«Қайрат» бапкерін тапқан секілді

22.11.2012, 19:48
«Қайрат» бапкерін тапқан секілді

Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)

Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото) «Бапкерлік ғұмырымның сәтті өрбігені үшін «Қайрат» командасына мәңгілік қарыздармын». Алматылық клубпен келісімшартқа отыру үшін кеше оңтүстік астанамызға табан тіреген словакиялық маман Владимир Вайс баспасөз мәслихатындағы алғы сөзін осылай бастады. Кезінде өзінің бапкерлік ғұмырының сәтті өрбуіне мұрындық болған клубқа енді қарызын еселеп қайтармақ.  Ұшақтан түсе сала бірден қала әкімшілі­гіне жол тартқан Владимир Владимирович алдымен Алматы әкімі Ахметжан Есімовпен кездесіпті. «Қайрат» футбол клубы бақылау кеңесінің төрағасы Қайрат Боранбаев болашақ бапкерді бірінші ретте шаһар басшысымен таныстырып алғанды жөн көрген екен. Одан кейін клубтың базасына келіп, жағдайды бағамдап алғаннан кейін түске таман баспасөз мәслихаты да ұйым­дас­тырылды. «Бірден айтып өтейін, келісімшартқа әлі қол қойылған жоқ, – деп бастады баспасөз мәслихатында алғаш болып сөз алған Қайрат Советайұлы. — Вайс бірінші кезекте клубтың жағдайымен толық танысып алмақшы. Бапкерлер құрамымен кездеспек, футболшылармен таныспақ, ел футболын бағамдап алмақ. Содан кейін ғана келісім­шартқа қол қойылатын болады. Дегенмен Владимир Владимировичтің өзі команданы қолға алуға құлық танытып отыр. Біз де осы маманға тоқтадық. Келісімшартқа қол қою рәсімі – тек уақыттың еншісіндегі шаруа». Дегенмен бақылау кеңесінің төрағасы Вайстан өзге мамандармен де келіссөздер жүргізгенін жасырған жоқ. Бірақ олардың барлығы бүгінде бір-бір клубтың тізгінін қолдарына ұстап тұрғандықтан, ешқайсы­сының да есімдерін атауды жөн көрмеді. Бірақ барлығының да еңбектері жанған жаттықтырушылар екенін атап өтті. – Жаңа жаттықтырушыны екі ай іздедік. Таңдауымыздың Вайсқа түскен себебі: ол біздің футболмен жақсы таныс. Ресей футболында жұмыс істеп, Раменск қаласы­ның «Сатурн» клубын жаттықтырған. Орысшаға да судай. Ал тіл мәселесі Қазақ­стан үшін өте маңызды, – деді Қ.Боранбаев. Егер қалатыны нақты болса, келісімшарт үш жылға жасалмақ. Бұл – екі тараптың да қалауы. Бізді де қуантқаны осы болды. Өйткені, шыны керек, бір жылда бапкердің команданы жоғары дәрежеге көтеріп үлгермейтіні белгілі. Оған талай рет көзіміз жетті. Дәлелдер де жетерлік. Мәселен, ресейлік маман Вячеслав Грозныйдың жаттықтыруымен Қос­та­най­дың «Тобылы» ел біріншілігінде нашар ойнаған жоқ. Бірақ оған бір-ақ жыл мүмкіндік берілді. «Орда­басыны» жаттықтырған молдова­лық маман Виктор Пасуль­коның жағдайы да осыған ұқсас. Ал тұрақтылықтың командаға береке бере­тінін «Ақтөбе» мен «Ертіс» жақсы дәлелдеді. Қайта бұл тұрғыда «Тараз» фут­бол клубының басшылары дұрыс шешім қабылдады. Өткен маусымда киелі қаланың командасын өрге сүйреген серб маманы Любко Петровичпен тағы бір жарым жылға келісім­шарт жасасқанын жанкүйер біткеннің барлығы қуана қабылдағаны рас. Вайс та Алматыда ұзағырақ тұрақтағысы келетінін жасырмады. – Үш айда команданы бәсекеге қабілетті етіп баптап шығаратындай сиқыршы емеспін ғой. Ол үшін уақыт керек. Үш жылдық келісімшартты ұсынғанына қуанып отырғаным сондықтан. Футболшылармен де ұзақ мерзімді келісімшарттар жасалуы тиіс деп есептеймін. Өкінішке қарай, «Қайратта» да қарымды ойыншылардың біразы бір-ақ жылдық келісімшартқа отырған екен. Осы мәселені ретке келтіру қажет. Егер ортақ келісімге келіп, келісім­шартқа қол қойып жатсақ, онда команданы биіктерге шығару үшін барымды саламын, – деді Владимир Вайс. Словакиялық маманның сөзінен аңғар­ғанымыз: ол жасыл алаңда 3-4-3 және 4-2-3-1 жүйесімен ойнағанды ұнатады екен. Жалпы, «Қайраттан» бөлек, Владимир Владимировичте өзге командалардан ұсы­ныс­тар болған. Солардың бірі — ғаламтор сайттарында жарияланған «Мордовия» клубы. Оны Вайс бапкер былай деп түсін­дірді: «Екі-үш ай жұмыссыз жүргендіктен, ұялы телефоныма тыным болмады. Күнде үш-төрт команданың өкілдері хабарласып жатты. «Мордовиядан» да шақырту болға­ны жасырын емес. Дегенмен, міне, Алматы­ға келіп тұрмын. Демек, мені «Қайраттың» қызықтырғаны ғой». Иә, Владимир Вайс қазақ футболының жанкүйерлеріне жақсы таныс. Естеріңізде ме, 2005 жылы Чемпиондар лигасының бірінші іріктеу кезеңінің аясында «Қайрат­пен» Словакияның «Артмедиасы» кездесіп, Алматыдағы ойында 2:0 есебімен жеңген жерлестеріміз түзде де керемет ойнап, тек қосымша уақыттың аяқталуына 15 секунд қалғанда шешуші голды жіберіп алған. Міне, сол кезде «Артмедианы» осы маман жаттықтыратын. «Қайратты» жеңгеннен кейін Шотландияның «Селтигінен» де ба­сым түсіп, еурододада біраз межеге дейін жеткен еді. Соның арқасында кейін Слова­кия ұлттық құрамасын да жаттықтырып, 2010 жылғы әлем біріншілігіне шығарған. Азулы Италия құрамасының өзін тізе бүктірген. Бір сөзбен айтқанда, «Қайратқа» қарсы ойыннан кейін Вайстың тасы өрге домалаған. Оны өзі де мойындайды. – Менің жолымды ашқан «Қайрат» болды. Егер әлгі қосымша уақыттың соңғы 15 секундында соғылған гол болмағанда менің былайша атақты болуым екіталай еді. Сол үшін «Қайратқа» мәңгілік қарыздармын және де соны өтеу мақсатында қолымнан келгеннің бәрін жасаймын, – деп ағынан жарылды словак маманы. Енді Вайстың «Қайратта» қалу-қалмауы алдағы аптада шешілуі тиіс. Дегенмен қос тараптың сөздерінен аңғарғанымыз: клуб пен бапкер бірін-бірі тапқан секілді. Автор: Әзиз ЖҰМАДІЛ алаш айнасы
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×