«Ордабасы» өзбекстандық футболшымен толықты

14.07.2022, 18:19
23 жастағы ойыншы осы маусымның соңына дейін «Ордабасыда» жалдау шарты бойынша өнер көрсетпек.
«Ордабасы» өзбекстандық футболшымен толықты

Шымкенттік «Ордабасы» БАТЭ клубының 23 жастағы жартылай қорғаушысы Шохбоз Умаровпен келісім-шарт жасасты.

Өзбекстандық ойыншы осы маусымның соңына дейін «Ордабасыда» жалдау шарты бойынша өнер көрсетпек. Ол шымкенттік клубтың өтініміне 49-нөмірмен енгізілді.

Умаров - «Пахтакор» командасының түлегі. Ол футболдағы кәсіби мансабын өзбекстандық АГМК клубында бастады.

2020 жылдың ақпан айында еркін агент ретінде «Энергетик-БГУ» командасымен келісім-шартқа отырып, Беларусь еліне қоныс аударды. Сол жылдың жазында БАТЭ оны 18 000 еуроға сатып алып, ойыншыны бірден «Энергетик-БГУ-ға» жалға берді.

БАТЭ-ге қайта оралған Шобхоз 2021 жылғы Беларусь чемпионатындағы ең үздік ойыншылардың бірі атанды. Сол маусымда Умаров 36 матч өткізіп, 6 гол мен 9 нәтижелі пасты өз еншісіне жазды.

Алайда биылғы жылдың басында Умаров БАТЭ клубының бас бапкері Александр Михайловпен жанжалдасып қалды. Сондықтан футболшы осы маусымда Беларусь Премьер-лигасында бірде-бір матчқа қатысқан жоқ.

Тағы бір айта кетерлігі, Умаров Өзбекстан құрамасында 3 кездесу өткізген.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×