Жоғары топта 14 клуб доп тебеді

27.12.2011, 17:06
Жоғары топта 14 клуб доп тебеді

Демалыс күндері Астанада Қазақстан футбол федерациясының Атқару комитеті жыл соңындағы мәжілісін өткізіп, біраз маңызды шешімдер қабылдады. Соның бірі – келесі жылы ел чемпионатының премьер-лигасында 14 команда ойнайтындығы. Өздеріңіз білесіздер, соңғы екі жылғы ел біріншілігінің жоғарғы тобында 12 команда өнер көрсеткен. Ал келесі жылы мына 14 команда премьер-лигада бақ сынайтын болып бекітілді: «Шахтер» (Қарағанды), «Жетісу» (Ақтөбе), «Ақтөбе», «Астана», «Ертіс» (Павлодар), «Ордабасы» (Шымкент), «Тобыл» (Қостанай), «Қайар» (Қызылорда), «Тараз», «Атырау», «Сұңқар» (Қаскелең), «Оқжетпес» (Көкшетау), «Қайрат» (Алматы), «Ақжайық» (Орал). Биылғы маусымның қорытындысы бойынша алғашқы он команда өздерінің заңды орындарын сақтап қалған. Сондай-ақ бірінші лигада топ жарып, премьер-лигада ойнау құқығын жеңіп алған «Сұңқар» мен «Оқжетпес» те өз орындарын иеленіп тұр. Жақында ғана қызметке жаңа тағайындалған Қазақстан футбол федерациясының бірінші вице-президенті және Ұлттық футбол лигасының басшысы Қаныш Әубәкіровтің мәлімдеуінше, спорттық принцип бойынша тыңнан қосылған екі орыннан төрт команда үмітті болған. ҚФФ Атқару комитеті Алматы қаласының әкімдігінің өтініші мен «Қайрат» клубы жанкүйер­лерінің үндеуін талқылап, әйгілі команда жанашырларының «мұң-мұқтаждарын» ескерген. Демеушісі футболға қаржы төгіп жүрген қалталы компанияның еншілес, серіктес компаниясы екені ескеріліп, «Қайрат» премьер-лигаға он үшінші команда болып қосылған. Соңғы орынға «Восток» (Өскемен), «Ақжайық» (Орал) және «Іле-Сәулет» (Өтеген батыр ауылы) клубтарының ішінен батыс аймағымыздың командасы таңдалып алыныпты. Өйткені осы үш команданың қаржылай-материалды жағдайлары мен инфрақұрылымдық жүйелері егжей-тегжей салыстырылып, «Ақжайықтың» мерейі үстем болған екен. Енді ел біріншілігі екі айналымдық жүйемен өтетін болады. Соңғы екі жылғыдай төл чемпионатымыздың екінші бөлігінде екі топқа бөлініп, ойнау болмайды. 6 наурыз күні биылғы маусымдағы ел чемпионы мен кубок иегері арасында суперкубок жеңімпазы анықталады. Ал 11 наурызда премьер-лигада ел чемпионаты басталады. Бірінші лигадаға жаңа маусымның пердесі 1 сәуір күні түріледі. Автор: Нұрғазы САСАЕВ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Келесі жаңалық
Біз білмейтін Ұлан
Серіктес жаңалықтары
×