Алтаудың аманаты

19.01.2011, 20:10
Алтаудың аманаты
Еліміздің бас басылымы – «Социалистік Қазақстан» («Егемен Қазақстан») газетінің 1960 жылғы 8 қазандағы №238 санында алты автордың қол қоюымен жарық көрген «Қай­рат» командасы туралы ойлар» атты бұл ма­қаланы бүгінгі күннің тұрғысынан қарағанда, шынында да алғы күнге аманат ретінде бағалауға болар еді.

Сол жылдың көктемінде Алматының «Қай­раты» футболдан КСРО чемпионатының элитасында алғаш өнер көрсетуін бастады.

Бұл 1959 жылдың желтоқсан айында КСРО Спорт комитетінің алдағы 1960 жылдан «А» класындағы командалар санын 12-ден 22-ге дейін ұлғайту жөнінде шешім қабылдауы нәтижесінде мүмкін болды. Осының арқа­сын­да Белоруссия, Өзбекстан, Қазақстан, Армения, Әзірбайжан, Латвия, Литва, Молдавия және Эстония секілді одақтас республикалар астаналарының бір-бір командасы, Ресей мен Украинаның бұрынғы астаналары Ленинград пен Харьковтың «Адмиралтеец» және «Авангард» клубтары, барлығы 9 футбол жасағы бірінші рет жоғары топтан орын алды.

Бұл оқиға жоғарыдағы рес­пуб­лика­лар­да­ғы тәрізді Қазақстан үшін де ай­ту­лы тарихи оқиғаға айналды. Футбол сүйер қауым «Астаналар ко­ман­даларының шеруі» атанған жа­ңа маусымның ашылуын зор мереке ретінде үлкен қуанышпен қар­сы алды. Соны сипаттағы чемпионат регламентінің тағы бір ерекшелігі, одақтас республикалар астана­ла­ры­ның командалары қо­ры­тынды­да қан­дай төмен орын алғандарына қарамастан, дебюттік жылы жо­ғары лигадан түсіріл­мейтін болып шешілді.

Жаңа чемпионат екі кезең бой­ынша өткі­зілді. Оның бірінші ке­зе­ңінде 11-ден екі ша­ғын топқа бө­лінген командалар өздерінің келесі сатыда қай орындар үшін күресетінін ан­ықтау жолындағы күреске кірісіп кетті. Сәу­ірдің 9-ында сөреден шыққан топтық талас 11-12 тамыз күндері өз мәресіне жетті. Бұдан әрі командалар осы топтарда алған орын­да­рына қарай өзара 1-6, 7-12, 13-18 және 19-22 орындар үшін таласатын тағы 4 топқа бө­лі­ніп, шайқастарын жалғастырып әкетті. Та­мыз­дың 23-інде басталған бұл дүбірлі дода 23-қазанда аяқталды. Бірінші кезеңде екінші шағын топтың шаңын қағысқан Алматының «Қайраты» өзі өткізген 20 ойынның 6-ында жеңіске жетіп, 4-ін тең бітіріп, 10 рет же­ңіліп, қарсыластарына 19 гол соғып, өз қақ­пасына 29 доп жіберіп, жинаған 16 ұпайымен 11 команданың арасында 9 орынға ие болды. Ол кездерде жеңіс үшін командаға 2 ұпай берілгенін бүгінгі футбол жанкүйерлері де жақ­сы білетін шығар деп ойлаймыз. Ал жоға­ры­дағы көрсеткіш командаға чемпионатта 13-18 орындар үшін шайқасатын топтан орын ал­дыр­ды. Мұнда қайраттықтар 10 ойынның 3-уінде жеңіске жетіп, 7 рет ұтылып, қарсы­ластар қақпасына 6 доп салып, өзіне 17 доп өткізіп, 6 ұпаймен топтағы соңғы 18 орынға табан тіреді.

Әлбетте, бұл «Қайраттың» кеңес футболы жоғары эшелонындағы ең алғашқы жылы болғанына қарамастан, оның қорытынды кестеде алған орны республика футбол жан­күйерлерінің көңілінен шыға қойған жоқ. Бұған, бәлкім, кейін команданың нөмірі бірінші бәсекелесіне айналып кететін Ташкенттің «Пахтакор» жамоасының (өзбекше «команда» деген сөз) екінші кезеңде қайраттықтармен бірге 13-18 орындарды сарапқа салатын топқа түсіп, нәтижесінде 11 ұпаймен 14 орын ал­ғаны да әсер еткен шығар. Оның үстіне көрші республиканың басты командасы сапындағы жергілікті ұлт өкілдерінің саны сол бірінші жылдың өзінде бізге қарағанда әл­де­қайда көп-тін. Олардың қатарында Акмаль Азиз­ходжаев, Идгай Тазетдинов, Максуд Шарипов, Хамид Рахматуллаев, Владимир Таджиров, Виталий Суюнов, Манап Якубов, Берадор Абдураимов, Искандер Фазылов секілді ойыншылар болды. Ал «Қайраттың» құра­мы­на енгізілген Өмірбек Бекбосынов, Сайлаубек Есімбеков, Болат Ишанов, Тимур Сегізбаев, Диас Омаров секілді қазақ нәсілді фут­бол­шы­лардың алдыңғы үшеуі бірде-бір рет негізгі құрамда өнер көрсетпесе, Тимур бар-жоғы 8, ал Диас 2 рет қана жасыл алаңның жүзін көрді.

