Маусымдағы ең маңызды кездесу

26.10.2024, 16:03

Осы демалыста «Астана» мен «Ақтөбе» супер кездесуде жолығып, кім мықтыны анықтайды.

Маусымдағы ең маңызды кездесу
"Астана" - "Ордабасы" кездесуі

Сондай-ақ, «Ордабасы» «Жеңісті» жеңіп, премьер-лигадағы былтырғы жетістігін қайталауға тырысып көрмек. ҚПЛ-дің 24-турында жанкүйер қауым тағы не тамашалай алады?   

«Атырау» - «Елімай»

Қатарынан екі рет жеңіліс тапқан қонақтар жағдайды түзетуге тырысады. Андрей Карповичтің командасынан алтын жүлденің күтілмегені анық. Алайда, үздік үштіктің қатарынан көрінуге мүмкіндік әлі де мол деуге болады. Семейліктер бірнеше тур алғашқы үш команданың қатарында болған, бірақ соңғы ойындарда ұпайдан шашау шығарып алу себепті бесінші орынға бірақ сырғыды. Өткен жолы «Астанадан» өз алаңында масқара ұтылғаннан кейін (0:3) семейліктерде ес жиятындай уақыт болды. Бүгін енді мұнайлы шаһарда «Елімай» осы маусымдағы соңғы кездесулерінің бірін өткізбек. Бүгінгі бәсекеде барын салып қалмаса, келесі жолы оңай болмайын деп тұр, себебі, соңғы бәсекедегі қарсыласы «Ордабасы»...

«Атырау» өз деңгейінде ойнап шықты десек, еш артық болмас. Виталий Жуковскийдің шәкірттері маусымды аяқтап, ойша демалыста жүрген шығар. Турнирлік кестенің ортасындағы командалар қалай ойнайды, шамамен бүгін «Атыраудың» да солай өнер көрсетіп қалуы ықтимал. Өткенде «Қызыл-Жарға» тартысты теке-тіресте кеткен есені қайтарамыз демесе (3:2) бүгін «мұнайшылар» аса бір белсене қоймас.

«Ордабасы» - «Жеңіс»

Былтырғы чемпион үшін қалған үш финалдың бірі бүгін болайын деп тұр. Басты сауал, Кирилл Кекер Қостанайдағы сәтіздіктен кейін шәкірттерін дұрыс жолға сала алды ма? Әйтпесе, маусым соңында «Ордабасы» чемпионға тән мінез көрсете алар емес. Сүрінуге болмайтын тұста «Тобылдан» ұтылып, жағдайын нашарлата түсті. Енді бүгін «Жеңісті» жеңбесе шымкенттіктер үшін алтынның ауылы алыс дей беруге болады: қалған екі кездесуде тікелей бәсекелестерімен жолығады 25-турда Алматыда «Қайратпен» ойнаса, ал соңғы матчта «Елімайды» қабылдамақ.

Акис Вавалис пен елордалық ұжым премьер-лигадағы» орнын сақтау міндетін өткен турда орындап қойған секілді. Олай болса астаналықтар тек жанкүйер намысы үшін ойнамақ. «Жеңістің» бүгін чемпиондық үшін таласта жанталасқан алаң иелеріне ненің арқасында төтеп бере алатыны түсініксіз. Бірақ, кейде фавориттердің тап осындай ойындарда осалдық танытып жататыны бар...

«Шахтер» - «Қызыл-Жар»

Андрей Финонченконың орнына келген Константин Емельянов та қарағандылықтарды құрдымнан құтқарып қала алмады. Жеңілістен көз ашпаған «кеншілер» маусым соңына таман тіптен бас көтеретін емес. «Қайсардың» өзі өткен турда қарағандылықтардың артынан тас лақытырып, бейне бір премьер-лигадан қуып шыққандай әсер қалдырды (5:1). ҚПЛ-ден тарихында ешқащан төмендеп көрмеген қарағандылық клубтың бүгінгі хәлі аянышты-ақ. Иә, «Шахтерсіз» премьер-лиганы елестету қиын, бірақ шындық осындай болып тұр.

Петропавлдық ұжым жоғар дивизиондағы орнын сақтап қалды. Алайда, жалпы маусымды Әли Әлиевтің командасы үшін табысты деуге келмейді. Бәйгенің басында алдыңғы топта отырып «Қызыл-Жар» уақыт өте төмендей келе ақырында ұшып кетудің аз алдында қалған еді. Әли Әлиев қазірдің өзінде қателіктерімен жұмыс істеп, 2025-жылға жоспар құрып жатқан болар.  

«Астана» - «Ақтөбе»

Бұл осы турдың, жалпы биығы премьер-лиганың ең маңызды матчы. «Астана» мен «Ақтөбе» арасындағы ойында тіпті ҚПЛ-2024-тің алтын жүлдегерінің анықталып қалу мүмкіндігін де жоққа шығармаймыз. Бүгін ойнайтын бәсекелестері сүрініп, Григорий Бабаянның командасы үш ұпай иеленген жағдайда, елордалықтар шамамен 70-80 пайызға чемпион атанады. Ол үшін әрине «Астананың» өзі азулы қарсыласын ұтуы шарт. Қалай дегенде де «Астананың» алтынға таластағы тікелей бәсекелестері «Ордабасы», «Қайрат» пен «Ақтөбеге» қарағанда бір ойыны артық. Соңғы турларда міне осы фактордың шешуші рөл ойнап кетуі мүмкін.

«Ақтөбеге» де ертеңгі ойынның турнирлік маңызы зор. Игорь Леоновтың клубы «Астанадан» айласын асыра алса, қалған екі кездесуде «Шахтер» мен «Тұранды» ұтып, жақсылықтан үміт күтуге тура келеді. Бұл жерде де математика: «Ақтөбе» өз кездесулерінде максималды ұпай жиып, қалған қарсыластары сүрінуі керек болады.

«Тұран» - «Қайсар»

Түркістандық клуб үшін маусымның соңы оңай соғып жатқан жоқ, кілең турнирлік кестенің жоғары бөлігіндегі командаларға қарсы тұруда. Өткенде «Қайраттан» оңбай ұтылды (5:1). Енді бүгін “Қайсарға” қарсы тұрады. Соңғы үш матчы қалған “Тұранның” алда тұрған “Жеңістен” бір-ақ ұпайы кем. Түркістандық клубтың мақсаты соның қарымын қайтарып, жоғары дивизиондағы “тіркеуін” сақтап қалу.

“Қайсар” өткенде “кеншілерді” аяған жоқ. Көптеген кедергісі бола тұра “қасқырлардың” осылай күресті жалғастыруы керемет. Десе де, жалақы мәселесі шешілмесе, қызылордалық клуб футболшыларының алаңға шықпаймымыз дегені белгілі. Қалай болар екен енді?.. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 6
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×