Қазақстандық ММА файтері Қуат Хамитов Ұлттық құраманың футболдан әлем чемпионатына қатысу мүмкіндігі туралы сұраққа ащы әзілмен жауап берді, деп хабарлайды Aladop.kz.
Әлеуметтік желідегі kzsports парақшасында «Қазақстан әлем чемпионатына қашан шығады?» деген сұрақ жарияланған. Оған пікір білдірген Хамитов: «Қияметке бір күн қалғанда», – деп жазып, жауабына смайлик қосқан.
Бұған дейін файтер Қазақстан құрамасының Ұлттар лигасындағы нәтижелеріне наразылығын білдірген еді. Ол Джон ван ’т Схип жаттықтыратын команданың Молдоваға қарсы өз алаңындағы 1:2 есебімен жеңілуін және Фарер аралдарымен 2:2 есебіндегі тең нәтижесін сынға алған.
Хамитов футболшылардың табысы мен алаңдағы нәтижесінің арасындағы айырмашылыққа да көңілі толмайтынын жеткізген. Сонымен қатар ол Қазақстандағы кәсіби футболды кемінде он жылға тоқтатып, бөлінетін мемлекеттік қаражатты балалар футболына, академияларға, жаттығу базаларына және білікті шетелдік мамандарды тартуға бағыттау туралы ұсынысын қайталаған.
Айта кетейік, Қазақстан ұлттық құрамасы әзірге футболдан әлем чемпионатының финалдық кезеңіне қатысып көрген жоқ. Ал 2030 жылғы әлем чемпионаты Испания, Португалия және Мароккода өтеді, алғашқы кездесулер Уругвай, Аргентина және Парагвайда ұйымдастырылады.