Абатты Түркияда не күтіп тұр?

Мұқашұлы Мұрат
Мұқашұлы Мұрат
Бас редактор
11.03.2024, 18:31

Абат Айымбетовтің Түрік Суперлигасына барғанына ерекше қуанып едік. Шабуылшының өзге біріншіліктегі болашағына алаңдаған жанкүйер көңіліне медеу болған ең алдымен Айымбетовтің Ұлттық Құрама қатарындағы нәтижелі өнері еді. Отызға таяған футболшы Түрік чемпионатының деңгейін көтере ала ма деген күдіктен, үміт басым болған. Еңбекқор, ҚПЛ-де әбден ысылған сұрмергеннен шынын айтсақ көп үміт күттік. Алайда, Абаттың Аданадағы өнері әзірше көңіл көншітпейді.

Абатты Түркияда не күтіп тұр?

Түрік клубының басшылығына Абаттың «Астанадағы» ойыны ұнаған болар.  Қазақстандық шабуылшының әрине, Дания мен Солтүстік Ирландия қақпасына салған әдемі голдары да Аданалық футбол менеджерлерінің назарын аударғаны анық. Бірақ, эмоцианалды Түріктердің алабұртқан көңілінің тез-ақ суынып кетпесіне ешкім кепіл бола алмайды. Абаттың соңғы бір айдағы сүреңсіз ойынын ескерсек, бәрі де мүмкін деген ой келеді. Әрине, Қазақстандық шабуылшының салыстырмалы түрде жаңа біріншілікке ауысқанына көп уақыт бола қойған жоқ. Абаттың Астананы артқа тастап, Адананы бетке алғанына бір айдан енді ғана асып отыр. Бейімделуіне бұдан әлдеқайда көп уақыт қажет болған біраз мықтыны да білеміз. Десе де, Айымбетовтің жайлы орта мен жақсы жалақыны бекер құрбан етпегені анық. Абатты өз мансабында бір өзгерісті қалап, соған батыл қадам басты деп есептейміз. Енді осындай өзгерістерге ұмтылған шабуылшының ойы қаншалықты іске асуда? Қазақстандық футболшыны жаңа клубы жылы қарсы алды. Бұл туралы футболшының өзі де бірнеше рет айтқан. 

«Команда жылы қабылдады. Келгеніме екі апта болып қалды. Әрине, қиындықтар да бар, бірақ жылдам бой үйретіп, бейімделуге тырысып жатырмын. Адана – үлкен қала, бірақ маған Әзірбайжан құрамасының қақпашысы көмектесіп жүр. Білмегенімді содан сұрап жүрмін. Мұндағы деңгейдің әлдеқайда жоғары екені көзге ұрады. Бірақ, өзім де соған сай болудың қарекетін жасадым. Десе де, біздің біріншіліктің бітіп кеткенінен бері бір жарым ай уақыт болды»

Берекесі қашқан «Адана Демирспор»

Абаттың жаңа клубтағы алғашқы айына баға бермес бұрын бірнеше факторды ескеру керек. Шабуылшы Түркия чемпионатына нағыз бабында барған жоқ. ҚПЛ-дегі үзілістегі демалысынан қайнап тұрған Түрік біріншілігінен бірақ шықты. Сондықтан, Айымбетовке жаңа чемпионат, командаға бой үйретумен қатар, бабына келіп алу керек болды. Оған берілген уақыты да шектеулі еді. Ерекше ескеретін тағы бір жайт - «Адана Демирспордың» ішкі жағдайы. Дәл осы күндері Түркиялық клубтың өзінің де басынан аумалы-төкпелі шақтар өтуде. Былтырғы маусымның жаңалығына баланған клуб (2023 жылы Суперлигада 4-ші орын) биыл бас бапкері Винченцо Мантелломен қош айтысқан. Адана қаласының басты футбол клубынан Италиялық маман өзімен бірге тұрақтылық дейтін ұғымды да ала кеткендей болды. Команданың тарихындағы ең сәтті маусымның бірі болған былтырғы құрамнан Шериф Ндиайе, Анри Оньюкури Бенжамин Стамбули, Кевин Родригес, Йонас Свенссон мен Мбайе Ньянг клубтан кетіп қалды. Мұндай ауыс-түйістер әрине, әсер етпей қоймайтын еді. Мысал үшін, команда Абат ауысқаннан бері 6 ойынның тек біреуін ғана (Адана Демирспор - Фатих Карагюмрюк - 1:0) жеңіспен аяқтаған. Қалған бес ойынның екеуінде ұпай бөлісіп, үш матчта жеңіліс тапты. Қазір Айымбетовтің жаңа клубы 11-ші орында тұр. Осындай өзгерістер кезінде келген қазақстандық шабуылшыға бейімделудің екі есе қиын болатыны түсінікті еді.

