Сенбі-жексенбі күндері сіз көруге міндетті матчтар

07.11.2015, 03:59
Сенбі-жексенбі күндері сіз көруге міндетті матчтар
Қазақ футболының жанкүйерлері үшін Астана мен Алматыдағы матчтар басты назарда болмақ. Чемпион атағын "Астана" қорғап қала ма, әлде "Қайрат" тартып ала ма? Ал, Ағылшын Премьер-Лигасында Жозе Моуриньоның "Челсидің" бапкері ретіндегі соңғы ойынды көруіміз әбден мүмкін болса, Бундеслиганың орталық кездесуі Дортмундтағы "Сигнал Идуна Парк" стадионында өткелі отыр. Аладоп демалыс күндері Еуропа мен ел футболында болып өтетін басты ойындармен таныстыра отырып, матч алдындағы шолуын жасайды. АПЛ. 12-ші тур. 8-ші қараша. Лондон. "Эмирейтс" стадионы. 22:00 "Арсенал"-"Тоттенхэм" Солтүстік Лондон дербиі маусымның қызған шағына тұспа-тұс келіп отыр. "Арсенал" да, "Тоттенхэм" да соңғы уақытта тамаша ойын өрнегін де, нәтиже де көрсетіп жүр. "Зеңбірекшілер" чемпионатта соңғы бес ойын қатарынан жеңіске жетіп жүрсе, "Тоттенхэм" сонау бірінші турдан бері жеңілістің ащы дәмін татпай жүрген ұжым. Матч Арсен Венгер командасының алаңында өтсе де, фаворитті анықтап айту қиын. Қос команда да соңғы кездесулерде кем дегенде екі голдан тоғытып жүргенін ескерсек, нәтижелі ойын болуы тиіс. Бұл матчты жанкүйерлер жексенбі күні сағат 22:00-де "KazSPORT" арнасынан тікелей эфирде тамашалай алады. АПЛ. 12-ші тур.  7-ші қараша. Сток-он-Трент. "Британниа" стадионы. 23:30 "Сток Сити"-"Челси" Былтырғы маусымның чемпиондары бүгінде 15-ші орынды қанағат тұтып тұрған жайы бар. 11 тур ішінде Моуриньо шәкірттері бап болғаны 11 ұпай еншіледі. "Ақсүйектер" апта ортасында Чемпиондар Лигасының 4-ші турында киевтік "Динамодан" басым түсіп, үш матчқа созылған сәтсіз сериясын тоқтатты. "Сток Сити" турнир кестесінде лондондықтардан бір саты жоғары тұр. Марк Хьюз командасы қақпасына аз гол өткізетін командалардың бірі. Бұл жағынан чемпионатта бесінші орында. Алаң иелері соңғы бес кездесуде үш рет жеңіс тойын тойлап, бір мәрте жеңіліп, бір ойында тең түскен. Осы маусымда екі команда Англия кубогінің 1/8-ші финалында кездесіп, матч соңындағы пенальтиден Сток басым түсіп, жарыс жолын жалғастырған еді. Бұл жолы қалай болады? Матчты жеңілсе бас жаттықтырушымен қош айтысатынын ескеріп, былтырғы чемпиондар барын салуға міндетті. Ал, алаң қожайындары мүмкіндікті қарсы шабуылдардан іздейді. Сондықтан, қос команда тарапынан да гол көруіміз мүмкін. Неміс Бундеслигасы. 12-ші тур.  8-ші қараша. Дортмунд. "Сигнал Идуна Парк" стадионы. 