Ансу Фати Мессидің ізбасары атана ала ма?

Ермұхамед Мәулен
Ермұхамед Мәулен
Бас редактор
07.04.2020, 21:54
Ансу Фати Мессидің ізбасары атана ала ма?

2019/20 жылғы маусым өз ерекшеліктерімен орын алып келеді. Аталмыш маусымның жыл жаңалығының бірі – каталондық «Барселонаның» жас ойыншысы – Фати. 16 жасар ойыншының «Барселона» сапында Испания чемпионаты мен Чемпиондар Лигасында доп тепкені кімді болмасын елеңдеткені сөзсіз. Үлкен футболдағы алғашқы ойындарынан-ақ өз ойынымен қоса, түрлі рекордтардың иесі атанып келеді. Теңбіл доп жанкүйерлері мен сарапшылардың дәл осы жас ойыншының болашағына неге зор үмітпен қарауда?

Анссумане Фати Виейра 2002 жылы, 31 қазан күні Гивнея-Бисаудың бас қаласы Бисауда дүниеге келген. Аяқ доптың қыр-сырын 2008 жылы «Севиляның» жасөспірімдер құрама командасынан біле бастады. Бала Фатиге осы сәттен бастап Испанияның қос алпауыт командаларының скауттары көз сала бастады. «Барселона» мен «Реал Мадридтің» бәсекелестігі тек жасыл алаңда ғана емес трансфер терезіснде де орын алған. Әкесінің айтуы бойынша королдік клуб каталондықтарға қарағанда екі есе көп қаражат ұсынған. Бірақ Фати мен оның әкесінінің таңдауы «Барселонаға» түсті.

2019 жылдың 24 шілдесі күні Фати кәсіби мансабындағы алғашқы келісім шартын Барселонамен жасады. Келісімшарт 2022 жылға дейін бекітілді.

Испания чемпионаты маусымының басында «Барсаның» шабуыл шебіндегі негізгі үш ойыншының бірінен соң бірі жарақат алуына байланысты – Месси, Луис Суарес, Осман Дембеле – Фати күтпеген жерден клубтың негізгі құрамына шақырту алды. 2019 жылдың 25 тамызында “Бетиске" қарсы дебюттік ойынын көрсетіп, соңғы 78 жылда каталондықтардың сапында өнер көрсеткен ең жас ойыншы атанды. Алаңға ойынның 78 минутында ғана шықса да жас ойыншыға берілген аз уақыттың ішінде өз ойынымен жанкүйерлердің көңіліне жол таба білді.


Фото Лео Месси инста парақшасынан алынды

Испандық тілшілердің айтуына қарағанда Фатиды негізгі құрамға шақыруға септігін тигізген ойыншылардың бірі команда капитаны - Лео Месси. Бұған дейін Лео клубтың ішкі саясатына араласатыны жайлы сіз бен біз де естіп келеміз. Сондықтан бұл ақпараттың рас яки жалған деп қабылдауыңыз өз еркіңізде. «Фатидың ойыны расында керемет, маған ұнайды. Болашақта футбол әлемінде өз орнын табу үшін мен оған қолымнан келгенше көмектесуге дайынмын» - деп аргентиналық шабуылшы Барселонаның ресми сайтында өз ойын ашық айтқан болатын. Бірақ осы бір жайттар мен Леоның Фатимен бірге әлеуметтік желіге бірге түскен суретін алып қарасақ, футбол сиқыршысы Роналдиньода өз кезінде командаға жаңа қосылып жатқан жас аргентиналықты бауырына басып, өз тәжірибесімен бөліскен уақытымен ұқсата аламыз. Егер расында алдағы уақытта да Леоның өзі қолдау білдіретін болса жас таланттың ойыны күн сайын емес, сағат сайын артуы да ғажап емес. Каталондық клубқа 3 маусым бойы Неймардың сағызша созылған трансферін күтіп, оған қыруар қаржы төлегенше, клубтың өз мектебінен футбол сабағын үйреніп, даярланып шыққан ойыншыға ден қойғаны тиімдірек. Лео мансабын аяқтап, клубтан кеткенде оның салып кеткен сара жолымен жүріп, Фатидың клубтың тірегі болмасына кім кепіл? Сол бір дебюттік ойында Ансудың жасыл алаңға шығуы үшін клубқа оның ата-анасынан рұқсат алуға тура келген. Себебі, жас ойыншының жасы кәмлеттік жасқа жетпеген еді. «Бұл сәт менің өмірімдегі ең бақытты сәт. Ұлымды клубтың бас бапкері Эрнесто Вальверде негізгі құрамға шақыру үшін менен рұқсат сұрағанын естігенде бақыттам басым айналды. Жұбайым екеуміздің төбеміз көкке жетті. Мен енді дәл қазір өмірден озсам да бақыттымын» - деп әкесі Бори Фати қуанышын жасыра алмады. Дәл сол ойыннан кейін «Барселонаның» экс ойыншысы Христо Стоичков клубтың академисы Ла Масияның екі түлегін салыстырды. «Хави Симонс ПСЖ-ның екінші құрамында жүргенде, Фати Барсаның негізгі құрамында өнер көрсететін деңгейге жетті. Аталған ойыншылардың бірі ақшаны таңдаса, екіншісі футболды таңдады» - деп экс-каталондық өз пікірін білдірді. Келесі турда “Осасунаға" қарсы өткен сырт алаңда жас ойыншының айы оңынан туды. Фати алаңға алмасып кіріп дебюттік голын соқты. Бұл гол клуб тарихында алтын әріппен жазылары сөзсіз. Себебі, Фати “Барселона” тарихында гол соққан ең жас ойыншы атанған болатын. 21 ғасырдағы “Барселона” сапында гол соққан ең жас ТОП-5 ойыншылар:


