Көрермендерді неге стадионға тарта алмаймыз?

27.04.2011, 18:54
Көрермендерді неге стадионға тарта алмаймыз?
Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото) Көзді ашып-жұмғанша футболдан Қазақстан чемпионатының басталып кеткеніне бір жарым ай өте шықты. Осы уақытқа дейін сегіз турдың ойындары өтті. Ел кубогы ширек финалға жетті. Тіпті бас бапкерін ауыстырып үлгерген командалар да бар. Бірақ, шыны керек, осылардың барлығы көрермен қауымның назарынан тыс өтіп жатқандай сезіледі. Тарқатып айтар болсақ... «Қазақстан футболы жылдан-жылға күшейіп, тартысқа толы болып келеді» дегенімізбен, көрермендерді стадионға әлі күнге тарта алмай келе жатқан жайымыз бар. Тіпті кейде «Қазақстан футболына қызығатындар бар ма, осы?» деген ойдың мазалайтыны да жасырын емес. Тағы бір айта кететін нәрсе, бүгінде спортсүйер көпшілік «Ақтөбе» мен «Шахтер» арасындағы кездесуді талқылаудан гөрі Испаниядағы «Реал» мен «Барселона» матчы үшін қызыл кеңірдек болғанды жөн көретін сияқты. Оны айтасыз, футболсүйер қауым Жамбыл Көкеевтің «Ақтөбе» қақпасына соққан жеңіс голы үшін емес, Фернандо Торрестің «Челси» үшін соққан алғашқы голы үшін қуанып жүр. Турасын айтсақ, сол жанкүйерлеріміз Көкеевтің қай командада ойнайтынын да білмейді. Өкінішке қарай, бұл – шындық. Шынында да, Қазақстан футболы көрермен тарта алмайтындай неге соншалықты көріксіз? Неге бізде 30 мыңдық стадионда ойынды тек 2,5 мың көрермен ғана тамашалайды? Неге біздің футболсүйер қауым кешқұрым басталатын «Локомотив» – «Қайсар» кездесуін емес, түн жарымда өтетін «Ливерпуль» – «Бирмингем» ойынын тамашалауға құмар? Айта берсек, бұл тұрғыда «неге?» деген сұрақты шексіз пайдалана беруге болады. Ал оған жауапты қайдан іздейміз?! Қазақстан футбол федерациясының таратқан мәліметіне сенсек, 8-турдағы алты ойында стадионға барлығы 19 500 көрермен келіпті. Бұл өткен турдағы көрсеткішпен салыстырғанда 4 800 көрерменге көп. Дегенмен алысқа бармай-ақ, көрші Өзбекстан чемпионатын алайықшы. Бұларда бір матчтың өзіне 20 мыңдай көрермен жиналады екен. Рас, кейбір кездесулерге 2 мыңдай ғана адам жиналатыны жасырын емес. Бірақ мұндай жағдай көршілерімізде тым сирек кездеседі. Әлбетте, стадионға көрермендердің тым аз жиналуының басты себебі жарнамада екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Ал бізде клубтардың жарнама жағы тым әлсіз. Басқа қаладағы ойындарды былай қойғанда, алматылықтардың өздері Алматыда өтетін ойындар кестесін дұрыс білмейді. Әйтеуір, келесі ойын туралы ең басты жарнаманы стадионның жанынан өтіп бара жатқанда ғана байқайсың. Басқа қалаларда да тап солай. Ал, біздіңше, ел чемпионатының жарнамасы тек стадион жанында ғана емес, әр көшенің қиылысында, тіпті телеарналардан да беріліп тұруы керек. Сонда ғана көрермендерді стадионға тарта аламыз. Сонда ғана ел футболының ажары кіреді. 8-турдың қорытындысы: «Локомотив» (Астана) — «Қайсар» (Қызылорда) – 5:1 Голдар: Жұмасқалиев, 25. Богавац, 63. Қонысбаев, 78. Шахметов, 90. Жұмасқалиев, 90+3 – Ыбыраев, 66. «Тараз» — «Восток» (Өскемен) – 3:1 Голдар: Исламхан, 26. Иованович, 29. Степанович, 88-пенальтиден – Лунин, 42. «Ордабасы» (Шымкент) — «Қайрат» (Алматы) – 2:0 Голдар: Касьянов, 22. Тәжімбетов, 85. «Жетісу» (Талдықорған) — «Ертіс» (Павлодар) – 1:1 Голдар: Щеткин, 90 – Даскалов, 80. «Ақтөбе» — «Шахтер» (Қарағанды) – 0:1 Гол: Көкеев, 56. Ойынның 55-минутында Чичулин (А) алаңнан қуылды. «Тобыл» (Қостанай) — «Атырау» – 0:0 Автор: Әзиз Жұмаділ
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×