Қайсар Әбдірайымов: «Ордабасы» клубының Пасулькоға өкпесі жоқ

22.11.2012, 19:53
Қайсар Әбдірайымов: «Ордабасы» клубының Пасулькоға өкпесі жоқ

Өткен жылы өз жанкүйерлерін дүр сілкіндірген «Ордабасы» биыл сол қарқынын бәсеңдетіп алғанымен, тұңғыш рет ел суперкубогын жеңіп алды. Облыс тарихында алғаш рет еурододаға қатысып, оңтүстікті Батысқа паш етті. Жақында «Ордабасы» клубының президенті, ҚФФ тексеру комиссиясының мүшесі Қайсар Әбдірайымовпен кездесіп, сөзге тартқан едік.

  – Қайсар Рақымбекұлы, биылғы чемпионатты «Ордабасы» нәтижелі аяқтады деп ойлайсыз ба?   – Өткен жылғы көрсеткішімізге жете алмасақ та, премьер-лиганың бел ортасы­нан көріндік. Чемпионатты тәп-тәуір бастап, Астана төрінде суперкубокты жеңіп алдық. Суперкубокты Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қолынан алудың өзі үлкен құрмет екенін сезіндік. Былтыр 12 команда­ның арасынан 6-орын алсақ, биыл 14 ко­манда арасындағы додада 7-орынды қа­нағат тұттық. 26 ойын өткізіп, оның 10-ында жеңіске жеттік. Тоғыз ойынды тең аяқ­тап, жеті кездесуде жеңіліп қалдық. Қарсы­ластар қақпасына 29 гол соғып, өз қақпа­­мыз­дан 24 доп қармадық. Командамыздың үздік мергендері атанған Дәуренбек Тәжімбетов пен Мансұр Гуйенің еншісіне жеті доптан жазылды. Сондай-ақ Гуйе еуро­лигада үш доп соқты. Еуролига додасына қатысып, төрт ойын өткіздік. Әуелі Сербия­ның «Ягодина» деген клубымен кездестік. Футбол жанкүйерлері жақсы біледі, қазір Қазақстан чемпионатындағы командалар­дың барлығында дерлік серб ойыншылары бар. Біздегі қорғаушы Трайкович пен Джи­лас та – сол елдің азаматтары. Бірінші  ке­зең­нен сүрінбей өтіп, екінші кезеңде Нор­вегияның «Русенбург»  атты азулы клубы­мен кездестік. Өте тартысты өткен екі кездесудің қорытындысы бойынша бір доп айырма­сымен жеңіліске ұшырадық. Осыдан кейін ел чемпионатында біраз уақыт тоқырауға ұшырағанымыз рас. – Иә, Еуропа сапарынан кейін ко­ман­дада құлдырау кезеңі басталды. Әр тур сайын жеңіліске ұшырап, облыс бас­шылығы мен жанкүйерлердің сені­мін жоғалтып ала да жаздады. – Сол сәтте тығырықтан шығу мақса­тында команданың бас бапкері Виктор Пасулькоға ескертулер жасауға тура келді. Бас бапкер «футболшылар «Русенборгпен» болған ойында өздерінің барлық күш-жігерін сарп етіп, кейінгі ел чемпионатын­дағы ойындарда лайықты деңгейде ойнай алмады, шаршап қалды» деп түсініктеме берді. Сонда клуб басшысы ретінде оның бәрін маусым алдындағы оқу-жаттығу жиындарында алдын ала ойластыруы керек екендігін көлденең тарттық. Өйткені ол Еуропа лигасында ойнайтынымызды алдын ала білді ғой. Негізі, біз оның талаптарының бәрін де мүлтіксіз орындадық. Командаға аламын деген ойыншыларының барлы­ғына дерлік ешқандай да қарсылық білдірген жоқпыз. Сонымен бірге Қазақстан чемпио­натындағы Фархадбек Ирисметов сынды өте тәжірибелі ойыншыны сақтап қала алма­ғанын да айттық. – Бір көңіл аударарлығы, биыл «Ордабасы» клубы айып төлеумен ерекше «көзге түсті»... – «Астанамен» өтетін ойын ауа райының қолайсыздығына байланысты кейінге шегерілді. Өкінішке қарай, жергілікті жан­күйер­­лер «Астана» клубының баспасөз қызметкеріне қыр көрсетіп, сол үшін қомақ­ты сомада айыппұл төледік. Тараз қаласына барып, төрешінің атына жасалған жанкүйер­лер наразылығы үшін де айыппұл төлеуге мәжбүр болдық. Сондай-ақ «Ордабасы» мен  «Шахтер» арасындағы матчта А.