«Қайраттың» қорғаушысы Дамир Қасаболат: біз бәріміз неміс мектебінен өттік

03.02.2025, 11:10

Қазақстан чемпионы «Қайрат» Түркия жеріндегі оқу-жаттығу жиындарының аясында Грузия чемпионатының жеңімпазы «Иберия 1999» командасымен бақылау бәсекесін өткізіп, ұтылғанын жақсы білесіздер (0:1).

«Қайраттың» қорғаушысы Дамир Қасаболат: біз бәріміз неміс мектебінен өттік
Дамир Қасаболат

Осы ойын туралы алматылық клубтың қорғаушысы Дамир Қасаболаттың пікірін білген болатынбыз. Шағын сұқбаттан сондай-ақ, «Қайрат» академиясының түлектері мен олардың арасындағы бәсекелестік турасында да оқи аласыздар.

- Дамир, бүгін сіз үзілістен кейін алаңға шықтыңыз. Қарсылас сапында да екінші таймда біраз өзгерістер болған. Жалпы, «Қайраттың» ойыны көңілімізден шықты, команда керемет шабуылдады. Ал бірақ нәтиже... Осы ойын туралы жеке өзіңіз қандай пікірдесіз?

- Бас бапкер бірінші таймнан кейін не істеу керектігін, қалай қимылдауды түсіндірген болатын.Үзіліске дейін жіберген қателіктерімізді түзедік. Осыдан кейін жалпы жақсы ойнап шықтық деп ойлаймын.

- Грузиялық команда допты жақсы ұстап, қысқа-қысқа пас алмасады екен. Жалпы бүгінгі қарсылас комбинациялық футболды ұстанатындай көрінді. Үзіліс кезінде бас бапкерлеріңіз не айтты, осындай командаға қарсы қалай ойнау керектігін түсіндірді ма жалпы?

- Әрине, бапкер барлығын тәптіштеп түсіндірген. Екі күн бойы пресингке көңіл бөлдік. Ойынның осы компонентін шыңдап, тиімді пайдаландық деп ойлаймын.

- «Қайрат» академиясының футболшылары осы пресингке келгенде біраз тосылып қалатын сияқты ма, қалай? Футболшылар ойын барысында көп ойланып қалып жатады да осының салдарынан жиі ереже бұзып жатады. Осы пікірмен келісесіз бе?

- Иә, орынды сұрақ. Себебі, біз бәріміз неміс мектебінен өттік. Бұл, допқа қарсы қимылдауға негізделген ойын стилі: кейбір кезде допқа үлгермей жатсаң, ойын ережесін бұза саласың. Басқаша айтқанда тактикалық фол.

- Өзіңізбен бірге шыңдалған біраз командаластарыңыз өзге клубтарға ауысып кеткен – қазір «Қызыл-Жар», «Жетісу» намысын қорғайды. Жалпы, олардың команда ауыстыруына не себеп болды? «Қайраттан» орын таба алмады ма? Бәлкім, басқа  да бір себептері бар шығар...

- Ол жағын енді білмедім. Оны клуб басшылығы мен футболшының өзінен сұрау керек.

- Ауысып кеткендердмен қарым-қатынас қалай? Хабарласып, қал-жағдай білісіп тұрасыздар ма?

- Әрине, байланысып тұрамыз үнемі. Достық қарым-қатынастамыз деуге болады.

- Биыл «Қайрат» маусымды чемпион мәртебесінде бастамақ. Жеке өзіңіз  2025-жылы қандай мақсат қойдыңыз? Негізгі құрамда ойнау, Чемпиондар Лигасында жемісті өнер көрсету дегендей жоспарлар бар шығар деп ойлаймыз...

- Мақсат биік қой, өз позициямдағы бәсекелестікті ұтып, «Қайратпен» премьер-лигада тағы бір топ жарсам деймін. Еурокубоктерде жақсы өнер көрсетуді де көздеп, осыны алдыма мақсат етіп отырмын.

- Кез-келген футболшының мақсаты - ұлттық құраманың жейдесін киіп, ел намысын қорғау. Сізде де сондай амбицияның бары анық.

- Иә, әрине, мен де құрамаға шақырту алсам деп армандаймын. Бірақ бұл тек арман күйінде қалмай, соны іске асыру үшін тырысып жүрмін. Өзімді жақсы қырынан көрсеткім келеді.

- Дамир, жалпы барлық командада, түрлі позицияда бәсекелестік барын білеміз. Сіздің негізгі бәсекелестеріңіз кім, негізгі құрамдағы орынға кіммен талас жүргізетін боласыз?

- Александр Мартынович, Егор Сорокин, Лука Гадрани. Тағы Александр Широбоков бар.

- Әңгімеңізге рахмет, Дамир!

- Сіздерге де рахмет!

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 6
Ұнамайды 1
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×