Легионерлер саны 7-ге артты

26.12.2011, 05:09
Легионерлер саны 7-ге артты

Алматылық футболсүйер қауым үшін қуанышты хабар Астанадан өткен апта соңында келіп жетті. Қазақстан футбол федерациясының келер жылғы маусымға бағытталып жасаған өзгертулерінің арқасында алматылық команда жоғарғы топтағы өз орнын сақтап қалды. 2012 жылы Алматы жұртшылығы үлкен футболдан айырылар деп отырғанымызда дәл осындай жағымды жаңалық келіп, «Қайрат» жанкүйерлерін бір қуантып тастады.

Барлығын басынан бастасақ. 2011 жылғы футбол маусымының қорытындысы бойынша алматылық «Қайрат» 11-орынға тұрақтап, премьер-лигадан шығып қалған болатын. Келер жылы төменгі, 1-лигада өнер көрсетуге жанкүйерлер де, аяқдопшылардың өзі де дайындықты бастаған еді. Осы арада клуб басшылығы «тірі адам тіршілігін қалады» демекші, келер жылдың мәселелерін қазірден шешіп, командаға жаңадан бас бапкерді де тағайындады. Жамбыл футболының түлегі, білікті бапкер Дмитрий Огай клуб тізгінін ұстап, келер жылы «Қайратты» қалайда премьер-лигаға қайтарамын деп уәде етті. Осындай жағдайда отырған кезде Елордадан келіп жеткен бұл хабар ел футболының флагманына үлкен қуаныш сыйлады.

Ішкі біріншілік аяқталысымен «Қайрат» командасында өнер көрсеткен, қызмет істеген футбол ардагерлері «Қайратты» премьер-лигада алып қалу керектігі жайлы баспасөз беттерінде өз ойларын айтып, пікірлерін білдірген болатын. Сол кезде одақтағы бір жиында вице-президент Михаил Гурман «Қайрат» үшін белгіленген, алдын ала қабылдаған тәртіптер мен заңды бұзбаймыз деп жауап қатқан болатын. «Спорттық қағиданы сақтап, бар болған жағдайды сол күйі қалдырғанымыз жөн. «Қайрат» енді өз ойынымен мықтылар қатарынан екендігін дәлелдесін», – деді. Осы сөзден кейін «Қайраттың» сағы сынып, премьер-лига жайындағы әңгімені тоқтатқан еді. Десе де, басшылар тарапы ойлана келіп алматылық клубқа кешірім жасады.

2012 жылғы жаңа маусымда Қазақстан чемпионы деген атаққа әдеттегідей 12 емес енді 14 команда таласатын болады. Премьер-лигада алғашқы ондыққа кірген командаларға келер жылы 1-лиганың жеңімпаздары – «Сұңқар» (Қаскелең), «Оқжетпес» (Көкшетау) ұжымдары бәсекелес атанады. Сонымен қатар, Оралдың «Ақжайық» командасымен «Қайратқа» да премьер-лигадан орын беріліп отыр. Ұлттық футбол лигасының жаңадан тағайындалған басшысы Қаныш Әубәкіров ««Қайрат» қазақ футболының мақтанышы, сондықтан да клубқа бір мүмкіндік бергенімізге ешкім де қарсы болмайтын шығар», – деп өз шешімін түсіндірді. «Оралдық «Ақжайық» командасы қаржылай жағынан тұрақты ұжымдардың бірі екендігін соңғы жылдардың бедерінде көрсетіп келеді. Жаңадан салынған стадионы мен инфрақұрылымдарының барлығы талаптарға сай келеді. Сондықтан да, біз ішкі чемпионатта бәсекелестік қызу болсын деген оймен аталған ұжымды премьер-лигаға қосып отырмыз», – дей кетті Қ.Әубәкіров.

Футболдан Қазақстан біріншілігінің өту тәртібіне тағы да бірнеше толықтырулар мен өзгертулер енді. Мысалы, премьер-лига клубтары маусым барысында өз ойыншылар құрамына 7 бірдей сырттан келген легионерлерді қоса алады. Осыған дейін сырттандардың шектеуі 5 аяқдопшыдан аспайтын. 2012 жылдан бастап негізгі құрамда 5 бірдей легионер алаңға шыға алады. Бұрындары сырттандар өз командаларында бәсекелестік төмен болғандықтан ойын деңгейлерін маусым барысында күрт төмендетіп жіберетін. Ал енді шет мемлекеттік аяқдопшылары да негізгі құрамда ойнауы үшін әр ойын сайын өздерін жақсы қырынан көрсетуге тырысады. Мұның барлығы Қазақстан футболының дамуына бағытталып жасалынып жатқан дүние деп қабылдаған жөн. Ресей мен Украина футболында да кезінде осындай шешімдер қабылданып, осы күні сол дүниенің нәтиже беріп отырғанын көріп отырмыз. Себебі, деңгейі жоғары легионерлер өз еліміздегі жергілікті аяқдопшылардың да бәсекеге қабілетті болып, өсуіне ықпал етеді.

Премьер-лига келер жылы 2 кезеңге бөлініп өтпейді. Соңғы жылдары чемпиондық пен премьер-лигадағы орынды сақтап қалуға тырысатын ұжымдар енді келер маусымда бұлайша екіге бөлінбей барлығы өзара тең кездесулер өткізеді. 14 команда қатысатын жарыс барысында 26 тур һөтеді деп жоспарланған. Алғашқы тур кездесуі күнтізбе бойынша 11-наурызда басталады. Ал ресми түрде маусымды суперкубок кездесуі ашады. «Шахтер» мен «Ордабасы» арасындағы финалдық кездесу 6-наурыз күні өтеді.

Осы іспеттес өзгертулер тек қана премьер-лиганы ғана емес өзге де біріншіліктерді қамтып отыр. Айталық, 1-лига командалары өз командаларына 3 легионер қоса алады. Осыған дейін бұл шектеу 2 ойыншыдан ары аспаған болатын. Осыған дейін 3 легионер қосып келген қыздар командасы енді сырттан 5 ойыншы қосуларына рұқсат етілді.

Елжас ӘУРЕН

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×