Бапкері мықтының бағы жанады

12.02.2021, 03:11
Топ-5 чемпионаттағы командалар көбіне қай елдің бапкерлеріне сенім артады? Ал біздің Қазақстанда жұмыс істейтін отандық бапкерлердің саны қанша?
Бапкері мықтының бағы жанады

Футбол жанкүйер­леріне «Әлемдегі ең үздік бапкер кім?» деген сауал қойылса, көптің арасында үлкен талас туындайтыны анық. Өйткені әркімнің сүйікті командасы, фут­бол­шысы, бапкері бар. Әйгілі фут­бол клубтарының жетістік­тері коман­дадағы ойыншы­лардың ғана емес, бірінші кезекте бапкердің жұмысына тіке­лей байналысты. Белгілі спорт комментаторы Аман­гел­ді Сейітханның «Үздік бапкер әрі психолог, әрі моти­ватор болуы керек» деген сөзі осыны айғақтай түседі.

Әлемдегі үздік бапкер десе, бір­ден Сэр Алекс Фергюсон еске тү­седі. Шотландиялық білікті маман УЕФА нұсқасы бойынша әлемдегі ең үздік 10 жаттықтырушының қатарына да енді. Одан бөлек, Юпп Хайнекс, Дель Боске, Арсен Вен­гер, Карло Анчелотти, Джованни Трапаттони секілді бірқатар бапкерлер де футбол әлемінде ерекше сый-құрметке ие.

Ал бүгінгінің үздігі кім? Қай бап­кер, қай елдің бапкерлері сұ­ранысқа ие? Бұл туралы спорт жур­налисі Фараби Әбдіхалықтың пікірін білдік.

– Бапкердің жетістігі оның ұлтына емес, таланты мен тәжірибесіне байланысты. Бірақ бұ­ған қарамастан, италиялықтар өз елінде де, шетелде де табысты жұ­мыс істейтінін айта кеткен жөн. АПЛ-да соңғы онжылдықта төрт италиялық бапкер жеңімпаз атанды. Испаниядан Гвардиола, Германиядан Юрген Клопп бар. Екі аргентиналық бапкер Симеоне мен Почеттино да мықты маман. Ал француз функционерлері отан­дық мамандарға көбірек сенеді. Өкініштісі, англиялық жаттық­тырушылар үлкен дағдарысты бастан кешуде. Өйткені олардың ішкі біріншіліктеріндегі жергілікті бапкерлердің жұмысы төмен дең­гейде. Оларға сұраныс та жоқ. Олар­дан тек ұлттық құраманы жат­тықтырып жүрген Саутгейтті ерек­ше атап өтуге болады, – дейді Фара­би Әбдіхалық.

Бүгінде Еуропаның ТОР-5 бірін­­шілігінде қай бапкердің аты озып, атағы жер жарып тұрғанын анықтау үшін командалардың өт­кен жыл­ғы жетістігі мен қазіргі жағ­дайларына да шолу жасап көр­дік.

АПЛ

АПЛ-да соңғы төрт-бес жылда испаниялық маман Гвардиолаға тең келетін бапкер болмай тұр. Онымен тек «Ливерпульдің» жұлдызын жандырған неміс ма­маны Клопп иық тірестіре алады. 2019-2020 жылдары АПЛ-да Юрген «Ливерпульмен» чемпион атанды. Ал өткен жылы екінші орын алған Гвардиоланың командасы биылғы маусымда чемпиондыққа басты үміткер. Қазір «Манчестер Сити» көш бастап келеді әрі 2018-2019 жыл­дағы жетістігін қайталауға жақын. Ағылшын біріншілігінде шетел бапкерлерінің көптігіне көз жеткізуге болады. Нақтырақ айтар болсақ, 7 жергілікті жаттықтырушы, 2 португалиялық, 2 неміс, 1 италия­лық, 1 норвегиялық, 1 солтүстік ирлан­диялық, 1 испаниялық, 1 арген­тиналық, 1 аустриялық, 1 шотландиялық бапкер жұмыс істейді.

