ЛОРИЯ 250-ШІ КЕЗДЕСУІН ӨТКІЗДІ

04.05.2011, 23:46
ЛОРИЯ 250-ШІ КЕЗДЕСУІН ӨТКІЗДІ
Футболдан Қазақстан құрамасы және павлодарлық «Ертістің» қақпашысы 29-жасар Давид Лория Қазақстан біріншілігіндегі өзінің 250-ші кездесуін өткізді. Жерлесіміз үлкен футболдағы ең алғашқы ойынын 1997 жылдың 2 қыркүйегінде небары 15 жасында бастаған. Шортандының «Автомобилист» командасының сапында тер төккен ол семейлік ең алғаш «Елім-айға» қарсы ойында алаңға шығады. Сол ойында Лорияның командасы 2:4 есебімен жеңілген болатын. Тағы бір атап өтерлігі, сол төрт доптың бірін Самат Смақов соққан еді. Давид Лория Шортандының «Автомобилист», Көкшетаудың «Есіл», елордалық «Астана», Қарағандының «Шахтер», Астананың «Локомотив» және Павлодардың «Ертіс» командаларының қақпасын «күзеткен». Ол - Қазақстанның 3 дүркін чемпионы, 2006 жылғы Қазақстанның үздік футболшысы. Лория алаңға шығу жағынан Қазақстан құрамасының бұрынғы қақпашысы, жасыл алаңда 252 ойын өткізген Юрий Ишутинға жақындай түсті. Қызығы, Ишутин қазіргі уақытта Лория - қорғап жүрген «Ертіс» қақпашыларының жаттықтырушысы. Әзірше, ел біріншілігінде 338 кездесу өткізген Олег Воскобойниковті ешкім қуып жете алар емес. Бұрын «Ертіс» сапында ойнаған Юрий Новиков 291 рет алаңға шығыпты. Үздік үштікті 270 рет ойын өткізген Андрей Ненашев қорытындылап тұр. Одан кейінгі кезекте 255 ойын өткізген Даниил Рихард тұрса, Юрий Ишутин мен Давид Лория үздік бестік пен алтылықты өзара бөлісіп тұр. Е.ҚЫЗДАРБЕК
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×