Касья­новты кеншілер клубының қорғаушылары айып алаңында шалып құлатты. Оны төреші байқамай қалды. Осыған шыдай алмаған жанкүйерлер төрешінің атына ғайбат сөздер айтып, алаңға шөлмектер мен басқа да заттарды лақтыра бастады. Ойын тоқтап қала жаздады. Сол үшін де клубқа қомақты көлемде айыппұл салынды. Футболда жасыл алаңға түскен әрбір зат үшін айыппұл төлеу қарастырылғанын білесіз. Сөйтіп, жанкүйерлердің қолымен істегенін мойны­мызбен көтердік. – Бас бапкердің оғаш әрекеті үшін де жазаға тартылыпсыздар... – Жалпы, футбол ойындары адамның делебесін қоздыратын дода ғой. Кейде бап­керлердің де делебесі қозып, өздерін ұстай алмай қалады. Эмоциясы басым адамдар үшін мұныңыз – нағыз драма. В.Па­сулько – кезінде КСРО құрамасында ойнаған қызу қанды азамат. Оның да өзіндік пікірлері бар. Кейде ашу-ызамен төрешінің атына сын айтып қалады. Өзіне белгіленген аймақтан айқайлап шығып кетеді. Сол үшін жауапқа тартылдық, айып та төледік. – Соңғы кездері баспасөз беттерінде бас бапкер В.Пасулько жайлы мате­риал­дар басыла бастады. Қарап отыр­сақ, білікті бапкердің команда мүше­лерімен арасы жақсы емес көрінеді. Мұны қалай түсінуге болады? – «Ордабасы» клубының жарқын жетістіктері, атап айтқанда, 2011 жылғы ел кубогын және 2012 жылғы суперкубокты жеңіп алуы тікелей бас бапкер В.Пасулько­ның ерен еңбегі екенін біз ешқашан да жоққа шығармаймыз. Виктор Василевич коман­да­ны шеберлігі толысқан футболшы­лармен жасақтап,  тұңғыш рет облыс фут­бо­лының тарихында еуролига додасында доп тепті. Еуролигаға қатысып қана қой­май, азулы командалармен тіресіп, тіпті алғашқы ай­на­лымда Сербияның «Ягоди­насын» жолы­нан ығыстырды. Екінші кезең­де Норве­гияның ғана емес, Еуропаның азулы ко­ман­даларының біріне баланатын «Русенборгпен» де тайталасты. Матчтың соңғы секундтарында гол жіберіп алған командамыздың сапында аса тәжірибелі ойыншымыз, команда капи­та­ны Қайрат Әшірбеков болма­ды. Ол жарақатына байланысты жасыл алаңға шықпаған еді. Төреші  түсініксіз жағдайда А.Касьяновтың 11 метрлік айып добын орындауда соққан голын есепке алмады. Міне, осындай психоло­гиялық жүк­темелер команданы тең ойын­ды ұстап қалу мүмкіндігінен айырды. Солай бола тұра, команда, қай жағынан алып қарасаңыз да, өз атына лайық дәре­жеде өнер көрсетті. Бас бапкердің такти­каны дұрыс таңдап, футболшылармен тіл табыса білуінің арқасында жеткен жетістігін де айтуға тиіспіз. Чемпионатты 7-орын­мен аяқтаудың өзі зор жетістік болып табылады. Дегенмен жұмыс болғаннан кейін кем­шілік­тердің  де болмай  тұрмайтыны белгілі. – Бас бапкер «футболшыларға жағдай жасалмаған» депті. Бұл ретте стадионның халықаралық матчтар өткі­зуге сай еместігі мен қарапайым мүмкіндіктердің қарастырылма­ғанды­ғын тілге тиек еткен.   – Ол рас. Виктор Василевич күні бүгінге дейін бізде халықаралық аренада додаға түсіп жүрген кәсіби клубтардағыдай жағдайдың жоқ екендігін алға тартады. Орталық стадионның біздің клубтың иелігі­не қарамайтынын  айтқанымызбен, оны иландыра алмадық. Расында да, Шымкент­тегі орталық стадионның жағдайы УЕФА-ның талабына сай емес. Өзін осы толғанды­ратындығын, футболшылардың жаттығу жұмыстарын жасауына қиындық туғызып жүргендігін айтқан. Сонымен қатар еуро­лига аясындағы үйдегі матчтарымыздың Алматыда өткендігіне өкініш білдірген. «Бәлкім, сол ойын өз алаңымызда өткенде нәтиже басқаша болар ма еді» деген ойын да жасырмаған. Қазіргі таңда облыс бас­шы­лығы тарапынан орталық стадионды күрделі жөндеуден өткізу үшін  арнайы жұ­мыс­тар басталды.  Енді футболшылар стадионның жанынан ойынға шығатын болды. Төрешілер үшін арнайы жұмыс бөл­месі, баспасөз орталығы іске қосылды. Біртіндеп жанкүйерлер отыратын орындық­тар да қалпына келеді. Ел чемпионаты аяқталған соң бас бапкер В.Пасулько мен «Ордабасы» кәсіби футбол клубы арасындағы келісімшарт мерзімі аяқталды. Сондықтан ұжым болып, жер­гі­лікті жанкүйерлердің атынан тәжіри­белі маман В.Пасулькоға жылы лебізімізді білдіріп,  алғыс айтып, өз еліне   шығарып салғанбыз. – Алдағы маусымда құрама сапын­да қандай өзгерістер  болады? Кімдерді команда сапынан көре алмаймыз? – «Ордабасы» клубының тасқамал қорғаушысына айналған серб А.Трайкович, шабуылшы В.Джилас, орталық қорғаушы М.Арури секілді шеттен келген ойыншы­лармен келісімшарт аяқталды. Сонымен қатар М.Жалмағанбетов, Р.Пахолюк, Р.Нес­те­ренко, Д.Тәжімбетов сынды футболшылар басқа клубтарды таңдауда. Бізге де бірнеше ойыншы келеді. Оны қысқы оқу-жаттығу кезінде біле жатарсыздар. Өзіміздің сүйікті ойыншыларымыз Азат Нұрғалиев, Пирали Алиев, Санат Жұмаханов бастаған команда­ның 80 пайыздай ойыншылары өзімізде қалады. Бізге қандай да бір қиын сәттерден команданы алып шыға алатын, гол соғуға бейімді мерген шабуылшы керек. Біз ша­буыл шебінде талай оңтайлы мүмкіндікті кәдеге жарата алмай, опық жеп жүрміз. Ең бастысы, командада қаламын деген ойыншылардың саны біздің клубтан кететін ойыншылардан он есе көп. – Енді бас бапкерлеріңіз кім болады?  – Қазір бірнеше маманмен келіссөздер жүріп жатыр. Жалпы, бізде шетелдерден маман шақырамыз деп, өз еліміздегі білікті бапкерлер жұмыссыз қалып жатыр. Қазір­дің өзінде PRO халықаралық дәрежесі бар 20-ға тарта маман жұмыссыз отыр. Сон­дықтан олардың да болашағын ойлау керек. Шеттен келген маман ешқашан да жергілікті жастар өссін, осылардың шебер­лі­гін шыңдауға күш салайын демейді. Оларға дайын футболшылар керек. Талғамы жоғары жанкүйердің талабы – жергілікті футболшылардың жарқырай көрінуі. Осы ретте жанкүйер қауымға  өзі­міз­дің ықыласымызды білдіріп қойғанның артықтығы жоқ. Автор: Ілияс ЖОЛДАС алаш айнасы
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×