Ла Лига

Ла Лигада өткен жылы «Реалды» чемпион еткен француз маманы Зинедин Зиданның орны бөлек. Тағы бір гранд клубты осы маусымда жаттықтырған голландиялық Куманның да аты көпке таныс. Оның командасы осы жылы чемпион­дыққа таласуда. Алайда «Атлетиконы» бірнеше жыл жаттықтырған арген­тиналық Симеоненің коман­дасы көштің басын ешкімге берер емес. «Севильямен» Еуропа лигасын жеңіп алған испаниялық маман Хулен Лопетеги де тәжірибелі жаттық­тырушылардың санатында.

Испанияда 20 команданың 15-ін испаниялық жаттықтырушылар баптайды. Атап айтқанда, «Вильяреал», «Реал Сосьедад», «Гранада», «Хетафе», «Валенсия», «Осасуна», «Атлетик Бильбао», «Ле­ванте», «Вальядолид», «Эйбар», «Алавес», «Леганес», «Мальорка», «Эспаньол» командаларын жер­гілік­ті испан бапкерлері баптап отыр. Бұдан Ла Лигада шетелден бап­керлер алдырту өте сирек кез­десетінін байқауға болады. «Реал», «Барса», «Атлетикодан» бөлек «Бе­тис­ті» чилилік Мануэль Пеллег­ринни, «Сельтаны» аргентиналық Эдуардо Коудет жаттықтырады. Яғни, Ла Лигада 5 шетел маманы бар.

Бундеслига

Соңғы 8-9 жылда Германия­да «Баварияға» тең келер команда жоқ. 2010, 2011 жылдары бұл клуб­тың жолын «Боруссия Дортмунд» қана кескен. Неміс бапкері Флик Ханс-Дитер тізгінді алғалы бері де клуб ішкі біріншілікте жеңісті жо­лын жалғастырып келеді. «Лей­пциг­тің» тасын өрге домалатып жүр­ген германиялық Юлиан Нагельсманның да жұмысына ма­ман­дар жоғары баға беруде. Ол – қазір сұранысқа ие бапкер­лердің бірі. Жоғарыда атап өткен қос клубтан бөлек, «Хоффенхайм», «Вердер», «Боруссия Мёнхен­гладбах», «Фрайбург», «Аугсбург», «Кельн», «Арминия» командаларын да неміс бапкерлері жаттықтырады. Ал «Унион Бер­лин», «Вольфсбург», «Айнтрахт Франкфурт» аустриялық маманға, «Байер» Нидерланды елінің, «Боруссия Дортмундт» хорватиялық, «Штутгарт» америкалық, «Герта» венгриялық, «Майнц» даниялық, «Шальке» швейцария­лық бапкерге тізгінді ұстатқан.

А сериясы

Италия біріншілігінде "Ювентустың" жұлдызы жарық. Жыл сайын чемпиондықты тойлайды. Тек осы жылы «Интер», «Милан», «Лацио», «Аталанта» клубтары та­лас­ты қыздыра түсуде. «Ювентус­тың» аңызына айналған танымал футболшы Андреа Пирло бүгінде осы клубтың тізгінін ұстап, бапкер­лік жолын атағы алысқа жайылған, азулы командамен бастады. «Наполиді» де танымал футболшы Дже­ннаро Гаттузо жаттықтырып жүргенін айта кеткен жөн. Оның командасы үздік алтылыққа жайғасқан. «Ин­тердің» бапкері италиялық Кон­тенің жұмысына жергілікті жұрт дән риза. Өткен жылы ко­мандасы Еуропа лигасының фи­налында ойнады. Осы жылы чем­пиондыққа таласуда. Сондықтан бұл бапкерге көз тігіп отырған алпауыт клубтар жетерлік. Италия­лық жаттықтырушы Пиоли Стефаноның да «Миландағы» жұмысына оң баға беретіндер көп. Жергілікті маман әйгілі клубты осы жылы чемпион қылса, бағасы одан әрі асқақтай түсері анық. А Сериясындағы клубтарды негізінен италиялық бапкерлер жаттық­тырады. Тек «Рома» португалиялық, «Верона» хорватиялық, «Болонья» сербиялық маманға тізгінді сеніп тапсырған.

