Сараптама: XXIV турға сапар

23.08.2011, 17:24
Сараптама:  XXIV турға сапар
Футболдан Қазақстан чемпионатының ХХIV турының орталық кездесуінде Талдықорғанның «Жетісуы» елорданың «Астанасын» қабылдап, турнир кестесінде басты қуғыншыларынан тағы да ұзап кетті. Сондай-ақ Қарағандыда да тартысты кездесу өтті. Мұнда жергілікті «Шахтер» «Ақтөбеден» айласын асырды.
Ұлттық футбол лига басшыларының бірінші кезеңнен кейін командаларды екіге бөліп, чемпионатты жалғастырғаны өз септігін тигізіп жатыр. Әр тур сайын бір немесе екі орталық кездесудің куәсі болатын жағдайға жеттік. Дегенмен аутсайдерлер тобында жағдай басқаша. Бұл топта да тартысты ойындар аз болмағанымен, көзіміз бәрібір де бірінші ретте «фавориттер тобына» түсіп кете беретіндей. Сонымен, XXIV турды аз-кем қорытындылап өтсек.
Қарағандыда командалар бірінші таймда бірін-бірі ала алған жоқ. Ал екінші таймда алаң қожайындарының үстемділігі байқала бастады. Арты голға ұласып, 50-минутта команда капитаны Андрей Финонченко есеп ашса, арада сегіз минут өткенде Жамбыл Көкеев есепті еселеді. «Ақтөбеліктер» тек жалғыз голмен ғана жауап бере алды. Айтпақшы, сөйтіп, Зоран Костич Қазақстан премьер-лигасындағы алғашқы голын соқты.
Биылғы жылдың ең тұрақты командасы ретінде Талдықорғанның «Жетісуын» айтуға болатын шығар. Әйтеуір, бір гол айырмасымен болса да жеңіске жетіп жүр. Соңғы турда да солай болды. Өз алаңдарында «Астананы» қабылдап, 60-ыншы минутқа дейін «ары тарт та, бері тарт» болды. Қонақтар допты қақпа маңдайшасына тигізсе, алаң иелерінің соққысы бағанадан кері серпіліп жатты. Сондай шабуылдардың бірінде қорғанысты ұмытып алға шығып кеткен «Жетісу» қорғаушысы Милош Михайловтың баспен ұрған соққысы қақпа торынан табылды.
Егер ойындарына қарқын қоспаса, «Ордабасы» жоғарғы топта тек ұпай таратушының ғана рөлін атқарып қалуы ғажап емес. Былтыр мұндай қызметті «Атырау» атқарған. Ендігі эстафета кезегі шымкенттіктерге келген сияқты. Бұл жолы Керекуге қонаққа барған «Ордабасы» жергілікті «Ертістен» 0:3 есебімен ұтылып қайтты. Бірінші таймда қақпаларына бір гол жіберсе, екінші таймда тағы екі гол енгізіп алды.
Екінші топтың орталық кездесуі Қостанайда өткен секілді. Өйткені мұндағы көшбасшылар, яғни жергілікті «Тобылда» 14 ұпай болған болса, «Тараздың» еншісінде де дәл сонша ұпай бар еді. Қай жеңгені үш ұпайға ұзап шығады деген сөз. Бірінші болып есепті қонақтар ашқанда, «биыл «Тобыл» осымен тыныпты ғой» деп ойлағанымыз жасырын емес. Оның үстіне, «Тараз» шабуылшысы Данило Белич үшінші минутта-ақ
Петухов қорғаған қақпадан саңылау тапқан. Алайда экс-ел чемпионы бірінші таймда-ақ таразы басын теңестіргенімен қоймай, есепте алға шығып кетті. Үзілістен кейін қос команда да бір-бірінің қақпаларынан саңылау таба алған жоқ.
«Қайрат» өз алаңында «Атыраудан» айласын асыра алмады. Тіпті ұтылып қалуға шақ қалған. Абырой болғанда, ойынның 90-минутында құрамындағы ең тәжірибелі ойыншылардың бірі Константин Головской соқты. Жай ғана гол емес, керемет соққының авторы атанды. Бұрыштаманың жанында қарбалас болып жатқан. Жанында – екі қарсыласы. Ал қалған футболшылардың барлығы да «Атырау» айып алаңына жиналып алған. Әріптестері Костядан пас күтуде. Кенет Головской пас беретіндей ишара танытты да, допты қақпаға бағыттап кеп жіберді. Айнала ұшқан доптың траекториясының күрт өзгеріп, «Атырау» қақпашысы Андрей Шабановтың өзі де алданып қалды. Есеп – 1:1. Мұндай есепке қонақтар келіскісі келген жоқ. Әсіресе аргентиналық Хавьер Леон. Матчты мұрнын қанға бөгіп аяқтады бұл сабазымыз.
– Әлбетте, ойынның соңғы минутында гол жіберіп алған жаман. Бірақ сырт алаңында «Қайратпен» тең түсу дегеніміз – жақсы нәтиже, – деп матч соңында қонақтардың бас бапкері Зоран Филипович жанкүйерлерінің алдында ақталса, «Қайраттың» жаттықтырушысы Джон Грегори: «Бізге келген командалардың бәрі де тоғыз қорғаушымен ойнайды. Тіпті «Жетісудың» өзі жеті қорғаушысына иек артқаны есімде. Сондықтан мұндай командаларға гол соғу өте қиын», – деп сөз тауып кетті.
Ал Өскеменде өткен «Восток» – «Қайсар» ойынында есеп ашылған жоқ. Алаң иелері қанша тырысса да, қызылордалықтардың қақпасының кілтін таба алмады.
XXIV турдың қорытындысы
«Жетісу» (Талдықорған) – «Астана» – 1:0
Гол: Михайлов, 60.
«Шахтер» (Қарағанды) – «Ақтөбе» – 2:1
Голдар: Финонченко, 50. Көкеев, 58 – Костич, 68.
«Ертіс» (Кереку) – «Ордабасы» (Шымкент) – 3:0
Голдар: Аяғанов, 26. Даскалов, 59. Мальцев, 80.
«Тобыл» (Қостанай) – «Тараз» – 2:1.
Голдар: Кислицын, 29. Бекрич, 35 – Белич, 3.
«Қайрат» (Алматы) – «Атырау» – 1:1.
Голдар: Седельников, 5 – Головской, 90.
«Восток» (Өскемен) – «Қайсар» (Қызылорда) – 0:0.
Автор: Әзиз Жұмаділ
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×