Әзіл үшін оқ құшты. Футбол тарихындағы ең қисынсыз өлім

01.12.2020, 09:43
Италия чемпионы қандай қалжыңы үшін өмірінен айырылды?
Әзіл үшін оқ құшты. Футбол тарихындағы ең қисынсыз өлім

1974 жылғы «Лационың» алғашқы чемпиондығына үлкен үлесін қосқан Лучано РеЧеккони расымен де сәтсіз қалжыңы үшін атылды ма, әлде қасақана жасалған өлім бе?

Жәй ғана әзіл...

Жарақатына байланысты 1976 жылдың 24 қазанынан 1977 жылдың 18 қаңтарына дейін қаңтарылып тұрған жарау аттай футболдың дәмін сезе алмаған Ре Чеккони дәрігерден ойындарға қатысуға рұқсат алғанына қуанып, командаластары Ренцо Росси мен Пьетро Гединді ертіп, қатарға қосылуын атап өтпекші болады. Росси орта жолда бөлініп, шарап сатып алуға кетеді. Ал Чеккони мен Гедин жолдан иіссу сататын таныстары Джорджо Фратиччолиге соғады. Ол болса екі құты әтірді Нитти көшесіндегі зергерлік дүкенге апармақшы екен. Әлгі екеуі Фратиччолимен бірге баруға шешім қабылдайды. 

Кешкі сағат жеті жарым шамасында зергерлік дүкеннің алдына келеді. Фратиччоли мен Гедин алғашқы болып кіреді. Чеккони сәл кейінірек кіріп, пальтосының жағасын көтеріп, «Орындарыңнан қозғалмаңдар! Бұл тонау!» деп дауыстап үлгергенінше дүкеннің қожайыны Бруно Табоккини 7.65 мм калибрлы «Вальтер» тапаншасымен Лучаноны атады. Оқ «аққұба періштенің» кеудесіне тиіп, Гединге: «Бұл қалжың еді, жәй ғана қалжың», - деп сыбырлайды. Тағы бір нұсқада: «Мені күт, мен де кетемін», - деген екен. 

Белгісіз біреу полицияны тоқтатып, тәртіп сақшылары Чеккониді «Сан-Джакомо» ауруханасына жеткізгенмен, жарты сағаттан кейін бар-жоғы 28 жасында «L’Angelo Biondo» қайта келмес сапарға аттанды. Сот «өзін-өзі қорғау үшін жасалған әрекет», - деп Табоккиниді ақтап шығарады. 

«Лацио» ойыншылары тапаншамен жүрді

БАҚ өкілдері де Табоккини жағында болды. Өйткені ол заман Рим үшін қиын кезеңдердің бірі. Атыс-шабыс, ұрлық-қарлық белең алып тұрған еді. Тәртіп сақшылары солшылдармен, солшылдар оңшылдармен күн сайын қақтығыста болды. Одан бөлек Бруноның дүкеніне осыған дейін де қолының жымысқысы бар адамдар келіп, оларға да оқ жаудырған. Сол себепті де Табоккини сүттен ақ, судан таза болып шықты. 

«Лацио» қорғаушысы Луиджи Мартини: «Чеко командадағы ең ақылды ойыншы болатын», - деп Чеккониді арзан әзілге қимады. Мартиниден бөлек Винченцо Д’Амико мен Пино Уилсон сынды командаластары да осы сөзді растады. 

Жас кезінде Чеко расында да әзіл-қалжыңға әуес болған. Жаттығу алаңының ортасына парашютпен түскен кездері де болыпты. Бірақ одан бері Чеккони екі баланың әкесі атанып, есейіп, жеңіл әзілдерді өткен шақта қалдырған. Сол жылдары «Лационың» түгел дерлік ойыншысы қорғану үшін тапанша ұстаған. Ал адам өмірін қатты бағалаған Лучано ешқашан қару ұстамағандардың бірі еді. 

Қасақана жасалған өлім бе?

Чекконидің ұлы Стефано: «Пьетро Гедин дүкенде қолымды көтеріп тұрдым дейді. Ал Табоккини сотта Гединнің ол кезде қолын қалтасына салып тұрғанын айтты», - деп бұл жағдайға күмәнмен қарайды. Алдын ала тергеуде Табоккини Чеккони де қолын көтеріп тұрды дегенмен, кейінірек сөзінен тайқып кетті. Егер Чекко қолын көтеріп үлгерсе, зергер оны неге атты?

Сотта Гедин Чекконидің жақын досы екенін жоққа шығарды, дегенмен Лучаноның үйінде жиі болатын, ата-анасы да Гединді жақсы танитын. Одан бөлек Гедин сот алдында тілі бұралып, айтпай жасырып қалған дүниесін айтып қоюға қорыққандай Чекконидің ұлынан қашатынды шығарды.

Оңшылдар жанкүйерлік ететін клуб деген жалаумен «Лацио» БАҚ өкілдеріне таңсық клуб еді. Сол себепті олар Табоккини жағында болып, ол айтқан ақпараттарға күмән түспеуіне бар күштерін салды.  2012 жылы Паоло Ленци Италия мен Мальта арасындағы ойын алдында сол кездегі Мальта бас бапкері, Чеккони жұмбақ өлімінің куәгері Пьетро Гединге 1977 жылғы жағдай туралы бар шындықты айтуды өтініп, ашық хат жолдайды. Бірақ Гедин жұмған аузын ашар емес. Дәл осы жылы журналист Маурицио Мартуччи Чеккони ләм деп аузын ашып үлгерместен оқ құшқанын дәлелдеп, «Қалжың емес» деген кітап шығарады. 

Болған оқиғаға сәйкес келетін ең жақын тұжырым мынадай: Осының алдында болған тонаулардан кейін жүйкесі сыр берген Табоккини дүкен жабылар тұста кіріп келген топ адамды көріп, бірден тапанша кезейді. Сол сәтте Гедин қолын көтереді. Ал экс десантшы Лучано Ре Чеккони: «Тоқта! Қозғалма!» деген басты сөзді айтады. Зергер «Вальтерді» Чеккониге қарай бағыттайды. Сол мезетте абайсыз қозғалыстан атылып кететін өздігінен ату-механизмі бар тапанша атылып, Чекоға тиеді. Ал жоғарыда мықты таныстары бар Табоккини істі өз пайдасына шешіп алады. Әйтпегенде  RAI телекомпаниясы осы қылмыс жайлы фильмді Табоккини отбасымен 13 жыл бойы соттасып көрсете алмауына не себеп деп ойлайсыз? 1996 жылы ғана көрермен назарына ұсынылды бұл фильм. Сонда да фильмді көріп үлгендердің қарасы аз. 

«Аққұба періште» жарақаттан айыққанына қуанып, жастық шағын еске алып, расында да қалжыңдағысы келді ме, әлде Серия С-дан «скудеттоның» иегеріне дейін жеткен қайсар жігітті көре алмай, қасақана өлім ұйымдастырды ма? Белгісіз. Бір Құдай мен көзбен көрген куәгерлерге ғана мәлім...

Марғұлан ЖАҚЫП



9k=


2Q==


9k=


2Q==


2Q==


Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×