"Қайрат"-"Астана". Мадридке бармадық, Алматыны аламыз деп.

25.10.2015, 06:07
"Қайрат"-"Астана". Мадридке бармадық, Алматыны аламыз деп.
Қазақстан Премьер-Лигасының 30-шы турында чемпионаттың алтыны сарапқа салынатын "алтын матчты" жанкүйерлер тағатсыздана күтуде. Әрине, жүлдені матч аяқталысымен жеңген команданың мойнына іле қоймас. Алайда, ары қарай күрес жалғаса ма, әлде "Қайрат" чемпиондыққа жақындай ма деген сұраққа толыққанды жауап қатпақ.  Дәл осы "алтын матчта" сүрініп, қапы қалмас үшін Станимир Стойловтың қандай құрбандыққа барғанын жақсы білесіздер. "Астананың" бапкері Мадридтегі атақты "Висенте Кальдерон" стадионына, Чемпиондар Лигасының ойынына жартылай екінші құрамды жіберді. Бұл жағдай елде, шетелде де екі түрлі қабылданған жайы бар. Бірі: "әр клубтың өз билігі өз қолында, өзі шешеді, тергеуге ешкімнің құқығы жоқ"- десе, енді бірі: "Чемпиондар Лигасының топтық кезеңіне шығуына маңдай терін төккен футболшыларды, топтағы ең атақты қарсыласқа қарсы қонақта ойнау мүмкіндігінен айырғаны дұрыс болмады, әрі еурокубокте ойнайды екенсің, ендеше аптасына екі матч өткізуге дайын болу керек"-деп ой айтады. Әрине, әркімнің өз ойы бар. "Астанаға" осы маусымдағы чемпиондық пен келесі жылғы Чемпиондар Лигасы өте қажет. Команданың мақсаты-былтырғы чемпион атағын қорғап қалу. "Қайратпен" шындап шайқасу үшін Мадридтегі ойын кедергі болғаны анық. Еуропаның үздік командаларының біріне қарсы құрлықтың сонау түкпірінде өнер көрсетіп, үш күннен кейін "Қайратпен" Алматыда терезесі тең ойнау қиын іс. Сондықтан, Стойловтың таңдаған жолы осы болды. "Қайраттың" бапкері-Владимир Вайсстың алдына қойылған талап команданы Қазақстан чемпионы атандыру. Дәл осы атақты алматылықтар он жылдам астам уақыт күтуде. Әрине, оның біраз жылында клуб турнир кестесінің екінші жартысында жүрді, ҚПЛ-дан шығып та қалды. Ал, словакиялық маманның арқасында жыл сайын команда турнирдің биік шыңынан жақындауда. Осы жылғы чемпионаттың қорытындысы-Вайсстың Алматыдағы тағдырын да шешуі мүмкін. Басшылықтың үш жылдан бері алтынды сарғайып күткені анық. Қос команданың арасындағы соңғы кездесудің тағдырын-бір гол ғана шешкен еді. "Астана-Аренадағы" ойын тізгіні біресе "Қайраттың", біресе "Астананың" қолында болды. Бүгінгі ойыннан да көп гол күтудің қажеті шамалы. Екі команда да сақ ойнайтыны түсінікті. Алғашқы тайм тең аяқталса, екінші таймда "Астана" алға ұмтылады. Шабуылдауға ұмтылмау-"Қайратқа" чемпиондықты өз қолыңмен тапсырдың деген сөз. Апта бойы тыныққан жартылайқорғаныс пен шабуыл өтіндегі футболшылар нағыз бабында екені белгілі. Сонымен қатар, "Қайрат" сапында Исламханның алаңға шығу-шықпауы да алматылықтар ойынына әсер етпек. Өткен турда өз алағында "Атырауға" қарсы ойында Гоу, Исаэль секілді футболшыларға соңғы пасты дәл жеткізер плэймейкердің жоқтығы көрініп тұрды. Әрине, дәл бүгін қос команданың қайсы мықты десең, таңдау "Астанаға" ауатыны түсінікті. Елордалық ұжым еурокубоктік ойындарда ысылған командаларға қарсы ойнап мол тәжірбие жинады. Алайда, ойынның ашық өтуіне кедергі болатын жайт, "Қайратқа" тең нәтиже де жеңіске пара-пар екендігі. Ойын алдында алматылықтарда турнир кестесінде де, психологиялық та басымдылық болатындығында. ҚПЛ. 30-шы тур.  "Қайрат"-"Астана" 25-ші қазан. Алматы. Орталық стадион. 18:00 Кездесулер саны: 17 "Қайраттың" жеңісі: 3 Тең нәтиже: 5 "Астананың" жеңісі: 9 Үздік сұрмергенер: Жерар Гоу("Қайрат", 4 гол). Таңат Нөсербаев("Астана", 5 гол) Ең нәтижелі кездесу: "Астана"-"Қайрат" 4:3(Астана, 19.04.2015)   Фараби ӘБДІХАЛЫҚ  
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×