Мұхамеджан Сейсен: «Біз жеңіске жетеміз деген оймен алаңға шықтық»

14.09.2021, 00:32
Мұхамеджан Сейсен: «Біз жеңіске жетеміз деген оймен алаңға шықтық»

«Тараз» қақпашысы «Ақтөбемен» өткен ойын туралы клубтың баспасөз қызметіне пікір білдірді.

- Кешегі ойынға Обилор қатыспады. Олсыз қиын болмады ма?

- Шынында, оның орны білінді. Оби – қорғанысты тас қамал етіп тұрған команданың негізгі ойыншысы. Позициялық қорғаныс, әуедегі допқа талас, стандарттық жағдайлар – осының бәрінде оның пайдасы зор. 

- Матч кезінде бірнеше сейв жасадың. Қайсысы қауіпті шықты?

- Қауіпті болған сәттер аз болған жоқ. Мысалы, қарсылас команда шабуылшысының соққысы қорғаушымызға тиіп, қақпаға қарай ұшып бара жатқанда, барынша созылып жету керек болды. Сол сәттен бастап саусағымды жарақаттап алдым. Ауырып тұрса да, ойынды әрі қарай жалғастырдым. Сол сәт ең қауіпті болды деп ойлаймын. Дегенмен, командаластардың арқасында қақпаны голдан аман сақтап қалдық.  

- Осындай ойыннан кейін нәтижеге көңіл тола ма?

- Әрине, жоқ. Біз жеңіске жетеміз деген оймен алаңға шықтық. Қазір кез келген ұпай өте маңызды. Гол соғатын мүмкіндігіміз бола тұра, іске асыра алмадық. Бірақ өз алаңымызда өткізетін келесі ойында жеңіске жетеміз деген ойдамын. 

- «Тобылды» айтасың ғой...

- Ия. Біз кез келген қарсыласпен бір деңгейде ойнай аламыз. 

- Мұхамеджан, команда қосынына ұлттық құрамадан кейін бірден қосылдың. Құрамадағы жағдайды қалай бағалайсың? Ел командасына шақырту қалай әсер етеді?

- Кез келген ойыншы үшін ұлттық құрамаға шақырту алу – үлкен абырой. Толыққанды бір команда екендігі айқын сезіліп тұрады. Менің ойымша, Украина мен Босния құрамасымен тең ойнау – жаман емес нәтиже. Финляндиямен ойында да ұпай алуымызға болар еді. Алайда, сәттілік жетіспеді.

«Тараз» КФК баспасөз қызметі

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×