Түркияның «Адана Демирспор» клубының жанкүйерлері Қазақстан құрамасының шабуылшысы Абат Айымбетовке қаржылық талаптарынан бас тартуды немесе қарызды өтеудің клубқа тиімдірек шарттарына келісуді сұрап, үндеу жасады, деп хабарлайды Aladop.kz.
Жанкүйерлердің мәлімдеуінше, футболшының клубқа қатысты ФИФА аясындағы ісі команданың болашағына айтарлықтай әсер етуі мүмкін. Олардың айтуынша, бұрынғы басшылықтың қателіктері мен орындалмаған уәделері «Адана Демирспорды» күрделі қаржылық жағдайға душар еткен.
Қазір клуб жанкүйерлердің басқаруына өткен. Алайда олардың пікірінше, команданың қарыздарын өтеуге қажетті қаражат жанкүйерлердің мүмкіндігінен асып түседі. Сонымен қатар клубқа институционалдық немесе ұйымдық деңгейде қаржылай қолдау көрсетілмей отырғаны айтылған.
«Адана Демирспор» өкілдері Абат Айымбетовтен өзіне тиесілі қаржылық талаптардан бас тарту мүмкіндігін қарастыруды немесе қарызды өтеудің қолайлы шарттарына келісуді өтінді. Жанкүйерлер мұндай қадам клубтың сақталып қалуына көмектесуі мүмкін деп санайды.
Олардың үндеуінде клубты сақтап қалу тек футбол командасын емес, сонымен қатар оның тарихы мен миллиондаған жанкүйердің сүйіспеншілігін қорғау екені атап өтілген.
Әзірге Абат Айымбетовтің бұл өтінішке қатысты жауабы туралы ақпарат жарияланған жоқ.