ТЕҢБІЛ ДОП немесе Мессидің Мейірбектен несі артық?

12.03.2013, 18:24
ТЕҢБІЛ ДОП немесе Мессидің Мейірбектен несі артық?
Иә, қазақтың футболына намыс жетпейді!..Еуропа клубтарындағы өңшең ығай мен сығай мил­лионер-футболшыларды тоқсан минут тоқтаусыз терлететін, ең алдымен, нағыз намыс.
Әлем халқының есі шығып, ерекше ынта қойып теледидар алдынан алыс­тамай қарайтыны Олимпиада ойындары екені рас. Ал, аяқдоп жанкүйерлерінің жанын күйдіріп, жүрегін шыжғыратын дода – футболдан Әлем және Еуропа чемпионаттарының орны айрықша.   Еліміздің футбол федерациясы УЕФА-ға (Еуропа футбол қауымдастығы) мүше болса да, өкі­нішке қарай, өткен жылғы Еуропа чемпионатын қазақ көрермені  теледидардан ғана тамашалады. Еуропаның 16 мемлекетіне ғана тікелей қатысты біріншілікті жер-жаһан­ның түкпір-түкпіріндегі аяқдоп жанкүйері ішкен асын жерге қойып, айрықша ықы­лас­пен көреді. Неге десеңіз, мойындауымыз керек, әлемнің ең үздік құрамаларының аса әйдік ойыншылары өнер көрсететін Еуропа футболы – ерекше ләззат сыйлайтын, көзіңді қуантып, жүрегіңді жібітетін бір тылсым, рахат дүние. Еуропа аяқдобында не­містердің, ағылшындардың, испандық­тардың шоқтығы қашанда биік. Мұның сыры: тиянақты жаттығулар мен күш-қуаттың молдығында ғана емес, меніңше, бұл елдерде футбол – көп спорттың түрле­рінің бірі деңгейінен көтеріліп, кәдімгі кәсіпқой өнердің дәрежесіне жеткен. Қазақтың айтысқа құмарлығы секілді, Чезаре Пранделли мен Висенте Дель Бос­кедей жаттықтырушылар, атақты композитор немесе атышулы жазушыдай баға­ланып, халық оларды төбесіне көтереді. Ал, ойыншылар үлкен оркестрдің толық­қанды мүшелеріндей бір-бірін толық­ты­рып, бір-біріне рух беріп, сонымен қатар, әрқайсысы өзіндік мықтылығын, жеке шеберлігін көрсетуге тырысады. Криштиану Роналду қарсылас қорғаушылармен «мысық-тышқан ойынын» қалай керемет көрсетеді… Лионель Месси үшін гол соғу­дың 100 пайыз мүмкіндігінің – 3 пайызы-ақ жеткілікті. Адамның ойына келмейтін қым-қиғаш қимылдарымен, шалт шешім қабылдауы­мен, көз ілеспес жойқын жыл­дамдығымен тордың ішін тауып алады… Қызуқанды испандықтардың қысқа шең­бер, жылдам доп алмасуларына жасыл алаң­да ешкім ілесе алмай, ілбіп ере береді. Италияндық жолбарыстар ешкімге тізгін ұстатпай, тізе бүктіреді. Еңсесі биік, еңге­зер­дей голлан­дықтар дамылсыз шабуылдап, есіңнен тандырады… Бұл не сиқыр? Бұл не жұмбақ? Ойынына адамзат тамсан­ған бұл ойыншылар адам ба, пері ме?.. Сөйтсек, біріншіден, тәлім-тәрбие қажет екен. Жеткіншек оң-солын тани бастаған сәттен-ақ баланың қабілет-қарымына қа­рап, дер кезінде танып, аяқтоп өнеріне бау­луды бастау керек. Әрине, мың си­қыр­лы Моуринью мен футбол «пәлсапашысы» Фергюсонды қазақ топырағына тарту оңай болмас. Бірақ, қолда барды қанағат тұтып, жеткіншектің жігерін жанып, талабын ұштауымыз қажет. Қазақ­тың аяқдоп футбол менеджментін дамыту – басты мақса­тымызға айналмай болмайды. Бәйге ша­уып, көкпар тартқан, балуан күрес­тіріп, жұ­дырықта жеңген қазақ аяқдопта кенжелеп қалмас. Қазақтың аяқдобына «не­нің жетпейтіндігін» осыдан 20 жылдай жыл бұрын «Намыс» командасын құрған Несіп Жүнісбаев айтып қойған. Иә, қазақтың футболына намыс жетпейді!..