Месси бағындырған рекордтар

27.11.2014, 04:01
Месси бағындырған рекордтар
Аргентиналық жарқын жұлдыз тарих парақтарын қайта жазуда. Бар болғаны 27 жасында әйгілі Сарраның, Раульдың рекордтарын жаңартып, өзінің футбол тарихындағы үздік футболшылардың бірі екенін дәлелдеген үстіне дәлелдеуде. Бұл футболшының кем дегенде 6-7 жыл футбол сахнасында өнер көрсетерін ескерсек, Гвардиоланың жақында ғана: "Месси өзінің голдар санын жақын жүзжылдықта ешкім де қуып жете алмайтын санға жеткізеді"-деген сөзінің жаны бар екенін мойындамасқа болмайды. Соған орай, Месси бағындырған, есте қаларлық 15 рекордты еске түсіруді ұйғардық. 1. Месси тарихта 4 мәрте "Алтын доп" иегері атанған жалғыз футболшы. Бұл жетістік жөнінен ол Марко ван Бастен, Мишель Платини, Йохан Кройфф секілді майталмандарды басып озған. Олардың еншілерінде 3 "Алтын доптан". 2. Чемпиондар Лигасында бір матчта 5 гол салған бірінші футболшы. 2010-2011 маусымның плей-офф кезеңінде "Байер" қақпасына "Барселона" тоғытқан 7 голдың 5-еуін Месси атына жазған. Бұл жетістікті жақында ғана донецкілік "Шахтердің" шабуылшысы Луис Адриано, топтық кезеңде "БАТЭ" қақпасына 5 гол салып қайталағаны есімізде. 3. 7 мәрте "Алтын допқа" үміткерлер қатарында болған. 4. 2012-2013 маусымда Испан Премьерасындағы барлық 19 команданың қақпасына гол салған. 5. Чемпиондар Лигасының матчтары аясында Еуропаның 21 қаласында гол салыпты. 6. 27 жасар Лионель  "Барселона" тарихында 27 мәрте хет-трикті атына жазған жалғыз футболшы. 7. Месси соңғы 5 жылда әр маусымда кем дегенде 40 гол салып жүрген. 8. 50! Осыншама голды Испан Премьерасы аясында бір маусымда қарсыластар қақпасына дарытқан жалғыз футболшы. Бұл жетістікке 2011-2012 маусымда жеткен болатын. 9. 74 голымен Чемпиондар Лигасы тарихындағы үздік сұрмерген. Кеше ғана ол әйгілі Раульды голдар санынан басып озды. 10. 2011-2012 маусымда барлық турнирлерді қосқанда 73 гол салған. Бір маусымда ең көп гол салған әзірге жалғыз футболшы. 11. Бір жылда 91 гол салып, ол даңқты Герд Мюллердің(71) рекордың жаңартты. 12. Испан Премьерасы матчтарында "Камп Ноуда" 100 рет мергендігімен танылған. 13. Сонымен қатар, барлық турнирлерді қосқан "Камп Ноуда" 203 голдың авторы атаныпты. 14. Испан Премьерасында 253 мәрте мергендігімен танылып, өткен ғасырдың үздік футболшылар қатарынан ойып тұрып орын алатын Сарраның рекордың жаңартты. 15. Барселона сапында барлық турнирлер аясында 368 гол салыпты. Бұл сөзсіз рекорд. Бұл көрсеткіш апталап өзгеріп жатыр.   Фараби ӘБДІХАЛЫҚ
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×