2014 жылы өтетін Европа біріншілігінің іріктеу кезеңі аясында Қазақстан U-19 кезекті жеңілісіне ұшырады. Осыдан бірнеше күн бұрын жас аяқдопшыларымыз Сербияда жергілікті құрамаға есе жіберіп, тас-талқан болып жеңілген-ді. Енді бүгін өз алаңымызда Австриядан келген құрдастарына жол беріп қойды.
Есепті қонақтар ойынның 4-минутында-ақ ашып алды. Синан Битюкидің соққысын қақпашымыз Закировтың кері қайтаратындай шамасы болмады. Жылдам соғылған голдың арқасында енді австриялықтар үстемдік жасайтыны белгілі болды жасыл алаңда. Бұны араға санаулы минутттар салып дәлелдеді де. 11-минутта Флориан Гриллич футбол снарядын қақпамызға енгізіп, өз командасының есептегі басымдығын нығайта түсті. Қонақтарға қашанғы жол берсін, шабуылшымыз Сүлей Австрия қақпасын дәл нысаналап, бізге үміт сыйлағандай көрінген. Алайда Битюкидің екінші таймда соққан голы үмітімізді су сепкендей басып тастады. Қолда бар жеңісті жіберсін бе, австриялықтар екінші рет қателеспеді. Қазақстанды тізе бүктіріп, үш ұпайын олжалап кетті.
Ендігі ойынын Қазақстан U-19 18 қараша күні Финляндиямен өткізеді. Финляндия да біз секілді аталмыш іріктеу сынында ұпай жинай алмады, демек біздің де үстемдік танытатын кезіміз жақындады деп сенейік, құрметті жанкүйер!
Есет ТӨЛЕШ