"Ахмат" ойыншысы Ғалымжан Кенжебек "Зенитпен" өткен ойыннан кейін мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Aladop.kz.
Кенжебектің айтуынша, сырт алаңда лиганың алпауыттарына қарсы тұру оңайға соқпаған. Дегенмен, команда соңына дейін ширығып баққан.
“Өте қиын болды. Есепті теңестіруге тырыстық, бірақ қолымыздан келмеді. Мұндай деңгейдегі командалармен олардың өз алаңында ойнау әрқашан ауыр, соған қарамастан барымызды салдық. Келесі матчта жеңіске жету үшін күш жұмсаймыз." — деді футболшы.
Журналистер Ғалымжанның алаңға ерекше құлшыныспен шыққанын байқап, оған жаттықтырушының қандай нұсқау бергенін сұрады. Қазақстандық легионердің жауабы нық әрі сенімді шықты:
"Маған басқаша шығуға болмайды. Мен негізгі құрамдағы орныма лайық екенімді дәлелдеп, жігіттермен бәсекелесуім керек. Жаттықтырушы маған мүмкіндік беріп жатыр ма — мен оны пайдалануым қажет.”
Осы маусымда Кенжебек "Ахмат” жейдесінде 5 кездесуге қатысып, жалпы алғанда 93 минут алаңда өткізді. Әзірге нәтижелі іс-қимылдарымен (гол немесе пас) көзге түсе қоймаған ойыншы алдағы мақсаты туралы қысқа қайырды:
“Алғашқы голымды жақында соғамын. Құдай қаласа, ИншаАллах!”