Қарызға белшесінен батқан «Тұран» маусымды қалай аяқтайды?

27.06.2022, 00:43
Түркістандық клуб жалақысын азайтқысы келмейтін ойыншылармен қоштасып, жас ойыншыларға сенім артпақ.
Қарызға белшесінен батқан «Тұран» маусымды қалай аяқтайды?

Дәл қазіргі сәтте Қазақстан чемпионаты бел ортасына жетті. Ал Премьер-лигада өнер көрсететін отандық клубтарымыз әдеттегідей қарызға батып, маусымды қалай аяқтайтынын білмей дал болуда. Олардың қатарында Түркістан облысының намысын қорғайтын «Тұран» клубы бар. 

Маусым басталмай тұрып бұл команда жүлделі орынға таласатындай көрінді. Жоқ дегенде алғашқы жетіліктен көрінеді деген ой болды. Клуб тізгінін ұстаған жас маман Айбек Тілеужан ең алдымен бас бапкер іздестірді. Бірақ соңғы шешімді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев қабылдады. 

«Бапкерді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев таңдады. Үш кандидатураның ішінен Владимир Газзаевты ұнатты. Одан бөлек, үміткерлер тізімінде Николай Костов пен Милан Миланович, ал отандық бапкерлерден Нұркен Мазбаев болды. Газзаев «Тұрандағы» ең көп жалақы алатын адам болды. Бірақ оған қанша жалақы төленгенін білмеймін, айына шамамен 10 мың доллар алған шығар», - деді Қуаныш Қабдолов. 

Таңдаудың неліктен бұған дейін «Ақтөбе» мен «Тобылда» жолы болмаған ресейлік маманға түскені белгісіз. Костов пен Миланович оған қарағанда жақсы жұмыс істеген. Қазір де олар жаттықтыратын Каспий мен Тобыл турнирлік кестенің жоғары жағында тұр. «Ауылдағының аузы сасық» деп Мазбаевты да керек қылмады. Ал ол кісі «Таразбен» маусымның алғашқы бөлігін тамаша өткізді. Әкесінің арқасында танымал болған Газзаев «Тұран» тізгінінде небәрі үш матч өткізіп, бір ғана ұпай жинады. Көңіл көншітпейтін нәтижеге байланысты ресейлік маман қызметінен босатылды. Владимир құр кетпей, түркістандық клубтың қоржынынан өтемақы ретінде 12 миллион теңгені қалтасына басты. Оның орнына Қуаныш Қабдолов бас бапкердің міндетін атқарушы маман болып бекітілді. 

Мықты бапкерді алдық деп ойлаған «Тұран» басшылығы Газзаевқа айтқан ойыншыларын алып берді. Маусымаралық үзіліс кезінде түркістандық клуб бүкіл құрамын жаңартқандай болды. Қазақстандық футболшылардан Лев Скворцов, Шоқан Абзалов, Азат Нұрғалиев, Павел Кривенцев, Сұлтан Әбілғазы, Еркін Тапалов және Максим Фединді қатарға қосты. Ал легионерлерден Самир Фазли, Ержан Тоқотаев, Абдуллай Диакате, Чиди Осучукву, Александр Клещенко, Эмиль Балаев пен Тони Сильва команда құрамын толықтырды. Сондай-ақ 21 жастағы Сьерра-Леоне елінің қорғаушысы Рафаэль Коромамен келісім-шарт жасасты. Бірақ бұл футболшы бірде-бір ресми ойынға қатысқан жоқ. Сонда Короманы жаттығуға қатысады деп алды ма? Қазақ футболшыларының жаттығу процессіне қатысуға деңгейі жетпей ме? 

Әзербайжан құрамасының қақпашысы Эмиль Балаевтың да мұнда аз жалақы үшін келмегені анық. Бірақ ол неюәрі бір ойынға қатысып, қақпасына екі гол өткізіп алды. Ал Қырғызстаннан келген Ержан Тоқотаев 10 матчтың алтауында қақпасын голдан аман сақтады. 21 жастағы қақпашының Балаевқа қарағанда әлдеқайда аз ақша алатыны айтпаса да белгілі. 

Ойлана келе, «Тұран» клубы македониялық шабуылшы Самир Фазлиді де қайтарып алды. Былтыр бес ойынға қатысып бір гол соққан бұл ойыншы биыл сегіз матч өткізсе де, көзге түсе алмады. Оның қасында «Қайсардан» келген Шоқан Абзалов алты ойында төбе көрсетіп, екі гол соғып тастады. Ойынына қарап «Тұранның» осы маусымдағы сәтті трансферін айт десе, кімді атарымызды білмейміз. Қабдолов тізгінді өз қолына алғалы бері Лев Скворцов, Алияр Мұхаммед, Санжар Сатанов, Дүйсенбекұлы Қуаныш деген жас ойыншыларға мүмкіндік бере бастады. 

Жалпы айтқанда, қазақстандық біршама клубтардың маусымды жақсы көңіл-күймен, үлкен қаражатпен бастап, маусым соңында ақша таппай қалатыны әдетке айналды. Чемпионаттың екінші бөлігі енді басталып еді, түркістандық команда мынадай мәлімдеме жасады: 

«Тұран» басшылығы клубтағы экономикалық жағдайға байланысты бюджетті оңтайландыру туралы шешім қабылдады. Мемлекет бюджетінен қаржыландыруға қойылған лимитке байланысты бүгінгі таңда «Тұран» футбол клубының 2021 жылғы өтпелі кредиторлық берешегі бар. Бұған қоса, елдегі экономикалық жағдайға байланысты демеуші қолдау көрсете алмайтынын мәлімдеді. 

Осы себепті клуб басшылығы бюджетті оңтайландыру туралы шешім қабылдап, ойыншыларға жалақы мөлшерін азайтуды ұсынды. Клубпен келісім-шарты бар жаттықтырушылар және ойыншылармен бұл мәселе жеке шешіледі. Бұл шаралар бюджетті оңтайландырумен және жас футболшыларға ойын уақытын көбірек беру шешімімен байланысты. Клуб Академия мен жастар командасының жұмысын қолдауға бағыт алады». 

Осы мәлімдемеден кейін жалақысын азайтқысы келмейтін ойыншылар клубтан пытырлап кеие бастады. Бұл лекті бірнеше күн бұрын ислам дінін қабылдаған Максим Федин бастап берді. Ізін шала Еркін Тапалов, Александр Клещенко және Фархат Мұсабековтің де кететіні мәлім болды. Бұл тізімге клубтағы ең көп жалақы алатын ойыншылардың бірі Тони Силваның да қосылатыны айдан анық. 

Он бір ойыннан кейін он екі ұпайы бар «Тұран» турнирлік кестеде он екінші орында тұр. Алғашқы жетіліктен көрінетіндей команда жасақтан түркістандық клуб қаржыны дұрыс пайдалана алмағандықтан, маусымның қалған бөлігінде Премьер-лигада қалу үшін күреседі.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×