«Қайрат» футболшылардың жалақысын қысқартты

09.04.2020, 07:44
«Қайрат» футболшылардың жалақысын қысқартты

Футболшылар, бапкерлер және клуб қызметкерлері сәуір айында өз жалақыларын елу пайызға төмендетіп, қиын кезеңде клубқа шығындарды қысқартуға көмектесеміз деген шешім қабылдады.

Бұл шешімді футболшылар мен бапкерлер штабы қабылдады. Онлайн-конференция өткізілгеннен кейін идеяны негізгі команданың барлық ойыншылары, сондай-ақ әкімшілік пен қызметкерлер де қолдады.

«Жалақыны елу пайызға төмендету шешімі біздің тарапымыздан ұсынылды. Біз жиналыс өткізіп, осындай қиын кезеңде түсіністік таныту керек деп шештік. Барлық қазақстандық және шетелдік ойыншылар осы бастаманы қолдады. Біз бірге қиындықтарды жеңе аламыз», - деді «Қайрат» ФК капитаны Ғафуржан Сүйімбаев. 

Сонымен қатар «Қайрат» ФК қорғаушысы Раде Дугалич осы мәселеге байланысты өз ойын білдірді. «Біз жиналыс өткіздік. Барлығымыз бірге: ойыншылар, бапкерлер құрамы, әкімшілік. Осы қиын уақытта клубқа көмектесу туралы шешім қабылдадық. Саналы түрде осы айда жалақының жартысын төмендетуге бардық. Сәуір айын футболсыз өткіземіз, сондықтанда бұл дұрыс шешім. Бүкіл әлемде қазір күрделі жағдай. Барлық бизнес шығынға ұшырауда. Бірігіп, қиындықтарды бірге жеңу керекпіз. Біз бір үлкен отбасымыз. Клуб басшысы біз үшін көп нәрсе жасауда. Қазіргі қиын кезеңде бізде оған көмектесуге мүмкіндік бар. Карантин жақын арада аяқталатынына сенімдімін, және де чемпионатты жалғастыра аламыз. Барлығымыз футболды сағындық», - деді сербиялық қорғаушы Раде Дугалич.

Сондай-ақ елордалық «Астана» футбол клубы футболшыларына сәуір айының жалақысын елу пайызға қысқартамыз деген болатын. Алайда 2-сәуір күні клуб басшылығы футболшардың наурыз айындағы жалақысының толықтай берілетінін, ал сәуір айының жалақысын тек отыз пайызға қысқартатынын хабарлады.

Коронавирус пандемиясына байланысты «Ертіс» командасы өз ойыншыларына ең төменгі жалақы, яғни 42500 тенге тағайындаған болатын. Ал «Каспий» командасы футболшылармен жасалған келісім-шартты тоқтатып, жалақы төлеуден мүлде бас тартты. Мұндай жағдай Әлемдік футбол да орын алды. Олардың арасында испаниялық «Барселона», италиялық «Ювентус» және немістің «Бавариясы» да бар.

Ермұхамед Мәулен

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×