"Реал" Туринде жеңіліс тапты

06.05.2015, 15:54
"Реал" Туринде жеңіліс тапты
Чемпиондар Лигасының жартылай финалының алғашқы кездесу "Ювентус" пен "Реал Мадрид" арасында болып өтті. Қос ұжымның жеке кездесу статистикасы ойын алдында тең еді. Командалар алаңда 17 мәрте жолығып, 8-інде испандықтар, тағы 8 кездесуде итальяндықтар басым түсіп, 1 ойын тең аяқталған болатын. Алаң иелері де, қонақтар да ойынды белсенді бастады. Негізі матч алдында, тіпті алғашқы таймның өзі командалардың бір-бірін барлауымен өтеді деп болжанған. Бірақ, бес минуттың ішінде екі команда бір-бір қауіпті шабуылдан ұйымдастырды. Кездесудің 9-шы минутында, былтыр ғана "Сантьяго Бернабеуде" доп теуіп жүрген Альваро Мората есеп ашты. Тевес алыс бұрышқа допты шірене тепкен. Касильяс допты қайтарғанымен, қырағылық танытқан Мората допты бос қақпаға бағыттап, туриндіктерді алға шығарды. Мадридтік "Реал" да жауапты кешіктірген жоқ. Хамес айып алаңның ішінде допты қабылдады да, қақпаның алдында жалғыз тұрған Роналдуға әуелете пас берді. Португалиялық сұрмерген бір доппен үш қоянды атты. Біріншіден, есеп теңестірді. Екіншіден, осы маусымдағы Чемпиондар Лигасында үздік сұрмерген қатарына шықты. Үшіншіден, осы голдан кейін Мессиді басып озып, үздік клубтық турнирдің үздік мергені атанды. Тайм аяқталар тұста "Реалда" есепте алға шығатын мүмкіндік те болған. Бірақ, Хамес Родригес 3-4 метр жерден қақпа бағанасын көздесе, Марселоның тепкен добы қақпадан сәл ғана биік кетті. Екінші таймды екі команда да баяу бастаған еді. Турин тәуекелге барып шабуылдауға тырыспады, Мадрид тайлы-тұяғымен ұмтылмады. Тең нәтиже оларға қол. Бірақ, ойынның 55-ші минутында қонақтар бұрыштама добын сәтсіз орындағаннан кейін, "Ювентус" жылдам қарсы шабуылға аттанды. Өз жарты алаңында допты ала сала қарсыластың қақпасына қарай құсша ұшқан Тевес, Касильяcтың иелегіне жақындап да қалған еді. Бірақ, Карвахаль аргентиналықты қуып жетіп шалып құлатты. Төреші пенальти белгіледі. Бірақ, ең қызығы Карвахальға сары қағаз да көрсеткен жоқ. Егер де, ФИФА ережесіне сүйенсек, таза қызыл қағазға татырлық эпизод. Себебі, Карвахаль соңғы қорғаушы еді. Әдетте, соңғы қорғаушы тәртіп бұзған кезде бірден қызыл қағазбен мараппатталады. Матчтың қалған бөлігінде қонақтар есепті теңестіруге тырысқанымен, нәтиже шықпады. Айтарлықтай қауіпті сәт те болған жоқ. Әрине, жеңіліс тапса да, қонақтағы бір гол қарымта кездесу алдында Мадридке басымдылық береді. "Ювентусқа" бір аптадан кейін, "Сантьяго Бернабеуде" қиын болары түсінікті. Бірақ, команда бүгінгідей жігермен, қарсыластан сескенбей ойнаса, Берлиндегі финалда туриндік ұжымды көріп қалуымыз әбден мүмкін. «Ювентус» - «Реал» 2:1 (1:1) Голдар: Мората, 9 (1:0), Роналду, 27 (1:1), Тевес, 58 (2:1, пенальтиден)
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×