Максим Самородов: «Қарсыласта маған қарсы ойнау жөнінде нұсқау болған шығар»

Бүгін, 07:33

Қазақстан құрамасының шабуылшысы Максим Самородов Фарер аралдарына қарсы Ұлттар лигасының төртінші турындағы 2:2 есебімен аяқталған матчтан кейін ойынға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Aladop.kz.

Максим Самородов: «Қарсыласта маған қарсы ойнау жөнінде нұсқау болған шығар»

Самородовтың айтуынша, Қазақстан құрамасы кездесуде жеңіске жетуге жақын болғанымен, соңына дейін қарсыласты қыса алмады.

«Меніңше, бүгін біз қарсыласты сәл ғана қыса алмадық», — деді футболшы KazFootball.kz тілшісіне.

Бұл матч Самородов үшін де ерекше болды. Ол бұған дейінгі кездесулерді өткізіп алғаннан кейін құрама сапына қайта оралды. Шабуылшы өз елінің намысын қорғау үшін алаңда бар күшін салуға міндетті екенін атап өтті.

«Менің таңдауым болған жоқ. Менің жұмысым — өз міндетімді орындау. Оның үстіне мәселе келісімшартта емес. Мен осында, өз елімде, өз Отанымда ойнап жүрмін. Сондықтан таңдау жоқ», — деді Самородов.

Ойын барысында Фарер аралдары құрамасының футболшылары Самородовқа ерекше назар аударған. Шабуылшы доп алған сәттерде бір-екі қарсылас ойыншысы оның кеңістігін жауып, әрекетіне кедергі келтіруге тырысқан.

Журналистердің бұл туралы сұрағына Самородов қарсыластың мұндай тактикасын алаңда анық байқамағанын айтты.

«Бұған жауап беру маған қиын, өйткені сіздер мұны сырттан көрдіңіздер. Мен ойын кезінде оны сезбедім. Бәлкім, қарсыласта сондай нұсқау болған шығар», — деді Қазақстан құрамасының шабуылшысы. 

Қазақстан құрамасы Фарер аралдарымен кездесуде 2:2 есебімен тең түсті. Осылайша төрт турдан кейін Ұлттық құраманың еншісінде екі ұпай. Ал Фарер аралдары төрт матчтың барлығында тең ойнап, төрт ұпай жинады. 

Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасындағы келесі матчын 13 қарашада Молдовамен сырт алаңда өткізеді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
×