2014 жылғы мундиальдың жұлдызына айналған Очоа қайда жүр?

29.11.2020, 08:54
2014 жылғы әлем чемпионатында керемет өнерімен көзге түскен қақпашы Гильермо қайда жүр?
2014 жылғы мундиальдың жұлдызына айналған Очоа қайда жүр?

2014 жылғы Әлем чемпионатында қақпасына бағытталған соққының бәріне тосқауыл бола білген, Мексиканың қаһарманына айналған Очоа қайда жүр? Неге топ-клубқа ауыспады?

Гильермо дүйім жұртқа 2014 жылы мундиальдан кейін танымал бола бастады. Ал 2007 жылы 21 жасында Мексиканың «Копа Америкада» үшінші орын алуына үлкен үлес қосып, «Алтын допқа» үміткерлердің үздік 30-дығына еніп, FIFA-08 видео ойынының мұқабасында Роналдиньомен қатар тұрғанын көпшілік біле бермейді.

2008 жылғы қысқы трансферлік терезеде «Бавария», «Манчестер Юнайтед», «Арсенал» және мадридтік «Атлетико» қызығушылық танытуда дегенмен, сатып алу жөнінде нақты ұсыныстар түспей, бос сөз күйінде қалды. Ал 2010 жылы The Daily Mail басылымының өзі «Очоа «Фулхэмге» ауысты» - деп хабар тарата бастады. Расында да, Очоа «Фулхэммен» жаттығып та үлгерген, бірақ медициналық тексеру барысында Очоа және Мексика құрамасының тағы үш ойыншысының қанынан рұқсат етілмеген кленбутерол табылған. Осыдан кейін «бақташылар» Мемоны сатып алудан бас тартты. Осы жайында Мемо: «Бізді кемі бір маусым ойындарға қатыстырмауы мүмкін еді. Тергеу екі айға созылды. Осы уақыт аралығында келіссөздер тоқтатылды, келісімшарттар көзден бұлбұл ұшты», - деп еске алады. Өзге дәмелі клубтардың да қарасы көрінбей қалды. Ал кленбутерол сапасыз ет жеп қойғаннан кейін пайда болған екен. Очоаның кінәсіз екені дәлелденгенмен, қатарларына қосқысы келген франциялық «Аяччо» ғана болды. Басқа таңдау болмаған соң, Гильермо «аюлардың» сапын толықтырды. Үш жыл бойы «Аяччоның» екінші лигаға түсіп қалмауы үшін еңбек етті. 2014 жылы маусым аяқталысымен еркін агент атанды.

Сол жылы Бразилияда өткен Әлем чемпионатына қатысып, көрермен көзайымына айналды. Мексиканың топтан шығуына басты себепкерлердің бірі десе де болады. 2014 жылғы мундиаль қақпашылардың бағын ашқан чемпионат болғаны бәріңізге мәлім. Клаудио Браво «Реал Сосьедадтан» «Барселонаға» ауысса, Давид Оспина «Ниццаны» тастап, «Арсенал» қатарын толықтырды. Ал Кейлор Навас «Левантеде» жүрген жерінен мадридтік «Реалдың» сапынан бір-ақ шықты. Ауыздың суы құритындай сейвтерімен, жүзіктің көзінен өткендей жылдам қимылымен Әлем чемпионатының ең жарқын бейнесіне айналған Очоа да жаңа команда тапты. Басқа голкиперлер секілді аузын айға тіреген топ-клубқа емес, ортаңқол «Малагаға» ауысты. Негізгі қақпашы болса әңгіме басқа ғой. Хави Гарсия Мемоны тек екінші қақпашы ретінде сатып алғызды. Екі маусым бойы ойынға оқта-текте ғана араласты. Бразилиядағы Әлем чемпионатының жарық жұлдызы «Малаганың» қосалқы құрамында отырды. 2016 жылдың жаймашуақ жазында «Гранадаға» жалға берілді. 2016/2017 жылғы маусымда 38 ойында 82 гол өткізіп, Испания чемпионатының антирекордын орнатты. Бірақ 152 сейв жасап, ТОП-5 чемпионаттағы үздік көрсеткішке ие болды. Очоа болмағанда «Гранаданың» 82-ден әлдеқайда көп гол жіберетіні анық еді. Маусым қорытындысы бойынша «насридтер» Сегундаға түсіп, Мемо бельгиялық «Стандартқа» жол тартты.

«Неге Еуропаның мықты клубтарына ауыспадыңыз?» деген сұраққа: «2014 жылғы Әлем чемпионатында өте жақсы өнер көрсеттім. Белді клубтар хабарласа бастады. Нақты ұсыныстар да болды, бірақ еуропалық құжатымның жоқтығы адуынды клубтарға ауысуыма тұсау болды», - деп жауап берді.

2018 жылы «Стандартта» жүрген кезінде Гильермоны «Наполи» сатып алғысы келген, бірақ клуб президенті Очоаны неаполитандық клубқа сатқысы келмеген. Тамаша мүмкіндіктен айырылған Мемо 2019 жылы сегіз жыл өнер көрсеткен, 2022 жылға дейін жарамды келісімшарт ұсынған мехиколық «Америкаға» ат басын бұрады. Осылайша Еуропаны бағындыруға келген «Мексиканың ХХІ ғасырдағы ең үздік қақпашысы» деген дардай атағы бар Очоаның алдынан неше түрлі кедергілер шығып, кәрі құрлықта тиісті бағасын ала алмай кетті. 35 жастан 36 жасқа асып бара жатқанын ескерсек, «Менің мақсатым – Чемпиондар лигасының кубогіне таласатын клубта тер төгу» - деген асқақ арманы келмеске кеткен секілді.

Қазіргі таңда нарықтағы құны екі миллион еуроны құрайды екен. Еурокубоктік ойындарда бақ сынайтын клубтарымыз ақшаны бума-бумасымен қалтаға басқанша, Очоаны неге шақырып алмасқа? Сапасыз легионерлерге беріп жатқан айлықтарын ескерсек, Мемоға да ақшалары жетіп қалар. Жасы да біздің премьер-лигаға тайға таңба басқандай дәл келеді, бірақ кіндік қаны тамған жерін тастап, Қазақстандағы жаман түйенің жабуындай алаңдарда ойнауға келісуі екіталай...

Z


z2Jx8QADs=


ZAA==


9k=


Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×