Лига 1

Францияда да ПСЖ-ның айдарынан жел есіп тұр. Чемпионат басталмай жатып жылда көпшілігі париждік клубтың чемпион бола­тынын айтып, болжам жасайды. Тек осы жылы «Лилль», «Лион», «Мо­нако» командалары ішкі бірін­шілікте ПСЖ-мен иық тірестіріп келеді. Маусым соңына таман шар­шап қалмаса, олардың Почеттиноның командасынан чемпиондықты жұлып алуға шамасы толықтай жетеді. Бір қызығы, франциялық клуб басшылары да жергілікті мамандарды таңдайды. Мұндағы 20 команданың 15-ін фрациялық бапкерлер жаттықтырады. Тек ПСЖ-ны аргентиналық, «Мо­наконы» хорватиялық, «Марсельді» марокколық, «Монпельені» ар­мения­лық, «Ниццаны» румыния­лық жаттықтырушы баптайды.

Қазақстандық бапкерлердің деңгейі қандай?

Қазақстан Премьер-лигасында керісінше жергілікті бапкерлерге сенім артатын клуб басшылары аз. Көбіне шетелден келген жаттық­тырушылар жұмыс істейді. Біздегі бапкерлердің деңгейі туралы спорт журналисі Есей Жеңісұлы айтып берді.

– Қазір қазақстандық бапкер­лер жаппай Еуропаға кетеді, әлемнің қай нүктесіне болса да барып, біліктілігін таныта алады деуге сену қиын. Өйткені біз футбол өлшемімен алғанда әлі жас мемлекетпіз. Дегенмен біздің бапкерлердің өзге біріншіліктерде қол жеткізген табысы жоқ емес. Мысалы, 2004 жылы Ваит Талғаев «Терек» (қазіргі «Ахмат») коман­дасымен ФНЛ чемпионы атанды. Бұл – үлкен жетістік әрі Ресейдің көптеген мықты бапкерінің қолы жете алмай жүрген меже. Дмитрий Огай өзі баптаған «Нефтехимик» командасымен тәп-тәуір өнер көрсетті. Чебурин де «Судува» командасымен үш дүркін Литва чемпионы атанды. Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде плей-офф кезеңіне дейін жетті. Владимир Фомичев Өзбекстанда табысты еңбек етті. Жалпы, отандық бапкерлер туралы айтқанда осындай қадау-қадау мамандар еске түседі. Келешекте де отандық жаттық­тырушылар шетел біріншіліктеріне барып, біліктілігін дәлелдейді, – дейді спорт журналисі.

Ол сондай-ақ бұл тенденцияның бізде ғана емес, ТМД-да да бар екенін, Ресейдің өзінде де мықты бапкерлер еуропалық клубтарды жаттықтырып жүрмегенін, Украи­на­ның да бапкерлері үздік чемпионаттарға бара алмағанын, кө­біне өздерінің қазанында қайнай­тынын айтты. Спорт маманы сөзінің соңын «білікті мамандар жоқ емес, бірақ олардың Еуропаға барып көпті таңғалдыруы екіталай. Өйткені Еуропаның өз мектебі де мықты әрі олар ТМД-дағы бапкер­лерге зәру емес» деп түйіндеді.

Қалай дегенмен ішкі біріншілікте жүріп-ақ тарихта атын қал­дырған мықты мамандарымыз барына шүкір етеміз. Қазақстандық бапкер Виктор Кумыковтың есімі қазақ футболы тарихында ерекше аталады. Білікті маман қараған­ды­лық «Шахтермен» Еуропа лигасының топтық кезеңіне жолдама алды. Бұған дейін ел футболында мұндай жетістікке ешбір бапкер жетпеген болатын. Одан кейін Григорий Бабаян да "Астанамен" еуромаусымда сәтті өнер көрсетті. Мұның өзі біздің бапкерлердің ақырын­дап болса да үлкен жетістік­терге жетіп жүргенін айғақтай түседі. Жалпы, кейінгі кездері елімізде жас мамандарға аз да болса сенім артылуда. Мысалы, өткен жылы Горовенко «Шахтермен» Конференция лигасының жолдамасын жеңіп алды. Андрей Карпович «Қайрат» командасын жаттықтырған тұста жастармен Қазақстан кубогін жеңіп алды. Биылдан бастап Әли Әлиев «Шахтер», Андрей Кропович «Қызылжар» командасын жаттық­тырмақ. Демек, 40-тың айналасын­дағы мамандардың дәуірі келе жатыр. Алдағы күндері өз маман­дарымызға сенім артса, олардың да көп өтпей шетел бірін­ші­ліктеріне ба­рып бақтарын сынар күн жақын.

Абылайхан Жұмаш 

Мақала Aikyn.kz сайтынан алынды

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×