Орыстың ең танымал Александры

02.12.2010, 19:20
Орыстың ең танымал Александры
Ресей футболының күллі әлемге танылының себепкері саналатын бірегей футболшылардың бірі – Александр Кержаков. Еуропа футболын дүр сілкінтіп, барша «кәрі құрлық» қорғаушыларының қорқынышты түсіне айналған Саша алып империяның ең танымал, әрі белді ойыншысы болып қала бермек. Александр Кержаков 1982 жылы 27 қарашада Ленинград облысының шағын Кингисепп қаласында дүниеге келген. Александрдың жанұясында өзінен 5 жас кіші Михаил Кержаков деген інісі де футбол ойнайды. Тек қақпашы позициясында. Сашаның өміріндегі алғашқы бапкері оның сол кездегі 2 – ші дивизионда  «Химкиде» ойнайтын әкесі болды. Оның ойнаған бірінші клубы «Светогорец» болса, ал 11 жасында «Зениттің» футбол мектебіне қабылданады. Жас баланың шеберлігіне тәнті болған клуб басшылығы оны клубқа қуана-қуана қабылдайды. Дегенмен, футболдағы алғашқы (кәсіби деңгейдегі) екі жылын «Светогорецтен» бастайды. Осыдан кейін «Керж» бүкіл Ленинград облысының басты клубы питерлік «Зенитпен» келісім шартқа отырады. Біраз уақыттан кейін біздің батырымыз бұл клубтың негізгі құрамында өнер көрсетеді. Сөйтіп, бірінші жылы-ақ, премьер-лигада қола медалдің иегері болып шыға келеді. Питерлік «Зенит» үшін салған алғашқы голы мәскеудің «Спартагы» болды. «Құласаң нардан құла» демекші, біздің бүгінгі жұлдызымыз осы мақалды әрдайым жадында ұстайтын секілді.

Футбол.кз анықтамасы

Александр Кержаков Туылған жылы: 27.11.1982 ж Туылған жері: Кингисепп, Ленинград облысы, Ресей Футбол клубы: «Зенит», Санкт – Петербург Бойы: 175 см, Салмағы: 67 кг Алаңдағы орны: шабуылшы Келесі маусымда Александр премьер-лиганың «ең үздік жас ойыншысы» деген атағына ие болады. Ұлттық құрама тізгінін ұстап отырған сол кездегі бас бапкер Олег Романцев бұл жігіттің ойынын байқап қалып, өз қосынына алып, Жапония мен Кореяда өтіп жатқан Әлем Чемпионатына алып кетеді. Алаңда Д.Сычев екеуі бар күштерін салып ойнағанымен Ресей үшін бұл чемпионат сәтсіз болып аяқталады. Ол 2002 жылы «Зенит» сапында 14 гол салады. 2003 жылы клубты чех бапкері Властимил Петржела басқарғаннан кейін Алекандр алаңға көп шықпай қалады. Бұған келіспеген Кержаков толассыз дайындықтың нәтижесінде алаңға тұрақты түрде шығып тұрады. Сол жылы ішкі чемпионатта 18 гол салып, сондай-ақ еуротурнилерде де бірнеше гол ұрады. 2004 жылы 19 гол ұрып, премьер – лиганың бомбардирі атанады. 2005 жылы Петржеланың орнына бельгиялық маман Дик Адвокат келгеннен кейін Александрды негізгі құрамнан алып тастап, ойыншы сол жылы небәрі 6-ақ гол салады. 2006 жылғы ұзақ келіссөздерден кейін клуб басшылығы футболистті испанияның «Севильясына» жібереді. Бұл клубта өзінің керемет ойын өнерімен көзге түскен Саша маңызды ойындарда бірнеше доп ұрып, бапкер көңілінен шығады. Сол сәтті жүрісінен таймаған Саша менен «Севилья» 2006/07 жылғы маусымда УЕФА Кубогін жеңіп алды. Енді ғана Испанияға үйрендім-ау дегенде, әріптестері Луис Фабиано мен Канутелер ойнағанда Саша алаңға «сыймай» қалады. Соны ескерген орыс жігіті «ат айналып қазығын табар» демекші, добын құшақтап Ресейге қайтады. Мәскеудің «Динамосында» біраз ойнап көріп, бірнеше голдар салғанымен, бұл клубта тұрақталып қалмай өзінің жұлдызы жанған «Зенитіне» қайта оралады. 2010 жыл Кержаков үшін сәтті болды десек те болады. Кержаковқа қарап тіпті тәнті боласың. Осы маусымда тек ішкі біріншілікте 14 гол және Еуропа Лигасында да біраз гол салды. Сонымен қатар, биылдың өзінде берілген нәтижелі пастарының арқасында клубтастары біраз голдың авторы атанғанын бәріміз білеміз. 2010 жылғы Ресей чемпионы Александр Кержаков ұлттық құрама сапында атақты Андрей Аршавинмен шабуыл өтінде ойнап, командаларын өрге жетелеп жүрген суперойыншылардың бірі болып танылады.

Руслан БАҚЫТЖАН

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×