2019 жылдың 17 қыркүйек күні Чемпиондар Лигасындағы алғашқы ойынын өткізді. Кездесу “Боруссия Дортмундқа" қарсы өтті. Бірақ Ансу бұл ойында көзге түсе алмады.

Фати Чемпмондар Лигасында көпшілікті голдан көп күттірмеді. 2019 жылдың 11 желтоқсан күні “Интерге" қарсы өткен ойында алаңға 85 минутта кіріп, небары бір минуттан соң 86 минутта қарсыл қақпасының айласын тауып, өз командасына жеңіс голын сыйлады (1:2). Бұл ойында да кезекті рекорд иесі атанды. Ансу Фати – Чемпиондар Лигасының тарихында гол соққан ең жас ойыншы атанды (17 жас 40 күн).

Фатидің отбасы

Ансудың әкесі – Бори Фати футболшы болған. Ұлын дәл осы спортқа баулыған адам әкесі еді. Елінде болып жатқан дағдарыстан соң Бори отбасымен елден кетіп, Испанияға келуге мәжбүр болды. Боридың тапқан табысы нәпақасына жетпегесін қызметін ауыстырып, танымал испандық экс-ойыншы Рафаэль Гордильоның жеке көлік жүргізушісі болды.

Әкесі мен анасы бүгінде бес баланы тәрбиелеп отыр (3 ұл, 2 қыз). Атадан ұл туып, ата жолын қуған Боридың үш ұлыда футболмен айналысуда. Ансудың ағасы Браим Ла Масия мектебінде, інісі Тьяго Мессимен бірге жаттығады.

Фатидің дәл қазіргі көрсеткіші клубпен бірге 20 ойын өткізіп 5 гол мен 1 нәтижелі пастың иесі атанып тұр. 20 ойынның ішінде алаңда өткізген тоқсан минуттық ойындары саусақпен санарлық. 17 жасар ойыншы үшін бұл нәтиже жаман емес.

Фатиды әзірге аргентиналықпен салыстырып немесе "Жаңа Месси" деп атап қажет еместе шығар. Себебі, бұған дейін “Жаңа Мессилердің" сан түрлісін көрдік. Бірақ сол жас таланттар қазір қайда? Алысқа ұзамай-ақ блауграна академиясынан шыққан таланттарды алып алып қарайық. 17 жасында жасындай жарқылдап кейіннен ұмыт болған Боян Кркич, Ла Масияда жүріп жасөспірімдер арасындағы жұлдыз атанғанымен “ПСЖ-ның" ат басындай алтынынан бастарта алмаған Хави Симонс, құрама ішіндегі бәсекелестен жеңіліп, «Реал Бетиске» ауысға тура келген Карлес Аленя. Аталған ойыншылар “Барсаның" болашақ ондығы деп сенген ойыншылары еді. Зер салып қарасақ құдды “Жаңа Месси" деп ат қойған ойыншыларға бақ пен дар емес қарғыс қонатындай. Сондықтан Фатиді екінші Месси емес бірінші Фати деп атағанымыз жөн болар

Шерхан Абзалұлы



Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×