«Астана» Рай Влутты ресейлік клубқа сатты

07.09.2022, 01:20
Елордалық клуб өз ойыншысы үшін 250 мың еуро алды.
«Астана» Рай Влутты ресейлік клубқа сатты

«Астананың» 27 жастағы шабуылшысы Рай Влут мансабын ресейлік «Уралда» жалғастырады, деп хабарлайды клубтың баспасөз қызметі.

Екатеринбургтік клуб голландиялық шабуылшының келісімшартын сатып алу мүмкіндігін пайдаланып, «Астанаға» 250 мың еуро төлеген.

«Менде ресейлік клубтардың бірінде өзімді сынап көретін жақсы мүмкіндік болды. Олар жақсы ұсыныс жасады. Бірақ, менің онда ауысуымның басты себебі – чемпионат. Менің ойымша, Ресей чемпионаты жоғары деңгейде және мен үшін бұл басты себеп. Мен өзіме мақсат қойдым. Бұл әзірге дұрыс шешім деп ойлаймын. Маған мұнда бәрі ұнады: қала және клубтағы адамдар. Соңғы алты айда олар маған көп көмектесті. Маусымның бел ортасында клубтан кету оңай емес. Біздің командалық мақсаттарымыз бар, чемпион болғымыз келеді. Клубтан ерте кету мен үшін қиын шешім. Мен мұнда барлық жұмысты аяқтағым келді, бірақ мүмкіндік туып, отбасыммен бірнеше күн ойландым. Футболшының мансабында мұндай мүмкіндіктердің қанша болатынын ешқашан болжай алмайсыз.

Мен жанкүйерлерге көрсеткен махаббаты үшін алғыс айтқым келеді. Алғашқы матчымда жанкүйерлердің бірі маған арнайы баннер жасағаны есімде. Бұл мен үшін күтпеген жағдай болды. Олар командаға әрі қарай да қолдау көрсетеді деп үміттенемін. Командаға қажеті де осы. Сіздерге бар жақсылықты тілеймін және барлығы үшін рахмет!» - деді Влут.

Голландиялық футболшы «Астанаға» осы жылдың наурыз айында еркін агент ретінде қосылған еді. Елордалық клуб сапында Влут 19 матч өткізіп, 7 гол соқты, 4 нәтижелі пас берді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×