Қазақ пен өзбек итжығыс түсті

29.04.2011, 19:32
Қазақ пен өзбек итжығыс түсті
Жылдағыдай сәуір айының 26-30-ы аралығында футболдан жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасының Президенті кубогы халықаралық турнирі басталды. Биыл жылдағыдай кейбір азулы клубтардың футбол академияларының жеткіншектері емес, сегіз елдің жасөспірімдер арасындағы құрамалары додаға түсуде. Отандық жанкүйерлер назары Қазақстан және Өзбекстан жеткіншектері арасындағы матчқа ерекше ауып еді. Өкінішке қарай, біздің бозбалаларымыз ала шапанды көршілеріміздің жас футболшыларын жеңе алмады. «Астана-Арена» стадионына жиналған халық та футболшыларымызды демеп-жебеп, қамшылап-ақ отырды. Ойынға өзбек жастарының екі көздері шоқтай маздап, жанып шықса, біздің жеткіншектеріміз сәл қобалжығандай болды. Бұл кездесу өз жерімізде өткендіктен, жауапкершілік жүгі иықтарынан басып тұрды ма, әйтеуір толғаныстарын толықтай тарқата алмағандай көрінді, сырттай. Енді осы ойынды өз көздерімен тамашалаған мамандарды тыңдасақ. Виктор Катков, Қазақстан футбол федерациясының вице-президенті: – Бұл команданы жасақтауға айырықша көңіл бөлінуде. Неміс маманы Оливер Пельцер екі айдың ішінде 90 жеткіншекті сынақтан өткізіп көрді. Десек те, жасөспірімдер арасындағы құрама толығымен жасақталып болды деп айта алмаймыз. Сұрыптау жұмыстары одан әрі жүргізіле береді. Қараша айында өтетін 2012 жылғы Еуропа чемпионатының електік додасына дейін осы жас санатындағы құрамамыз тағы екі ірі турнирге қатысады. Әзірбайжанда өтетін Каспий кубогы додасында және Литва футбол федерациясы ұйымдастыратын Паланге турнирінде бақ сынап, аталмыш маңызды додаға дайындалады. Измаил Бзаров, Қазақстан футбол федерациясының қоғаммен қатынас және маркетинг жөніндегі департаментінің директоры: – Бұл жолғы Елбасы кубогы додасының ұйымдастырылу деңгейі қонақтардың бәрін тамсандыруда. Бәрі де риза болып жатыр. Қонақтардың бәріне қажетті құжаттар мен ойын хаттамаларын қолма-қол жеткізіп отырмыз. Ашылу салтанатының өзі аса тартымды болды. Президенттік әскери оркестр келіп, ашылу салтанатының әрін ашып, беделін өсірді. Біз алғаш рет таблоға әрбір қатысушыны (ойыншыны) суретімен көрсетіп, жанкүйерлермен таныстырып жатырмыз. Әрбір ойын барысында қауіпті және қызықты сәттердің бәрі таблодан қайталанып көрсетіліп, жанкүйерлердің көңілінен шығуда. Қазақстан мен Өзбекстан жеткіншектері арсындағы матчта стадионға 12 жарым мың жанкүйер жиналып, біздің құрамаға қызу қолдау көрсетіп отырды. Жанкүйерлер жарады. Қиқуға басып, біздің футболшыларды алға қамшылаумен болды. Әттең, жеңе алмадық. Кездесуден кейінгі баспасөз мәслихатында Өзбекстан жасөспірімдер құрамасының бас бапкеріне «сіздер үшін бұл ойынның маңызы зор болған шығар, байырғы бәсекелестеріңізді жеңуді көздедіңіздер ме?» дегенде, ол «жоқ, біз туыс халықпыз, достығымыздың тамыры – тереңде, сондықтан ондайға ерекше мән берген жоқпыз» деп түлкібұлаңға салды. Елбасы кубогының қызығы енді басталды. Алда – маңызды ойындар. «А» тобы: Қазақстан – Өзбекстан – 1:1 Голдар: Жағыппар, 26-пенальтиден – Эркинов, 45. Қазақстан: Голубничий, Моисеев (Шаймұрат, 41), Нүкебай (Гридасов, 50), Нұралы, Тәйіпов, Воменко, Жағыппар, Антипов, Әлиев (Сүлей, 66), Морозов (Донченко, 70), Қабдоллаев (Айымбетов, 54). Әзірбайжан – Иран – 2:1 Голдар: Г.Алиев, 12. О.Алиев 72 – Карамолл, 30. «В» тобы: Украина – Түркия – 2:1 Голдар: Билоног, 12. Яструб, 64 – Чичек, 15. Грузия – Армения – 5:3 Голдар: Абуржания, 22. Макарадзе, 32. Макарадзе, 46. Чечелашвили, 52-пенальтиден. Ахвледиани, 55 – Бакалян, 4. Арутюнян, 50. Асоян, 75-пенальтиден. Автор: Нұрғазы Сасаев
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×