Еуропа клубтарындағы өңшең ығай мен сығай мил­лионер-футболшыларды тоқсан минут тоқтаусыз терлететін, ең алдымен, нағыз намыс. Туған жұртына, өз еліне, төл командасына деген адалдық – мүжілмейтін, мұ­қалмайтын, мұқатқанға шыдатпайтын на­мысқа алып келеді.   Түріктермен тікетіресе алмай, тоң­қа­лаң асқан қазақ аяқдопшылары кірерге тесік таппай, ұялудың орнына, көңіл кө­теріп, көшеде серуендеп жүр. Тіпті, «Уэмблиде» жалғыз доп соққан Жамбыл Кө­кеевті қазақы дарақылықпен Мәжіліске депутат етіп сайлап жібере жаздадық. 2010 жыл­ғы Әлем чемпионатындағы атышулы Бразилияға қан төгуден де тайсалмай, қарсы тұрған жігерлі жігіттерді елдің сені­мін, отанның аманатын ақтамағаны үшін Солтүстік Кореяның саяси бюросы әкімші­лік жазаға тартты. Аяқ­доптағы әрбір же­ңі­ліс, әрбір тізе бүгу – біздің ұлттың азабы мен қасіреті, мем­лекеттің әлсіздігі мен «сүйе­гіне түскен таңба» деп түсінулері керек. Ұлттың намысы , мемлекеттің мүддесі, елдің абыройы деген осы. Аяқдоптың атжалман мамандарын ебін тауып, ретін кел­тіріп, қазақ топырағына тартып, футбол алаңдарын санамалап кө­бейтіп, (Мысалы, «100 мектеп, 100 аурухана» мемле­кеттік бағдарламасы сияқты) әлемдік дең­­гейдегі мықты спортшыларды алдыруымыз керек. Мұның өзі қисапсыз шығын. Бірақ, шы­ғыссыз – кіріс болмайды. Футбол – әрі саясат, әрі бизнес. Мысалы, олимпиада өткізу барысына әлемнің барлық мемле­кеттерінің басшылары қатысады. Өкінішке қарай, бүгінге дейін мұнайдан немесе бас­қадан ұрлап-жырлап баюды көрген қазақ­тың баласының, қарны тоқ болуы үшін адал жол, таза тірлікпен де нан тауып қана қоймай, бақуатты болуға көзін жеткізу ләзім. Футбол – ойын десек те, оны бай-бағлан бола алатын өнердің дәрежесіне көтеруіміз ке­рек. Жасыл алаңда жанын салып, барын көрсеткен ойыншының үздік болатынды­ғына сенім қажет. Қазақ елінде арнайы «Футбол» телеарнасы ашылса, керемет болар еді!.. Меніңше, ұлттық мемлекетте – таза ұлттық құрама қалыптаспай, мұзтау ері­мейді. Рас, Франция аяқдобын алға сүйреген француздар емес, Анри, Зидан, Насри сияқты кілең арабтар. «Жеңіс үшін бізге кім болса да бәрібір» дейтін паң пи­ғыл, тар өрістен арылуға тиіспіз. Мұның зардабы ұзақ жылдарға кетеді. Өйткені, ұлттық өрендеріміз – қазақтың балалары, яғни, намысты кадрларымыздың орнын басқалар басып, өзіміз өспей қаламыз. Ең­бексіз табыс, жеңіл айлыққа шебер ойын көрсе­тілмейді. Сондай-ақ, нағыз намыс болса, жақсы жағдай жасалса, жампоз жат­­тық­тырушы үйретсе – Мессидің, мысалы, қазақтың қара баласы Мейірбектен еш артықтығы жоқ!.. Құлтас ДОСТАН, "Дала мен Қала" газеті
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×