Осының бәрі республика футбол жан­күй­ерлерін қатты қапа етсе керек, олардың бір тобы чемпионат толық аяқталмай жатып-ақ, жоғарыдағы мақаланы бас басылымда жариялап жіберді. Онда «Қайрат» командасының «А» класына қосылып, республика намысын қорғауы игі ниет екенін тілге тиек етуден бас­таған авторлар жоғары спорт басшылығының, өкі­нішке орай, бұл мәселеге жеткілікті көңіл бөле қоймағанына қынжылыс білдірді. «Республикалық спорт қоғамында отырғандар алды­мен команда құрамын іріктеп алуға мән бермеді, – делінген мақалада. – Жергілікті спорт­шы­ларды тәр­биелеп, солардың ішінен ой­ын­шылар іздеді. Сөй­тіп, аға тренерден бастап, ко­манданың негізгі құрамын бас­қа республикалардан шақырды. Бәлкім, «А» класы деген атаққа сай ойыншыларды жинағысы келген болар. Бірақ мұның өзі жас футболистерді тәрбиелеп өсіру ор­нына, қиындықтан қашып, дайынға жармасу болып шық­пай ма? Сон­дай-ақ қазақстандық футболистер аз ба?.. «Қайрат» командасының негізгі құ­ра­мын­дағы 11 ойыншының көп­ші­лігі басқа жерден шақырылған «қо­нақ­тар». Бірақ кейбір алыстан арбалап алып келген С.Стадник, Г.Шершевский, В.Кадочников сияқ­ты ойын­шы­лар бар­лық тұрмыстық жағдайлар жа­сал­ғанына қарамастан, көп аялдамай ізінше кетіп қалды. Ал шебер ой­ын­шы деп әкелген спорт мастері Г.Неверов сияқтылар 11 метр жерден айып­ты доп­ты түсіре алмай, ұялғанынан ол да тайып тұрды».

Бұдан әрі авторлар команданың негізгі құ­рамында жергілікті ұлт өк­ілдері мүлдем жоқ екеніне тоқталды. Негізгі құрамда ойнай ала­тын қазақ жастары түрлі желеулермен шетке ығыс­тырыла береді. Ежелден «Қайрат» ко­ман­дасы құрамында ойнап келе жатқан ойын­шының бірі Болат Ишанов осындай жағдайға душар болған. Тәуір ойыншы ретінде өсіп келе жатқан Т.Сегізбаев жөнінде де айтылары осы. Минскіде жергілікті «Беларусь» коман­дасына қарсы ойында екі гол соғып, командаға ең алғашқы жеңісті алып берген бұл ойыншы болмашы сылтаулармен негізгі құрамнан ор­ын ала алмай жүр. «Шынында футбол ойы­нымен үнемі шұғылданып, ойын­шы­лық өнер­лерін күннен-күнге жетілдіре түс­кен қазақ жастары аз емес, – делінген мақалада бұдан кейін. – Ал олардың қанатын қомдап, тәрбие­леп, жастарға қамқорлық жасап отырған республикалық спорт қоғамы жоқ».

Негізгі ойларын: «Бұдан «Қайрат» ко­мандасы тек жергілікті ұлттан құрылсын деген ұғым тумайды. Қазақстан сияқты көп ұлтты республикада түрлі ұлт өкілдерінің шебер ойыншылары өсіп, жетілуі керек, ал олардың ішінде қазақ жастары да өзінің лайықты орнын алуға тиіс. Бұл заңды талап», – деген тұжырыммен тиянақтаған авторлар мақала соңында Қазақ КСР спорт ұйымдары мен қоғамдары одағының, республика Футбол федерациясының, «Қайрат» командасының аға жаттықтырушысының әділ сыннан тиісті қорытынды шығаратындарына сенгілері келетінін білдірген. Бірден ашығын айтайық, кеңес заманында республиканың шын мәнінде құрама командасы болған «Қайраттағы» қазақ футболшыларының мәселесі осыдан кейін де оңды шешілген емес. Көрші Ташкенттің «Пахтакоры» негізгі құрамында кем дегенде 5-6 өзбек ойнап жүргенде, Алматы футбол клубы сапында алаңға шығатын қазақ саны екеуден асып көрмепті. Оның да нағыз өрлеген жылдары қақпашы Құралбек Ордабаев пен қорғаушы Сейілда Байшақов жұп болып өнер көрсеткен жылдармен тұспа-тұс келеді. Бір қызығы, қазір тәуелсіздік алған жылдарымыздың өзінде еліміз құрама коман­дасы құрамындағы қазақ футболшыларының мәселесі әлі дұрыс шешімін таба алмай келеді.

Ендеше, кешегі күннен бері жібі үзілмей келе жатқан сол проблеманы алғаш рет көтеріп, алаш жұртына аманат тастаған алты автор кімдер еді, енді соған келейік. Түрлі жастағы, қилы мамандықтағы бұл жанашыр ағаларды газеттегі мақалаға қол қойған реттерімен көрсетсек, ол былай болып шығады: Темірхан Жақыпов, ауыл шаруашылығы ғылым­дарының канди­даты, Несіпбек Әлішев, Алма­ты ауыр мәшине жасау зауытының слесары, Асылбек Ғұмаров, Су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институ­ты­ның инженері, Ишанқұл Мәженов, қатардағы жауынгер, Зәйдулла Мы­ханов, Батыс Қазақстан облысы, Фурманов ауданының мал дәрігері, Әбдісалан Нұрма­ханов, КСРО спорт шебері. Бізге бұл кісілер­дің арасында атақты боксшы Әбдісалан аға­мыз ғана жақсы таныс, ал бас­қалары жөнінде ешқандай мағлұматта­ры­мыз жоқ. Олай болса, сондай заманда ұлт намысын жоқтай білген  осы қалған бес аға қазір қайда екен? Олар жөнінде дерек білетін кісілер бар ма? Біз­діңше, газет оқырмандарын енді осы сауал­дар­дың да қызықтыруы әбден мүмкін.

Серік ПІРНАЗАР.

Астана.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×