Сексен жасқа толған Фергюсон қазір немен айналысып жүр?

01.01.2022 11:41 Әлем футболы

31 желтоқсанда әлем футболының аңызы мерейтойлы сексен жасқа толды.

Сексен жасқа толған Фергюсон қазір немен айналысып жүр?

Фергюсон зейнеткерлікке шыққаннан кейін берген сұхбатында: «Маған қазір жаттықтырушыдан да көп жұмыс істеу керек сияқты», - деп айтқан болатын. Күн кеше сексен жасқа толған шотландиялық маман қазір немен айналысып жүр? Бүгін осы сұраққа жауап іздейтін боламыз.

Кітаптар жазып, рекорд орнатты

Фергюсон мансабын аяқтағаннан кейін бірден өзінің өмірі жайлы кітап жазып, 2013 жылдың күзінде Ұлыбритания нарығын дүр сілкіндірді. Сатылымға шыққаннан кейін көп ұзамай «Менің автобиографиям» деп аталатын кітап тарихтағы ең жылдам сатылған (нон-фикшн жанрындағы) еңбек болды. Алғашқы аптада кітаптың 115 647 данасы өтіп кеткен. Бір қызығы, бұған дейінгі рекорд та футболмен байланысты болған еді: ол кезде «Норвичтің» қожайыны Делиа Смит өзінің байлығы туралы еңбек жазып, тарихқа енген болатын.

2013 жылы Ұлыбританияда Фергюсонның кітабы жанрына қарамастан ең көп сатылатын кітап ретінде тіркелді - тіпті Дэн Браунның шедеврі де оны басып оза алмады.

Екі жылдан кейін Фергюсон тағы бір кітап жазды. «Көшбасшылық сабақтары» деп аталатын еңбегін таза спорттық кітап деп атауға болмайды, ол көбіне мотивациялық жанрда жазылған.

Дәрістер оқып, фильмге түсті

2014 жылдан бастап Фергюсон Гарвардта «Ойын-сауық, медиа және спорт бизнес ретінде» тақырыбында дәріс оқиды. Сондай-ақ ол семинарлар өткізіп, ірі іс-шараларда студенттерге ақыл-кеңесін айтып, көмектеседі.

Бірнеше жыл бойы Фергюсон Ньонда өтетін Элиталық жаттықтырушылар форумының төрағасы болды. Фергюсон жыл сайынғы шараға 2018 жылы инсульт алғанға дейін қатысты. Осыдай кейін аталмыш форум тоқтатылды.

Шотландиялық маман осы жылдың қыркүйек айында «Сэр Алекс Фергюсон: ешқашан берілме» деп аталатын деректі фильмге түсті. Жаттықтырушы 108 минут бойы өзінің балалық шағынан бүгінгі күнге дейінгі қызықтарын айтып береді. Фильмде инсульт мәселесіне де көп көңіл бөлінеді. Тіпті оның есте сақтау қабілетін тексеруге арналған сұрақтар да қойылды. Фергюсон: «Мен инсульт алған күні бес адам ауруханаға осындай диагнозбен түстік. Үшеуі өлді, екеуі ғана аман қалды. Осыдан-ақ сіз қаншалықты бақытты екеніңізді бірден түсінесіз», - деді.

Фергюсон қайырымдылықпен де айналысады:

«Мен Гованнан шыққан қарапайым жігітпін», - дейді Фергюсон фильмнің басында. Гован - Глазгодағы алты мың тұрғыны бар шағын аудан, Фергюсон Гованда жаңа жаттығу базасын ашты, оған 1,6 миллион фунт стерлинг жұмсалды. Сондай-ақ ол қатерлі ісікпен күресу үшін жасалынып жатқан зерттеу жұмыстарына ақша бөлді. Бұл жаһандық мәселе оған жақсы таныс, себебі Фергюсонның анасы өкпенің қатерлі ісігінен қайтыс болған еді.

2002 жылдан бері Фергюсон ЮНИСЕФ қайырымдылық қорының елшісі ретінде еңбек етті. Бапкерлік қызметтен кеткеннен кейін ол әртүрлі қайырымдылық акцияларына қатыса бастады. 2015 жылдың қарашасында осы мақсат жолында футболға қайта оралды. Ол кезде Ұлыбритания мен Ирландияның жұлдыздар құрамасы матч өткізген болатын. Ойыннан түскен барлық қаражат қайырымдылыққа жұмсалды.

Ол ат спортын жақсы көреді және шарап жасаумен айналысады

Фергюсонның өмірі тек футболдан ғана тұрмайды. Инсульттан кейін ол шарапсыз өмір сүрудің қиын болғанын айтты. Фергюсон бапкерлік мансабын бастағанда, жалақысы отбасын асырауға жетпеді. Сондықтан ол Шотландиядағы шарапханада қосымша жұмыс істеп, ақша тапты. Ал Англияда жұмыс істей бастағанда, матчтан кейін қарсыластардың бапкерімен шарап ішу дәстүрін ағылшын футболына енгізген де дәл осы Фергюсон болды.

Фергюсон ат жарысын тамашалағанды ұнатады. Жаттықтырушы ретінде жұмыс істеген кезінде ол Аскоттағы жарыстарды бақылайтын еді. Сәуір айында Фергюсон ипподромда джекпот жеңіп алды. Оның бәс тіккен үш шабандозы да мәреге бірінші болып жетті.

Ол жай ғана футболмен өмір сүреді

Сэр Алекстің хоббиі көп болғанымен, ол үшін ойыннан маңызды ештеңе жоқ. Фергюсон «қызыл сойқандардың» әр матчын стадионнан тамашалайды. Және клуб басшылығына өз ақыл-кеңесін беріп, әртүрлі істерге араласа алады. Тіпті Криштиану Роналдудың да клубқа қайта оралуына үлкен үлес қосқан болатын.

1 пікір

  1. Серікбол Нақысбек

    Біздің футболдың дамымауының тағы бір фактор: осындай футболмен өмір сүретін адамдардың жоқтығы. Футбол клубтарының басшылығында агроном, физик, химик, саясаттанушы отырып алып, бюддеттен бөлген ақшаның керек бөлігін алып алған соң, қалғаны қайда кетіп жатқанына түкіргені бар. Біздің футболшылардан жүгіріп оза алмайтын лигонерлерге кетіп жатқан олар үшін тиын-тебенді білмейді де. Ех, осы біздің футбол туралы жазып бастасаң, тоқтай алмай қалу деген бір заңдылық болып барады. Жылдан-жылға бір өнер шығарады...