ҚҰРАМАҒА ҚАЙТА ОРАЛҒЫМ КЕЛЕДІ

18.06.2013, 00:49
ҚҰРАМАҒА ҚАЙТА ОРАЛҒЫМ КЕЛЕДІ

Қазақ футболындағы ең жарқын есімдердің бірі – Самат Сымақов екеніне дау жоқ. Ел футболы еңсесін тіктемесе де, Саматтай ойыншылардың барына шүкірлік етіп жүреді жанкүйер. Талай жыл ұлттық құраманы алға сүйреп, «Ақтөбенің» сапында жұлдызды шағын өткізген саңлағымыз былтыр Түркия төріне доп тебуге кеткен. «Ризеспор» клубының намысын абыройымен қорғап, команданың суперлигаға шығуына септігін тигізген Сымақов бүгінде отбасы жағдайына байланыс­ты елге оралды. Бірақ, енді «Ақтөбенің» ақ-қызыл жейдесінде емес, «Қайраттың» сары формасымен алаңға шығады.

– Самат, сіздің Қазақстан премьер-лигасына қайта оралуыңыз жанкүйерді екіұдай сезімге салды. Елге оралды деп, қуанып та қалдық. Бірақ сіз «Ризеспор» сапында ойнағанда, деңгейі биік біріншілікте бір адамымыз бар деп жүретінбіз... – Бұл шешімді мен жақсылап  ойланған соң қабылдадым. Қазір келіншегім үшінші баламызға жүкті. Айы-күні толып отыр. Мұндай маңызды сәтте отбасымның қасынан табылғаным дұрыс деп шештім. Онсыз да, футболшының өмірін білесіздер ғой?! Жанұямыздың қасында жиі бола бермейміз. Содан соң, «Қайрат» командасында мен ел біріншілігінің алтын медалін жеңіп алдым. Бұл жерде тәтті естеліктерім қалды. Сондықтан, екі клуб басшылығы келіскен соң, елге қайтуды жөн санадым. – Бірақ сіз елден кетерде «Ақтөбеге» қайта ораламын деп уәде берген едіңіз... – «Ақтөбе» футбол клубымен мен спорттық ғұмырымдағы биік белестерді бағындырдым. Ол команданың жанкүйерлері бізді алақанында ұстады. Шын сөзім, жанкүйерлерге алғысым шексіз! Бірақ Қазақстанға келген соң, мен «Ақтөбе» басшылығынан хабар күтіп, 1 айдай жүрдім. Алайда олар маған хабарласқан жоқ. Сырт адамдардың бірінен клуб басшылығының: «Бізде 4 қорғаушы бар, Сымақов керек емес» деген пікірін естіген соң, көңіл күйім түсіп кетті. Менің «Ақтөбеге» оралғым келгені рас. Бірақ басшылық мені керек деп санамаған соң, «Қайраттың» қатарына өтуді жөн санадым. Тіпті қазір «Ақтөбеге» гол соққым да келіп жүр. – Сіз ұлттық құрамадағы өте беделді ойыншылардың бірі болдыңыз. Алайда бас командамен ертерек  қоштасып қойдым деп ойламайсыз ба? – Жоқ. Негізі, мен ұлттық құрамадан дәл уақытында кеттім. Ойыным жүрген жоқ. Құрамаға жақсылап көмектесе алмадым. Сол себепті, орнымды жастарға босатайын деген ойда болғанмын. – Соңғы кездері Қазақстан құрамасына қайта оралу туралы жиі айтып жүрсіз... – Енді құрамаға қайта оралғым келеді. Өйткені қазіргі дайындығым жақсы. Түркияда ойнап келген соң, тәжірибем де толыға түсті. Денсаулық жағдайым мен техникалық шеберлігім де қазір көңілімнен шығады. Сондықтан, ұлттық құрама жейдесін қайтадан киюге қарсы емеспін. – Мирослав Беранек сізді құрамаға қосқысы келетінін, бірақ сіздің оған құрамада ойнауға өтініш білдіріп, смс хат жазбағаныңызды айтады... – Осы жағдайды мен түсіне алмадым. Иә, мен ұлттық құрамадан кетер кезде телефон арқылы хабарласқанмын. Бірақ қазір бас командамызға көмектескім келеді. Осы ойымды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы барымша жеткізіп жүрмін. Енді бәрі түсінікті емес пе? Мен: «Пан Беранек, мені құрамаға алыңызшы!» – деп смс жазғым келмейді. Егер бәрі смспен шешілетін болса, Гвардиолаға жазатын едім... – Соңғы сұрақ. Ұлттық құрамада легионерлерді көптеп тарту үрдісіне қалай қарайсыз? – Бұл сұрақты федерация басшылығы мен бас бапкерге қойған жөн болар.

Сұхбаттасқан  Ақырыс Сейітқазы

Сіз не дейсіз? Қазақстан құрамасына шетелден футболшы әкелуге қалай қарайсыз? Алмас Құлшынбаев, «Сұңқар» футбол клубының бапкері: – Мен бұл үрдісті қолдамаймын! Бас командамызда өз еліміздің футболшылары доп тебу керек. Мәселен, Болгариямен өткен жолдастық кездесуде ресейлік Алексей Мулдаров Қазақстан құрамасының жейдесін киді. Шынымды айтсам, бұл ойыншыны мүлде танымайды екенмін. Бірінші ойынында мені таң қалдыра алған жоқ. Қатардағы футболшылардың бірі. Әлде алғашқы ойыны болғасын дұрыс үйренісе алмады ма, түсінбедім. Одан бөлек ресейлік Валерий Коробкинді алайықшы?! Сол Коробкиннің  біздің Мақсат Байжановтан асып тұрған ештеңесі жоқ. Өз құрамамызда өз ойыншыларымыз ойнағанға не жетсін?! Дәуренбек Тәжімбетов, «Шахтер» футбол клубының шабуылшысы: – Егер шын мәнінде мықты ойыншыларды әкелетін болса, әңгіме басқа. Бірақ деңгейі отандық футболшылармен шамалас жігіттерді алып келгенді қаламаймын. Жамбыл Көкеев, «Қайрат» футбол клубының о­йыншысы: – Мен бұл мәселеге байланысты ашық ештеңе айта алмаймын. Себебі құрамада ойнайтын футболшылардың бірі танысым, бірі досым болуы мүмкін. Бірақ біз қосалқы құрамда өз кезегімізді күтіп отырғанда, шетелдіктердің азаматтық алып, Қазақстан құрамасы үшін доп теуіп жүретіні өкінішті, әрине... Қайрат Нұрдәулетов, футболдан Қазақстан құрамасының капитаны: – Бізден деңгейі жоғары ойыншы келіп, команданы өрге сүйреп жатса, ойлануға болады. Ал деңгейі бізбен шамалас ойыншылардың керегі шамалы сияқты. http://www.jasqazaq.kz
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×