Қайрат Нұрдәулетов: ол сөздерімді қайтып алмаймын - бізге легионерлер әлі де қажет...

04.07.2025, 17:30

Танымал бапкер Қайрат Нұрдәулетов біраз уақыт көрінбей кетіп, кеше көкшетаулық «Оқжетпесті» тізгіндеген болатын.

Қайрат Нұрдәулетов: ол сөздерімді қайтып алмаймын - бізге легионерлер әлі де қажет...
Қайрат Нұрдәулетов

Осы жаңалықты ести сала қазақстандық маманға қоңырау шалып, құттықтап, орайы келген соң көкейде жүрген біраз сауалымызды қойған болатынбыз.

Бұл сұқбаттан сіздер;

  • Қайрат Нұрдәулетовтің өмірлік ұстанымы
  • «Оқжетпестен» ұсыныстың қашан және қалай түскені
  • Бірінші лига клубтарының бюджеті мен деңгейі
  • Легионерлерге қатысты заңның зияны
  • Өзбек футболының басты жетістігі туралы оқи аласыздар

- Қайрат Жұмабекұлы, ең алдымен жаңа жұмысыңызбен құттықтайыз! Көкшетауға келіп жатыр екенсіз...

- Рахмет, иә, кірісіп жатырмыз. Павлодардан кейін біраз демалып қалған едік. Бір жарым айдай бос жатып қалыппыз. Кішкене ойланып-толғанып, демалдық. Өмірде өзімнің ұстанымым бар – болып жатқан дүниенің ешқайсысы бекер емес. Мүмкін, кішкене осылай демалу керек болған да шығар. Кей нәрселерге басқаша қарау керек болды, басқаша көзқарас дегендей…

- «Оқжетпеспен» оқиға қалай болды? Ұсыныстың түскеніне көп болған жоқ шығар, себебі, Андрей Ферапонтовтың отставкасы да аяқ-асты болып кетті ғой 

- Иә, дәл солай, дұрыс айтып отырсыз. Осыдан бір-екі күн бұрын Көкшетаудың спорт басқармасынан хабарласып, «осындай-осындай болып жатыр, сіздің кандидатураңызды қарастырдық. Өзіңіздің көзқарасыңызды білейік деп едік» деген ауандағы әңгіме болды. Мен бұған «егер сіздерде бір конкретика болса, дәл қазір жұмыссызбыз, сондықтан, дайынбыз» деп жауап айттым. Олар «жарайды онда біз мында шешім қабылдаған соң сізбен хабарласады» деп қалды. Сөйтіп, кеше ғана клуб директоры Мұрат Тлешевтің өзі қоңырау шалып, «осындай әңгіме болды, сенің кандидатураңды қабылдады. Ал сен өзің қалай?» деп сұрады. Мен тағы да қарсы емес екенімді жеткіздім, «тек сол Ферапонтовтың мәселесін толық шешіңіздер, ол кісі кетпей мен енді бара алмаймын ғой, ол дұрыс емес деп» түсіндірдім. «Болды біз ол мәселені шешіп қойдық, ал сіз ақырындап Шымкентке келе беріңіз деді. Сонымен, бүгін Шымкенттеміз, таңертең ғана ұшып келдім. Бұйырса, бүгін бірінші жаттығу өткіземіз.

- Қайрат Жұмабекұлы, сіздің нәтижеге жұмыс істейтініңізді жақсы білеміз. Осы арада клуб басшылығының тапсырмасы қандай? Жеке өзіңіздің мақсатыңыз?

- Әрине, әр бапкердің алдына мақсат қойылады. Облыс әкімі, әкімнің көмекшілері мен спорт басқармасынан «тек қана осы қарқынын жоғалтпаңыздар, алтылық-жетілікте болуы керек» деген міндет-өтініш болды. Менің ойым – Еурокубоктік аймаққа шығу! Бұл жерде әрине, Андрейдің де жұмысын (Ферапонтов, ред) айта кету керек, жемісті болды, жетістіктерге жетті. Сондықтан, осы беттен таймай, төмен түспеуді және де қолдан келіп жатса команданы Еурокубоктерге алып шығуды көздеп отырмыз. Қазіргі мақсат осындай.

- «Ертіске» дейін де, одан кейін де ҚПЛ клубтарына ұсыныстың болғаны анық. Сізді «Ақтөбеге» «тағайындап» тастады, «Қайрат» шақырыпты деген сыбыстар да болды… 

Бірден айта кетейін, «Ақтөбеден» де «Қайраттан» де ешқандай ұсыныс түскен жоқ. Мүмкін бір жанкүйерлер мені сол командалардан көргісі келген шығар, ал мүмкін мұның барлығы жай ғана хайп. Кім білсін... Бірақ, ондай ешқандай ұсыныс болған емес. Ешкім хабарласпады. Әрине, енді ондай жағдай орын алса «Ақтөбеге» де «Қайратқа» да барып жұмыс істеуге болатын еді…

- Бірінші лига биыл ерекше. «Каспий», «Шахтер», «Ертіс», «Алтай» да жоғары орындарға таласа алатындай қауқар танытып келеді. Осы клубтар мен ҚПЛ өкілдерінің бюджетін салыстыруға бола ма? Жалпы, «Ертіс», «Каспий» биыл премьер-лигада ойнаса, турнирлік кестеде қай орыннан көрінетін еді? 

