"Тобылдың" обалына қалған төреші екен...

26.09.2012, 18:26
"Тобылдың" обалына қалған төреші екен...
Қазақстан футбол федерациясының Төрешілер-сарапшылар комиссиясы осы мәселені талқылап, түстен кейін кесімді шешімдерін шығарды. Олар дәл осы матчтың бейнежазбасын қарап шығып, кездесудің бас төрешісі Сергей Паськоның үш рет өрескел қателік жібергенін мәлімдеді.
Футболдан Қазақстан чемпионатында шу шықты. Дүйсенбі күні кешқұрым ХХІІІ-турдың қалған екі ойыны өтіп, соның бірінде «Тобыл» өз алаңында «Тараздан» ұтылып қалған. Осы ойыннан соң қостанайлықтардың бас бапкері байбаламды салды... Бұл ойын 0:1 есебімен аяқталып, қонақтар жалғыз голды кездесудің 43-минутында пенальтиден соққан болатын. Әрі екі ойыншы алаңнан қуылған еді (тараздық Ахметов 69-минутта, тобылдық Концевой 70-минутта). Алайда «Тараздан» ұтылып қалған соң қостанайлықтардың бас бапкері, яғни Украина маманы Вячеслав Грозный қылышын тасқа ұрып, өздерінің жеңілгендерін ашықтан-ашық төрешіден көрді. Әрі өзінің мұны аяқсыз қалдырмай, соңғы екі ойынның бейнетаспаларын УЕФА-ға жіберу ойында бар екендігін де сездірді. – Мен жаңа УЕФА өкілімен сөйлестім. Соңғы екі матчтың бейнежазбаларын қажетті жерге жіберемін. УЕФА өкілдері оны көреді де, бәрін саралайды. Мен бапкерлік жұмыс пен ойыншылардың төккен терлерін аяққа басуға жол бермеймін. Төрешілер бұл ойынға бір ғана мақсатпен шықты. Яғни «Тобыл» ұтылып, «Тараз» жеңуі керек. Бірақ жанкүйерлер соқыр емес қой. Бәрін көріп отыр. Әйтеуір поицейлер бәрін баса білді. Кавказда қақтығыс болы кетуі де ықтиимал еді. Бұл футбол емес, бұл – бейбастық. Мен кез келген команданы ұтуға тырысамын. Бірақ бізді ойнатар емес. Футболды осылай дамытуға бола ма екен, – деп, Еуропаға танымал білікті бапкер біраз таусылған-ды. Мұндайдан құтылудың ең оңай жолы өз еліне кетіп қалу екендігін тілге тиек етіп, «бірақ бұдан бірдеңе өзгере ме» деп сауал тастаған. Әрі биыл «Тобылдың» өрнекті ойын үлгісін көрсетіп жүргендігі мен бес ойыншысының құрама сапына шақыртылғандығына да тоқталып өткен. Ал бүгін Қазақстан футбол федерациясының Төрешілер-сарапшылар комиссиясы  осы мәселені талқылап, түстен кейін кесімді шешімдерін шығарды. Олар дәл осы матчтың бейнежазбасын қарап шығып, кездесудің бас төрешісі Сергей Паськоның үш рет өрескел қателік жібергенін мәлімдеді. Олардың шешімдерінше, ойынның 43-минутында пенальти белгілеу дұрыс болмаған. Содан соң 85-минутта «Тобылдың» соққан голын есепке алмауы да қателік болған. Бұл сәтте ешқандай ойын ережесін бұзылмаған. Сонымен қатар, матчтың негізгі уақытына қосылған қосымша екінші минутта «Тобылдың» шабуылшысы ойыннан тыс қалмаған (оффсайд болмаған).   Төрешінің осы қателіктерін саралай келе, ҚФФ Төрешілер комитеті аталмыш комиссияның қорытындылары мен мен ойын нұсқаушысының баяндамсына сүйене отырып, төмендегідей шешімдер қабылдаған: 1. «Тобыл» және «Тараз» кездесуіне қазылық еткен бас төреші С.Пасько біржақты шешімдер қабылдаған; 2. «Төрешілердің тәртіп кодексінің» талаптарына сай төреші С.Пасько Қазақстан футбол федерациясы өткізетін ойындарға төрелік етуден мәңгілікке аластатылсын; 3. Бас төрешінің көмекшісі Сергей Васютин 2012 жылдың аяғына дейін ел чемпионатының ойындарына төрелік етуден аластатылсын. Ал Тәртіптік-бақылау комитеті ҚФ Төрешілер комитетінің шешімдеріне сүйене отырып, мынандай шешімдер қабылдады: 1. ХХІІІ-турдағы «Тобыл» және «Тараз» клубтары арасындағы ойынның нәтижесі жоққа шығарылды;   2. ХХІІІ-турдағы «Тобыл» және «Тараз» клубтары арасындағы ойын қайтадан өткізілсін. Қай күні өтетіндігін Ұлттық футбол лигасы анықтасын.         Көп ұзамай Қазақстан футбол федерациясының ресми сайтында «Тобыл» мен «Тараз» арасындағы қайта өткізілетін матчтың 24 қазанға (2012 жыл) белгіленгендігі жарияланды. Міне, бүгін осындай көпшілікті таңдандырған шешімдер қабылданды. алаш арена
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×