Қайрат Нұрдәулетов «Жетісудің» Премьер лигадан шығып қалуына байланысты жанкүйерлерден кешірім сұрады

Бүгін, 14:30

Талдықорғандық «Жетісу» клубының бас бапкері Қайрат Нұрдәулетов Қазақстан Премьер лигасының соңғы, 30-турында елордалық «Астанамен» 2:2 есебімен тең түскеннен кейін командасының жоғары дивизионнан шығып қалуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Aladop.kz.

Қайрат Нұрдәулетов «Жетісудің» Премьер лигадан шығып қалуына байланысты жанкүйерлерден кешірім сұрады

Маман футболшылардың жеңіске жету үшін бар күшін салғанын айтып, сәтсіз нәтиже үшін жауапкершілікті өз мойнына алды.

«Бұл өте ауыр ойын болды. Барлығы осы кездесуді бақылап отырды. Жігіттер бар күш-жігерін жұмсады. Барлығына рақмет. Премьер лигадан шығып қалғанымыз үшін жанкүйерлерден кешірім сұраймын. Жақсы ойын көрсетеміз деп ойладым. Футболшылар алаңға жеңіске деген үлкен құлшыныспен шықты. Басты мақсатымыз жеңіске жету еді, алайда оған қол жеткізе алмадық. Менің ойымша, бұл біз үшін үлкен сабақ болды. Барлығына алғыс айтамын. Менің тарапымнан да қателіктер болды. Сол үшін баршаңыздан кешірім сұраймын», – деді Нұрдәулетов.

«Астанаға» қарсы кездесуде талдықорғандық команда екі мәрте жеңілістен құтылып, есепті теңестіре алды.

54-минутта елордалықтардың футболшысы Станислав Басманов есеп ашты. Алайда төрт минуттан кейін Әділхан Добай таразы басын теңестірді.

71-минутта «Жетісу» ойыншысы Қашкен алаңнан қуылып, алаң иелері он футболшымен қалды. 78-минутта Никола Бурич «Астананы» қайта алға шығарғанымен, 83-минутта Нұрбол Әнуарбеков есепті 2:2-ге жеткізді.

Осылайша, «Жетісу» соңғы кездесуде жеңіске жете алмай, чемпионатты 27 ұпаймен 15-орында аяқтады және Қазақстан Премьер лигасынан шығып қалды.

Ал «Астана» 54 ұпай жинап, 2026 жылғы Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері атанды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Aladop Youtube
×