Қан жүгірді

20.09.2014, 02:48
Қан жүгірді
Ұлттық құрама футболдан Еуропа біріншілігіне іріктеу шеңберінде Латвиямен кездесу өткізді. Ұлттық арнадағы «Айтуға оңай» бағдарламасы жарады. Бір хабарын түгел осы матчқа арнап, Астана мен Алматы арасында арнайы телекөпір ұйымдастырды. Қазақстан Футбол федерацияның өкілдері жағдай оңалады деп сендіруге тырысты. 


Әрине, ұлттық құ­ра­ма өз тобында озып шығып, чем­пио­­натқа қатысады деп уәде берген жоқ. Бер­мегені дұрыс. Өйт­кені, Голландия, Че­хия және Түр­киямен үзеңгі қа­ғыс­тыру – көтере алмас шоқпарды белге байлаумен бірдей. Әйтсе де, феде­рация бір кездері 2016 жылы кәрі құрлықтың бірін­шілігінде ойнаймыз деген сипатта мәлімдеме жаса­ған. Қазір оны еске алып жатқан ешкім жоқ...
Латыштармен кездесу қарсаңында елеулі ауыс-түйіс болды. Саян Хамитжанов басқа жұмысқа ауысты. Ұзақ уақыт бойы отандық футболдың ба­ғыт-бағдарын белгілеп келген Михаил Гурман қыз­метінен кетті. Сол кісінің тұсында Пайперс, Шторк, Беранек секілді тәжі­рибесіз шетелдік бапкерлер ұлттық құраманы төрден босағаға сүйреді. ФИФА рейтингісінде Ауған­­стан, Үндістан секілді елдермен көршіміз. Ресей чем­пионатының екінші лигасында ойнайтын ор­тан­қол футболшылар еліміздің азаматтығын алып, құрамаға қабылданып жатты. Қосазаматтық алуға тыйым салатын заңды белден басқандар да бар арасында. Есесіне, Бе­ра­нек­тің ба­сын­ға­ны сон­ша, ең тәжі­ри­белі Самат Сыма­қов­ты ұлт­тық құра­маға қоспай қойды. Ал М.Гур­манның ұлы Марк өз қақпа­сына гол соқса да, негізгі құрамда ойнап жүрді.
Қысқасы, бұ­ған дейінгі елі­міздің футболы ше­тел­діктердің кө­сегесін көгер­тіп, отандық жан­күйерді қуан­та ал­мады. 
Қазақстан-Лат­вия кездесуін тамашалап, іші­міз жылып қал­ды. Бауыржан Ислам­хан, Самат Сыма­қов, Қай­рат Нұрдәулетов әде­мі ойын көрсе­тіп, ше­телдік бапкер­лер­дің «қа­зақ жі­гіттері фут­бол ойнай алмайды» де­ген теріс түсінігін жоқ­қа шы­ғар­ды. Бас бапкер Ю.Красножан командаға ойын ба­ры­сын­да так­ти­ка­лық (3-4-3 немесе 5-4-1) ам­алды өз­герте білу­ді үй­ретіпті. Бұл да жақ­сы­лық­тың нышаны. 2016 жыл­ғы чем­пио­натқа бар­маспыз. Бірақ бола­шақ­тан үмі­тіміз бар.

Футбол жанкүйері
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×