Абат vs Балотелли 

Абаттың бәсекелестіктен қорықпайтынын жақсы білеміз. 2020 жылғы «Қайраттың» чемпиондық маусымында 20 матчта 10 гол салып, команданың үздік шабуылшысы атанды. Сол маусымда Алматылық клубтың шабуыл шебінде кәдімгідей бәсекелестік болғанын білеміз. «Қайраттың» алдыңғы шебінде Айымбетовтен бөлек тағы Вагнер Лав, Адеринсола Эсеола мен Артур Шушеначевтер де өнер көрсеткен. «Адана Демирспордың» футболшысы міне осындай тартыста жеңіп шықты. Сондықтан, Қазақстан Ұлттық құрама командасының сұрмергенін бәсекелестік тек қамшылай түседі деуге болады. Абаттың жаңа клубындағы позициясында да бәсекелестік бар. Әзірге, «Адана Демирспордың»  үздік бомбардирі  - Марио Балотелли. Сырлы аяқтын сыры кетсе де, сыны кетпейді. «Супер Марио» баяғы «Интер», «Милан» не «Манчестер Ситидегідей» лапылдап тұрмаса да, Түркия чемпионатын шайқайтындай шамасы бар. Италиялық сұрмерген бекерден-бекер «Адананың» соңғы үш жылдағы негізгі шабуылшысы саналып жүрген жоқ. Жаңа маусымда да команданың үздік сұрмергені дәл ( 10 матчта 6 гол ) осы Балотелли. Ешкім әзірге Италиялықтан асырып гол сала алмай келеді. Тағы Юсуф Бараси бар. Клубтың өз болашағын ең алдымен осы Барасидей жастармен байланыстыратыны анық. Біріншіден – Юсуф бөтен емес, жергілікті футболшы. Соңғы уақытта Түрік жерінен топ-чемпионаттарға ауысып кетіп жатқан жастар аз емес. Сондықтан, бәрінен бұрын түркиялық жастарға мүмкіндік берген Аданалық клубтың өзіне тиімді екені анық. Қысқасы, Қазақстандық футболшыға жаңа командасының негізгі құрамынан орын алу оңай болмайды.

             Төрт ойында  - 167 минут 

Абат Аданалық клубқа барғалы 4 матчқа қатысты. Жаңа клуб жейдесіндегі бірінші бәсекесін 4-ші ақпанда сырт алаңда «Пендикспорға» қарсы өткізген. Бұл кездесуде алаңға негізгі құрамда шығып, 67 минут өнер көрсетті. Абатқа «Адана Демирспордағы» екінші ойынында да («Адана Демирспор» - «Касымпаша» 1:3) негізгі құрамнан орын табылған. Ал осыдан кейінгі екі кездесудегі уақытын қосқанда бір таймға да жетпейді («Трабзонспормен» - 15 минут, «Карагюмрукпен» - 21 минут) екен. Хикмет Қараман біздің шабуылшыға өткен демалыста «Коньяспормен» болған бәсекеде (есеп - 2:2) тіпті бір минутты да қимады. Қос команда қазір 10-11 ші орындарда үзеңгі қағысты Қысқасы, ауыр күндер Айымбетовтің өзінің де оның жаңа клубының басынан да өтіп жатқан жайы бар.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 6
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 3
Серіктес жаңалықтары
×