Мақсат Тәйкенов: «Каспиймен» бірге үлкен жетістіктерге жеткім келеді»

12.10.2021 16:22 Ұлттық құрама

Тәйкенов Срджан Благоевичтің ерекше қасиеті туралы және өзінің болашағы туралы сөз қозғады.

Мақсат Тәйкенов: «Каспиймен» бірге үлкен жетістіктерге жеткім келеді»

"Каспий" клубы мен Қазақстан құрамасының ойыншысы Мақсат Тәйкенов Aladop.kz сайтына берген сұхбатында бүгінгі өтетін матч жайлы және өзінің болашағы туралы пікір білдірді.

- Босниямен өткен ойында Қазақстан құрамасының сол қапталында проблемалардың бар екенін көрдік. Ал сен Финляндияға қарсы алғашқы матчта негізгі құрамда шықтың. Бүгін бас бапкер тағы да мүмкіндік береді деп ойлайсың ба?

- Бас бапкер қандай шешім қабылдаса да мен сол шешімге сыйластықпен қараймын, егер де маған алаңға шығу бұйырып жатса, мен өз жұмысымды жасап, ұлттық құрамаға пайдамды тигізуге тырысамын.

- Бүгін өз алаңымыздағы соңғы ойын. Жеңіске жету қолымыздан келе ме?

- Әрине, жеңетін мүмкіндігіміз бар. Себебі, өзімізздің алаңымызда ойнайын деп жатырмыз. "Астана Аренада" стадионында ешкімге оңай болмайды, біздің ұлттық құрамадағы жігіттердің осы ойынға деген дайындықтары ерекше болды, сол үшін жеңіске жетуге тырысамыз.

- Ал енді клубың жайлы айтсақ. Сенің Қазақстан құрамасына шақырту алуыңа "Каспий" мен саған сенім артқан бас бапкердің септігі тиді. Осы орайда, Срджан Благоевич туралы қандай пікір білдіресің. Оның жаттығу кезінде қолданатын ерекше әдістері бар ма? Себебі көп футболшылар сол бапкердің қол астында ойнағысы келеді.

- Ия, әрине, менің ұлттық құрамаға шакырту алып, өнер көрсетіп жүргеним бірінші Алланың, екінші Срджан Благоевич пен оның бапкерлік штабының үлкен енбегінің аркасы деп білемін.

Срджан Благоевичтің ерекше бір әдісі - бұл адаммен сөйлесіп, керекті жерлерде қолдау көрсетіп, үлкен сенім білдіру. Сол сенімнің арқасында көптеген жігіттер бапкердің үмітін ақтауда.

- "Каспийдің" негізгі ойыншысына айналдың. Тәп-тәуір ойнап жүрсің. Маусымның аяқталуына аз қалды, басқа клубтардан ұсыныс түспеді ме? Әлде Ақтауда қалуды жоспарлап отырсың ба?

- Жылы сөздеріңізге және ниетіңізге үлкен рахмет. Болашақ туралы әңгіме қозғағанды жақтыра бермеймін, бірақ қазіргі және алдағы бар ойым Ұлттық құрама мен "Каспий" футбол клубында. Сөздің шыны керек, "Каспиймен" бірге үлкен жетістіктерге жеткім келеді.

0 пікір