жеңіске жетті. Бұл құрама, ақиқатын айту керек, басқа қарсыластарынан құрамы жағынан да, ойын тактикасы жағынан да басым болды. Демек, алдағы жылдарда да осы қос құрлықтың құрамалары көш тіз­гінін ешкімге ұстатпайды. Азия құра­маларының ешқайсысы бұл жолы топ­тан шыға алған жоқ. Ал Африканың 5 құрамасының үшеуі алатын ақшасын даулаумен уақыт өткізді. Жарайды, Камерундікі ескі ауру дейік, плей-оффқа шығып тұрып керілген Нигерия мен Ганаға не жорық? Африка құр­лығының адамзат көшінің соңында неге ілбіп келе жатқанын олар тағы бір дәлелдеді, басқа ештеңе емес. Қайырымдылық жарысы Алжир, Грекия құрамасының ойын­шылары өздеріне тиесілі сыйақыдан бас тартты. Аргентиналықтар да қайы­рымдылық шараларына жұмсады. Гер­мания құрамасының жартылай қорғаушысы Месут Өзил емге зәру бразилиялық 11 балақайдың, артынша барлығы 23 балақайдың есепшотына ақша аударды. Ізгілік әлемде жоқ дей көрмеңіз. Әлем чемпионаты осыны тағы бір паш етті.

Есей Жеңісұлы

Айқын газеті

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×