Иә, «Ертіс», «Каспий», «Шахтер» мен «Алтайдың» да деңгейлері жаман емес. Бірінші лигада жұмыс істеп біраз нәрсені байқап қалдық, онда енді спецификасы кішкене басқашалау екен ҚПЛ-ге қарағанда. Ол жердің жұмысы өзінше бір ерекше дейтін едім. Ондағы ойынның, алаңдардың да сапасы басқа. Мен енді басқаларынікін білмейді екем, бірақ «Ертістің» бюджеті биыл премьер-лигадағы орташа командалардікімен шамалас. Нақты цифрларын айта алмаймын әрине, ол жағына араласқан жоқпын. Ал енді ойынның өзіне келсек, «Ертіс», «Каспий», «Шахтер» ҚПЛ-дің ортадан төмен командаларымен тең ойын көрсете алады деген сенімдемін. Негізі қазір Бірінші лиганың деңгейі өте жоғары.

- Қайрат Жұмабекұлы, Өзбекстан Әлем чемпионатына шыққан соң Қазақ-Өзбек футболын салыстыру сәнге айналды. Екі елді салыстыру қаншалықты орынды? 

- Біріншіден өзбек бауырларымызды құттықтап қояйын өз атымнан, өте қуаныштымын! Меніңше, бұл бір күннің нәтижесі емес, бұл үлкен, жүйелі жұмыстың жемісі. Бес-алты жыл емес, он жылдың ішіндегі жұмыстың арқасы деп ойлаймын. Бұл бапкерлер мен футболшылардың ғана емес, бүкіл Өзбек футбол федерациясының, сол спортқа жауапты лауазымды тұлғалардың қажырлы еңбегінің өтеуі. Естуімше, ол жақта футболдың ертеңіне тіпті парламентте де алаңдап, жан-жақты талқылайтын көрінеді. Мұның барлығынан, Өзбекстанда футболға деген жақсы бір көзқарастың барын байқауға болады. Сондықтан, бұл бір тосынсый емес, үлкен жұмыстың арқасында мүмкін болған жетістік. Салыстыру?  Енді ол әрқашан да болатын дүние ғой, бізді өзбектермен, қырғыздармен үнемі салыстырады. Түрікмен, тәжіктермен де салыстырып тұрады. Көршілеріміздің жетістігіне тек қана қуанайық, біз де соған жетейік деп мақсат қояйық. Тіпті қажет болса солардан барып үйрену керек шығар…

- Легионерлерге қатысты заңға қатысты. Жаңа өзгерістер лиганың деңгейіне қалай әсер етуі мүмкін? «Қайсар» сияқты жобаларға дайынбыз ба?

- Бұл сауалыңызға қатысты осыған дейін бірнеше сұқбатта пікірімді білдіргем, өзімнің парақшамда да ойымды ашық айттым. Ол сөздерімді қайтып алмаймын - бізге легионерлер әлі де қажет. Иә, қазақтар көбірек ойнасын деген ой бәріміздің көкейімізде жүреді. Жасалып жатқан дүниелер футболдың ары қарай дамуына бағытталғаны түсінікті. Демеуші іздесін, өздері қимылдасын деген ниетпен жасалып жатыр мұның барлығы. Оның бәрі дұрыс! Бірақ толыққанды легионерлерден бас тарту бізге ауыр тиеді. Уақыт көрсетер, әрине қазақ жігіттері ойнап жатса, біз оған тек қана қуанамыз. «Қайсарды» мысал етіп жатырсыз, әліптің артын бағайық. Меніңше таза қазақстандық футболшылармен Еуропада жақсы деңгей көрсетіп немесе бір жеңістерге жету қиындау болады. Жігіттерге тәжірибе, уақыт керек. Легионерлерді толықтай алып тастаудың қажеті жоқ, 3-4 легионер қалдырсақ та жарайтын еді. Оларсыз чемпионатымыздың деңгейі түсіп кетеді. Мұны қазірдің өзінде де ақырындап байқауға болады.

- Қайрат Жұмабекұлы, әңгіме соңын Еурокубоктермен түйіндейік. Биыл командаларымыздан не күтесіз? 

Бапкер ретінде, жанкүйер ретінде тек қана жеңіс күтеміз ғой. Биыл барлық командада мүмкіндік бар. Біздегі басты плюс – чемпионат қызып тұр, ал қарсыластарда бәсеке енді-енді басталады. Біздің командалар осыны пайдаланып қалуы керек. Барлық клубтарымызға сәттілік тілеймін, ары қарай өтсін, алдарына қойған мақсаттарына жетсін. Алдын-ала болжау қиын, сондықтан мен тек қана сәттілік тілегім келеді. Жарақатсыз, бәрі сәтті өтсін!.

- Әңгімеңізге көп рахмет, өзіңізге де сәттілік тілейміз!

- Рахмет!               

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 3
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×