20:30 "Боруссия Д"-"Шальке" Бундеслигасының екінші және төртінші командалары өзара күш сынасады. Өткен турда "Бавария" аяқ астынан сүрініп, дортундықтарға ұпай санын қысқарту үшін мүмкіндік сыйлады. Тухель шәкірттері 10-ші турда "Айсбургті" тас-талқан етіп, мюнхендтік машинаға бес ұпай ара-қашықтықта жақындады. "Аралардың" соңғы кездегі ойынына қарасақ, "Сигнал Идуна Парк" қожайындарына бұл матчта жеңіске жету қиынға соқпауы керек. Қонақтар төртінші орында тұрса да, сол орынға лайықты ойын өрнегін көрсетіп жүрген жоқ. Гельзенкирхендік ұжым соңғы турда өз алаңында турнир дебютанты "Ингольштадпен" ұпай бөлісті. Команданың Ройс, Мхитарян, әсіресе Обамеянг секілді әр мүмкіндікті голға айналдырып жіберетін футболшыларға төтеп берер қауқары жоқ. Сондықтан, "Боруссияның" жеңісіне нық сенімді болуға болады. Ла Лига. 11-ші тур.  9-шы қараша. Севилья. "Роман Санчес Писхуан" стадионы. 01:30 "Севилья"-"Реал Мадрид" Ла Лиганың 11-ші турында "Севилья" "Реал Мадридті" қабылдайды. Эмери шәкірттері 10-шы турдан кейін, 11-ші орында. Команда 10 ойында 15 гол соғып, сонша гол өткізген. Апта ортасында Чемпиондар Лигасының топтық кезеңінде "Манчестер Ситиден" 1:3 есебімен жеңіліп, плей-оффқа жолдама алу мүмкіндігінен айырылды десек те болады. Мадридтіктер "Барселонамен" бірге бірінші орынды бөлісіп тұр. Чемпионатта жеңіліп көрмеген жалғыз команда болса, ол осы Бенитес баптайтын жігіттер. Еурокубокке келер болсақ, сейсенбі күні "Сантьяго Бернабеуда" "ПСЖ"-дан 1:0 есебімен айла асырып, 1/8 финал мәселесін толықтай шешіп қойды. "Реалдың" соңғы кездегі жеңісті сериясы мен "Севильяның" бұл маусымдағы сүреңсіздігі-"патшалық клубтың" жеңісіне меңзейді. Алайда, "Барселона", "Реал" десе Эмери жігіттерінің көздері отша жанып, желпіні тұратыны тағы бар. Оның бір дәлелі-"Барселонаны" өз алаңында тізе бүктіруі. Дегенмен, біреудің қатесі-біреуге сабақ. Мадрид католондықтар жіберген қателіктен сабақ алып, алаң иелерінің еркін көсілуіне мүмкіндік бермеуі мүмкін. Бір сөзбен, бұл матчтан бәрін де күтуге болады. ҚПЛ. 32-ші тур. 8-ші қараша. Астана. "Астана-Арена" стадионы. 15:00 "Астана"-"Ақтөбе" 8-ші қараша. Алматы. Орталық стадион. 15:00 "Қайрат"-"Ордабасы" Қазақ футболының жалауын желпілдетіп, Еуропаны бар назарын өзіңе аудартып, азулы "Атлетиконың" аяғынан шалған "Астана" қатарынан екінші мәрте Қазақстан чемпионы атануға өте жақын. Стойлов шәкірттері, осы маусымда өзіңе үшінші орынды қамтамасыз етіп, турнир кестесінде ешқандай мәселе шешпейтін "Ақтөбені" жеңсе алтыннан алқа тағады. Ал, күтпеген жағдай орын алып, елордалықтар тақыр жерде тайып жатса, "Қайрат" бірінші орынға шығуы мүмкін. Ол үшін "Қайрат" өз алаңында "Ордабасының" сағын сындыру керек. Шымкенттіктер келер маусымдағы Еуропа Лигасына жолдама алып қойды. Оның үстіне, команда төртінші орыннан жоғары көтеріле алмайды. Қос астаналық клубтардың қарсыластарында мотивация жоқтығын алға тартсақ, "Астана" да, "Қайрат" та қарсылық көрмеуі тиіс. Ал, бұндай жағдайда чемпионның кім болары түсінікті. Алматының "Орталық" стадионындағы кездесуді жексенбі күні "KazSPORT" арнасынан сағат 15:00-де тікелей эфирде тамашауға болады.   Фараби Әбдіхалық      
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×