«Барселона» мен «Реал» ұпай жоғалтар емес

09.04.2015, 16:07
«Барселона» мен «Реал» ұпай жоғалтар емес
Испания чемпионатының көшбасшылары «Барселона» мен «Реал Мадрид» 30-турда қанжығаларын үш ұпаймен майлады. Каталониялық ұжым өз алаңында «Альмерияны» қабылдап, қарсыласын тас-талқан етті. Кездесудің есебін 33-минутта Лионель Месси ашты. Үзіліске дейін есеп өзгерген жоқ, ал екінші таймда «Барселона» жауапсыз үш гол тоғытты. 55-ші минутта Дани Алвестен пас алған Луис Суарес есепті еселеді. 75-минутта бұрыштан әуелеген допқа бірінші секірген Марк Барта есепті 3:0-ге жеткізді. Ал төреші қосқан қосымша уақытта Суарес ашық қақпаға гол соғып, ойынның нүктесін қойды. Қорытынды есеп – 4:0. Бұл жеңістен кейін 74 ұпаймен «Барселона» бірінші орнын нығайта түсті. Ал «Райо Вальеканоға» қонақтап барған мадридтік «Реалға» біраз қиналуға тура келді. Мадридтіктер бірінші тайм бойы алаң иелеріне қарсы түк бітіре алмады. Тек 68-ші минутта ғана Криштиану Роналду баспен гол соғып, «корольдік клубтың» жағдайын жөндеп берді. Көп ұзамай Хамес Родригес қонақтардың басымдығын нығайтты. Бұл ойыннан кейін 70 ұпай еншілеген «Реал» екінші орында келе жатыр.  
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×