"Ордабасы" таңғалдыруда

18.09.2011, 19:31
"Ордабасы" таңғалдыруда
Ел біріншілігінің 27-турының аясында ақтөбелік ұжым павлодарлық «Ертіске» қонаққа барды. Жүлдеге лайықты екі команда да бір-бірінің осал тұстарын іздеп, ойынды тартысқа толы өткізді. Жергілікті жанкүйерлер «Ақтөбеге» қарсы ойында өз командасынан финалға лайық ойынды күткен анық. Десе де, «Ертіс» анау айтқандай қауқар көрсете алмады. Алғашқы жарты сағат вице-чемпиондардың пайдасына қалды. Қонақтардың допқа иелік етуі павлодарлықтарға қарағанда әлдеқайда көп болды. Алғашқы қауіпті шабуылды ақтөбеліктер ұйымдастырды. Малик Маненің соққысын алаң иелерінің қорғаушылары бар күшімен тоқтатты. Бірінші таймның соңғы минуттарында Мане жарақатына байланысты өз орнын Аверченкоға босатты. Мұнан кейін «Ертіс» те қарап қалмады. Стандарттық шабуылдан кейін әуедегі допқа бірінші жеткен Мамуту Кулубалидің баспен бағыттаған соққысы Сидельников қақпасында тулады. Алайда, «Ертіс» жанкүйерлерінің өкінішіне орай, қапталдағы төреші голдың оффсайдтан соғылғанын білдірді. Екінші таймда қос команданың қақпасында қауіпті шабуылдар орнады. Тек қай команданың да шабуылшылары мүлт кетіп жатты. Осылайша ойында есеп ашылмады. Ал Премьер-Лиганың басқа ойындарына тоқталсақ. 27-турдың орталық ойыны Қарағандыда өтті. Жергілікті «Шахтер» көшбасындағы «Жетісуды» қабылдады. 10-минутта Қонысбаев «кеншілерді» алға шығарса, Бақаев екінші таймда есепті теңестірді. Ойынның бітуіне санаулы минут қалғанда Көкеев гол соғып, алаң иелеріне жеңіс сыйлады. Ал «Ордабасы» футболсүйер қауымды таңғалдыруын жалғастыруда. Елордалық «Астанамен» өткен ойында Тәжімбетов, Косьянов голдарына, Нұрдаулетов пен Жалмағанбетов жауап қайтара алған. Бұл есеп ұзақ сақталмады. Ойын бітуіне таяулағанда айып добын орындаған Косьянов ойынға нүкте қойды. Қорытынды есеп – 3:2. Ал төменгі алтылықтардың да арасындағы ойындар қыза түсуде. «Қайсар»-«Тараз» ойынында Иван Перичтің қос голы қызыордалықтарға жеңіс әкелді. «Атырауды» қабылдаған өскемендік «Восток» жанкүйерлерінің алдында тізе бүкті. Алдымен Згура есепті ашса, Данилюк дубль жасап, «Атыраудың» турнир кестесіндегі жағдайын түзеді. Оңтүстік астаналық «Қайрат» ел чемпиондарына «Тобылды» қабылдады. Және жанкүйерлерінің төбесін көкке жеткізіп тастады. Шакиннің қос голы мен Головскойдың жалғыз соққысы «Тобылдың» тағы да күйрей жеңілуіне себеп болды. Есеп – 3:0. Келесі турда «Ақтөбе» қарағандылық «Шахтерді» қабылдайды. Биылғы біріншілікте «кеншілерді» жеңе алмаған едік, бұл керемет мүмкіндік. Сондықтан сіз, біз болып жерлестерімізге жанкүйер болайық! Есет ТӨЛЕШ.
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×